Шымкент қаласында 9 наурызда жауған жаңбырдың мөлшері бір айлық нормадан асып, 28 мм-ді құраған. Негізгі айлық көрсеткіш 26 мм, деп хабарлайды әкімдік сайты.
Ведомствоның мәліметінше, мөлшерден тыс жауған жауын салдарынан қаладағы бірқатар көшені су басқан. Дер кезінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңбыр суын сору жұмыстары 44 мекенжайда жүргізіліп, қауіптің беті қайтқан.
Ауа райына байланысты туындаған қолайсыздықтарды жою үшін әкімдік, төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметтердің мамандары енген жедел штаб құрылған. Сонымен бірге, әр ауданнан арнайы кезекші бригадалар ұйымдастырылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов түнде жұмысшы топпен қаланы аралап, тиісті тапсырмалар берген. Нәтижесінде 7 мың текше метрге жуық жауын суы сорылған.
Бұл жұмыстарға 68 техника мен 35 дана мотопомпа, төтенше жағдайдың 200-ден астам қызметкері мен әкімдік, коммуналдық мекеме қызметкерлері жұмылдырылған. «Қазгидромет» мамандарының болжамынша, алдағы бір аптада Шымкентте жауын-шашын жалғасады деп күтілуде.
Осыған орай, қалада су басу қаупіне қарсы арнайы топ құрылған.