ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордада өткен коронавирус індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі жиында «СҚ-Фармацияның» жұмысын сынға алды.
«Жекелеген өңірлерде сатып алынатын жеке қорғану құралдарының тапшылығы немесе сапасының төмендігі байқалуда. Біз «СҚ-Фармация басшылығын ауыстырдық. Дәл қазір жаңа басшылықтың басқару мүмкіндіктерін көрсететін сәт келді. Олай болмаған жағдайда — жұмыстан босатылады», — деп Президент қатаң ескертті.
Еске салсақ, аталмыш жиында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды екпе мәселесіне қатысты қауесеттерден аулақ болуға шақырды.
«Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты. Биыл – қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп санаймын», — деді Мемлекет басшысы.