Сот Қайрат Боранбаевты 2 ай мерзімге күзетпен ұстауға санкция берді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.
Қаржылық мониторинг агенттігі квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікке ілінген Қ.С. Боранбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. 17 наурызда сот оның екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу әлі жүріп жатыр.
«Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша, тергеу мүдесіне орай басқа ақпараттарды жариялауға болмайды», — деп жазылған агенттіктің мәліметінде.
Forbes.kz жазуынша, Қайрат Боранбаев Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына кіреді. 2021 жылдың қарашасындағы рейтинг бойынша ол бұл тізімде 14-орында тұр. Бизнес басылымы Қайрат Боранбаевты девелопер, құрылыс саласының кәсіпкері, активтерді басқару компаниясына иелік етуші деп сипаттайды.