Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аудан тұрғындарымен кездесіп, аймақты сумен қамту бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып берді.
Ең алдымен, Тасөткел су қоймасы жөнделіп, сыйымдылығы 450 млн текше метрден 620 млн-ға дейін ұлғайтылды. Бұл Созақ ауданына қосымша 200 млн текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.
Шілде айында Фурманов каналын тазарту және жөндеу жұмыстары басталады. Министрлік Шу өзенінің суын реттеп, Созаққа бағыттау үшін Радай өзегінде арнайы қондырғы орнатуды жоспарлап отыр.
«Біздің министрлік Созақ ауданына тұрақты түрде су жіберуге ниетті. Ол үшін бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл Шу өзенінің суын сауатты бөлу мен реттеудің нәтижесінде Созақ ауданына су әдеттегіден 1 айға ерте келді. Қазірдің өзінде өткен жылдан 300 млн текше метрге артық су жібердік. Біз бұнымен тоқтамаймыз. Мамыр айына дейін секундына 85 текше метрден су жіберуді жоспарлап отырмыз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Фото: Orda.kz