Басқа-басқа Түркістан облысының жастары ат спорты ойындарына келгенде алдарына жан салмайды. Жақында ғана өткен Көшпенділер ойындарында да түркістандық спортшылар ат құлағында ойнап, қарсылас шақ келтірмегені белгілі.
Міне, жақында Шымкент қаласында аударыспақтан Қазақстан Республикасының ХХІІІ чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне әрбір өңірдің спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Түркістан облысының құрамасы ел чемпионатында жалпыкомандалық есепте 1 орынды иеленді. Облыс балуандары 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль олжалады. Өңір намысын жоғары дәрежеде қорғап, жүлде салған спортшылар қатарында 74 келіде Алмат Ләтіпбек, 87 келіде Ғабит Ағабек, 94 келіде Есімхан Рахматіллә, 100 келіде Сырым Ізбасаров, +100 келідегі құрыш білекті балуан Біржан Қосалиевтер барлық қарсыластарын ат үстінен аударып, бес бірдей алтынды облыс қоржынына салды. Ал 62 келіде күш сынаған Ермек Құралбай күміске қол созса, 80 келідегі Дарын Өткелбай мен 100 келіде бақ сынаған Түймебек Жұмалиев қос қоланы еншіледі.
Ал, Астана қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатқан ересектер арасындағы әлем чемпионатының шешуші күнінде алғаш рет енгізілген жауынгерлік самбодан әйелдер бәсекесінде түркістандық Нұрила Асанқызы топ жарды. 80 келіден жоғары салмақта күш сынаған спортшы түркіменстандық Сабина Агажановамен финалда кездесіп, 7:4 есебімен басым түсті.
Айта кетейік Нұрила Асанқызы чемпионат барысында мұрнын сындырып алған. Алайда, түркістандық спортшы жарақатына қарамастан ақтық мәреге дейін жетіп, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ 80 келіде бақ сынаған Ұлбосын Абилова қола жүлдені қанағат етті. Ғаламат нәтиже көрсеткен жерлестерімізді Түркістан теміржол вокзалынан спорт саласының мамандары және туған-туыстары үлкен құрметпен қарсы алды.
Жүлде салған спортшылар – Түркістан облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиадалық спорт мектебінің шәкірттері.
Сондай-ақ, Алматы қаласында суда жүзуден өткен Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында су айдынындағы елішілік додада кіл мықтылар өнер көрсетті. Айтулы жарыста Түркістан облысының спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп рекорд жаңартты.
2014 жылы қойылған рекордты 10 секундқа жаңартқан Ботагөз Оспанова 4×200 метр эстафета еркін жүзуде алтын медаль алды. Ал, 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцеваға тең келер қарсылас болмады. Айта кетейік, ел чемпионатына 21 командада 233 спортшы қатысты.
Ал, Сарыағаш ауданында Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толуына орай жыл сайын өтетін дәстүрлі облыстық Спартакиаданың ережесіне сәйкес спорттың үстел теннисі түрінен облыстық жарыс өтті. Жарыстың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев арнайы қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен үстел теннисі шеберлері ойындарының қорытындысы бойынша І орынды Түркістан қаласының командасы, ІІ орынды алаң иелері Сарыағаш командасы алса, үздік үштікті Жетісай ауданы командасы түйіндеді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға тиісті дәрежедегі медаль, грамота, кубоктар табысталды.
Тағы бір айтары, Жамбыл облысы, Меркі ауданында жамбы атудан жастар мен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ат үстіндегі садақ ату өнерін жан-жақты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайыста нағыз шеберлер жеңіс тұғырынан көрінді.
Түркістан облысы ұлттық спорт түрлері мектебінің спортшылары бұл додада 2 алтын, 5 күміс және 3 қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ командалық жарыста «Массай» стилінен 1-орынды иеленді.
Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласында өткен «Istanbul autumn festival» атты халықаралық конкурста қазығұрттық өнерпаздар жастар жеңіс тұғырынан көрінді. Байқауға Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Армения, Қырғызстан секілді мемлекеттерден би, вокал және түрлі аспаптарда ойнау бойынша өнерпаздар бақ сынады. Оның ішінде Қазақстаннан Ақтау, Атырау, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды, Түркістан облысы өңірлерінен келген.
Байқауға Түркістан облысының атынан қатысқан қазығұрттық «Балауса» би тобы жүлделі 1-орынды иеленді. Сонымен қатар, эстрадалық вокал бағыты бойынша қазығұрттық әншілер Жәңгірхан Есімхан бас жүлдеге ие болса, Медина Мұрсейіт 1-орынды жеңіп алды. Жалпы шара Түркі елі мен Әлем халықтарының өнерін және мәдениетін балалардың бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған.
Биылғы жылдың 10-13 қараша аралығында Татарстан елінің астанасы Қазан қаласында өтіп жатқан белбеу күресінен әлем чемпионатында 57 салмақ дәрежесінде Отырар ауданының спортшысы Тұрмаханбет Қалмұхан алтын медаль иеленіп, әлем чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы атанды.