Шу ауданында баламалы энергия көздерін пайдалануда бір ғана күн электр стансасы жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұдан бөлек, 2013 ж. аудан аумағында «Компания АТ-Энерго А» ЖШС ұйытқы болуымен Тасөткел су қоймасы маңынан салынған станса судан энергия өндіруде. Бұл станса былтыр су электр стансасының екінші кезеңін аяқтап, үшінші жобаны жүзеге асыруда.
Ендігі кезекте аудан орталығынан шалғай орналасқан Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мегаватт энергия өндіретін жел электр стансасының құрылысы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының екінші этапының жүргізілуі күтілуде.
Жобаның жетекшісі «WINDHAN» ЖШС. Жобаның құны 71 миллиард 500 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 га жер телімін бөліп берген.
Жоба «Еуропалық қайта құру және дамыту» банкінің «Жасыл экономикаға көшу» аясында қаржыландырылуда. Мамандардың есептеуі бойынша, көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларымен салыстырғанда, сондай қуаттылықпен жел электр стансалары жылына 109500 т көмір, 1031 т күкірт диоксиді және 934 т азот оксидін үнемдеп, көмір қышқыл газының шығарындыларын 289 мың т, түтін мен шаңды 322 т-ға азайтады екен. Сондай-ақ күл-қоқыс көлемін 32900 т-ға төмендетеді. Қазіргі таңда адамзат өзіне қажетті электр қуатының 6-7%-ын желден алуда. Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметі бойынша, 2030 жылға таман жаһандық энергетикалық өндірісте жел энергиясының үлесі 20-ға жетпек.
Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған климаттық жағдайымыз да қолайлы. Өндірістік қуаты жағынан еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастырып, инвесторлар тарту қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Президентіміздің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын еске салғым келеді, — деді аудан әкімі Сәкен Арубаев.
Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады.
Фото: Егемен Қазақстан