Instagram желісінде танымал Protenge жобасы Шығыс Қазақстан облысындағы жергілікті әншілер тобын Ұлыбританияға жіберу үшін облыстық бюджеттен 19,7 миллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. Бұл ақпар қарапайым салық төлеушілердің ашуын туғызған болатын. Қоғамды дүр сілкіндірген мәліметке қатысты кейін ШҚО-дағы Мәдениет басқармасы жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Қазақстандық топ Ұлыбританияда өнер көрсету үшін ШҚО-да 19,7 миллион теңге жұмсамақ. Таныс болыңыздар, бұлар Made in KZ тобы. Олар осы айда гастрольдік сапармен Кембриджге барады. Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония гастрольдік сапарды ұйымдастыратын компаниямен келісім шарт жасасты. 27 қыркүйек күні олар Кембридж мұражайында өтетін «Ұлы дала алтыны» көрмесінде өнер көрсетеді. Сол үшін облыстық бюджеттен 19,7 миллион теңге бөлінген. Смета бойынша, ШҚО тұрғындағы аталған әртістердің визасы үшін 2,4 миллион жұмсайды. Топтық ұшып барып, келуіне облыстан 1,8 миллион теңге төленбек.
Әртістер сегіз күн бойы қонақүйде жатқаны үшін 2,6 миллион төленсе, әрқайсының ПТР анықтамасы үшін 435 мың теңгеден кетеді. Сонадай-ақ, бір миллион гонорарлары бар. Әрине, біз қазақстандық әртістердің шетелде өнер көрсетуіне еш қарсы емеспіз. Бірақ отандық мәдениетті таныту үшін облыстық бюджеттен 20 миллион жұмсау қаншалықты қисынды?!», делінген жазбада.
Бұл жазба әлеуметтік желіде үлкен дау тудырғандықтан, Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы осыған қатысты өз жауабын айтты. «Made in KZ тобы «Ұлы дала алтыны» халықаралық конференциясының аясында өнер көрсетеді. Демек, жай ғана біздің облыстың емес, бүкіл Қазақстанның атынан бара жатыр. Сондықтан, барлығы бірінші кезекте еліміздің имиджін ойлау керек. Еуропа жұртшылығы бізді қатты танымайды, бұл отандық археологтардың жұмысымен, ұлттық музыкамен жүзбе-жүз алғаш танысуы болмақ.
Мұндай деңгейдегі іс-шараға басқалар тұтастай симфониялық оркестрін алып барады, ал біз үш адаммен шектеліп отырмыз. 19,7 миллион теңгенің ішіне барлық ұйымдастыру жұмыстары, ПЦР сынамалары, музыкалық аспаптар, киімдері, ұшып баруы, келуі кіреді. Бұл іс-шара ТМД елдерінде өтіп жатқан жоқ. Әлемдегі ең беделді мемлекеттердің бірінде болады. Егер Ұлыбритания валютасына ауыстыратын болсақ, бәрі өз орнына түседі», — делінген altaynews.kz сайтына берген ШҚО Мәдениет бөлімінің жауабында.