Қуанышымызға орай, жастар арасында спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстанатындар саны біртіндеп артып келеді. Өрендеріміз физикалық және психикалық саулықтың кепілі спортпен жүйелі шұғылдану керек деген идеяны түсінгені, мұның қазіргі тілмен айтсақ трендте екенін аңғара аламыз. Және жастарымыз спортта жеңімпаз. Мерейлері үстем.
Жақында Қазан қаласында белбеу күресінен әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі күрес бәсекесінде ел намысын қорғаған Түркістан облысының мақтаныштары үздіктер қатарынан көрінді.
Атап айтар болсақ, Тұрмаханбет Қалмұхан 57 келіде күш сынап, боз кілем төрінде атой салды. Барлық қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, әлемнің үш дүркін жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, байрақты бәсекеде 90 келіде белдескен Ернар Байжігіт пен әйелдер арасында 58 келіде өнер көрсеткен түркістандық Гүлзира Құдасбек қос қоланы облыс қоржынына салды.
Айта кетейік, түркістандық дарынды саңлақтарды әлемдік додада үздіктер қатарынан көрінуі үшін тәжірибелі жаттықтырушы Қуат Байхожаев қажырлы еңбек сіңірді.
Ал, әлемдік додада Қазақ елінің намысын қорғаған бір топ спортшыларды Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қабылдап, жарқын жеңістерімен құттықтады.
— Сіздер спорт бәсекелерінде жеңімпаз жүлдегер атанып, ел мерейін өсірдіңіздер. Біздің ауданның ғана емес, еліміздің мақтанышысыздар! Әлемдік додада намысты қолдан бермей, ауданымыздың мерейін үстем еткендеріңізге алғысымды білдіремін. Алдағы үлкен жарыстарда да ел намысын олимпиада ойындарында қорғайды деп сенемін. Біз сіздерді қолдауға әрдайым дайынбыз, — деп аудан әкімі спортшылармен жаттықтырушыларына алғысын білдірді.
Қабылдау барысында әлемдік додада еліміздің көк байрағын желбіреткен спортшыларымыз бокстан Еуропа, Черногория мемлекетінің Будва қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Ақжар ауылының тумасы Аружан Жаңабаева, Қызылжар ауылынан Отынбай Бағжан, Дархан ауылынан Нәлібай Шұғыла, сондай-ақ джиу-джитсудан күміс жүлдегер атанған Құркелес ауылынан Мақұл Серік және МММ Номад жекпе-жегінің күміс жүлдегері Абилов Айғасыр аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталып, қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, жеңімпаз спортшыларымыз аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлының алғыс хаттарымен марапатталды.
Жиын соңында аудан әкімі боксшылармызды арнайы құттықтауға келген бокстан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Еуропа, Азия чемпионы, Сарыағаш ауданның құрметті азаматы Нұржан Смановқа алғыс білдіріп, бағалы сыйлық табысталды.
Қараша айының 02-10 күндері Ташкент қаласында Таэквондо ITF спортынан Әлем кубогы өтті. Аталған жарысқа Шардара жерлестеріміз 4 алтын, 2 күміс жеңіп алды.
Ал, Сауран ауданында әуесқойлар арасында кіші футбол лигасының 2024-2025 жылдардағы күз-қыс маусымының ашылу салтанаты өтті. Жарысқа 12 ауылдық округтен жасақталған 18 командадан 200-ге жуық спортшы қатысуда. Бұл спорт додасы аудан көлемінде футболды дамытуға сеп болмақ. Осынау игі спорттық шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысты.
— Бүгін ауданымызда ерекше маңызды күн орын алып отыр. Жастарды барынша спортқа баулу бағытында олардың арасынан таланттарды табу үшін спорттық шаралар көптеп өтуі тиіс. Чемпионатты өткізудің негізгі мақсаты кіші футболды дамыту және насихаттау, әуесқойлар арасында үздіктерін анықтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады, — деген аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Шараға арнайы келген қонақтар сөз сөйлеп, чемпионаттың басталуымен құттықтап, талантты футболшылар ауылдан шығатынын айтты. Сондай-ақ, жарыста кіл мықтылардың жеңіске жетуіне тілекші екенін білдірді.
Аудан көлеміндегі ұйымдастырылған кіші футбол чемпионаты алдағы 3 ай көлемінде командалар өзара бақ сынып, жеңімпазды анықтайтын болады. Жеңіске жеткен үздік аяқ доп шеберлерінен құралған команда республикалық әуесқойлар чемпионатында ауданның намысын қорғайтын болмақ.
Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында өткен қазақ күресінен ересектер (ерлер мен әйелдер) арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Чемпионаттың ашылуында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазақ күресінің қарқынды дамуын атап өтіп, ұлттық спортты халықаралық деңгейге көтерудің маңыздылығын атап айтты.
Үш күнге созылған тартысты байрақты бәсекеге 16 салмақ дәрежесі бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 450-ден астам балуан сайысып, кілемде кіл мықтыны анықтады.
Аталған чемпионатта Түркістан облысының құрамында өнер көрсеткен кентаулық қайсар спортшы қыз Қыдырәлі Ақбота -70 келі салмақ дәрежесінде алғашқы рет ересектер арасында қазақ күресінен ҚР чемпионы атанып, алдағы уақытта өтетін Азия чемпионатына қатысатын ҚР құрама командасына енді.
Жеңіс еңбексіз келмейді. Спортшыларды күні-түні жалықпай үздіксіз жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарауы мен жаттықтырушылардың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында.