Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Зейнетке шықса да Жұмекең бүгінде ауылшаруашылығы саласынан қол үзбей, жастарға жол көрсетіп, ақыл—кеңесін айтудан жалыққан емес. Нағыз еңбек адамы. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Тәуелсіз еліміздің тұғырының берік болуына өз үлесін адал еңбегімен қосқан жан.
— Жылқы бағуды ә дегеннен қолға алғанымыз жоқ, — дейді бізбен әңгімесінде Жұмасейіт Асаналыұлы. — Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын бауырларыммен бірге өз алдымызға жеке шаруа қожалығын құрдық. Алдымен қой бақтық. Әлі есімде… Бір аста осы өңірге белгілі азамат Нәби Момынов маған бір байтал жетектетіп жіберді. Сенесіз бе, сол байталдан аз жылда 40-қа жуық қылқұйрықты тарады. Міне, жылқы малы өз төлінен тез көбейетінінің дәлелі міне, осы. Қайбір жылдары ауылшаруашылығы саласы басымен қайғы болып, бір қой бір қап ұнға айырбасталып жатқан заманда кәсібімізді жаңартып, жылқы бағуды қолға алдық. Және жоқтан барды құрамай, бұл мәселеге жаңаша көзқараспен қарап, Солтүстік облыстардан, Ресей, Қырғызстаннан асылтұқымды жылқылар алып келдік. Сіз білесіз бе? Біздің елде ауылшаруашылығымен айналысқандарға қолдау өте зор, көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Асылтұқымды мал сатып алсаң, субсидия береді, дәрі-дәрмегін береді, тіпті жем-шөбіне дейін жеңілдіктер қарастырылған. Қымыз өндірсең, оған да көмек қаржы береді. Тек ерінбей еңбек ету керек. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында аздаған жылдар ішінде шаруамыз дөңгелеп, мал басы күрт өсе түсті. Нәтижесінде қой және жылқы бағумен айналысатын 3 шаруа қожалығын құрдық. Әрине, айтуға оңай. Әйтпесе осы жылдар ащы терге, тынымсыз еңбекке толы болды. Кей жылдары еттің бағасы тым арзандап кетіп, шығынға батып қалған кездеріміз де болды. Негізі бүгінде ет өндірушіден арадағы алыпсатарлар бай тұрады. Бағаны да көтеретіндер осылар.
Қазір шаруашылығымызда мыңға жуық жылқы жайылып жүр. Біздің шаруашылық қоныс тепкен Қыршынды жазығы малға өте ыңғайлы мекен. Қыстың күндері жылқы ну қамыстың ішінде жайылады. Әрине, бұл дүниенің бәрі Алланың жазуымен ерен еңбектің арқасында құралғаны белгілі. Бірақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы салаға деген қамқорлықты ары қарай жалғастырып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді.
Біздің елде қазір қайда қарасаң да, қайда барсаң да қолындағы малын бағатын адам таппай зар илеп жүрген шаруа қожалықтарының иелерін көресің. Айдап салдың малы өспейді. Егер оған қарамасаң, бір күнде айырылып қалу ғажап емес. Қазіргі жастардың мал баққысы келмейді. Мұны да түсінуге болады. Бұрынғы игі дәстүр үзіліп қалды. Малшыға деген қамқорлық кеңес үкіметімен бірге кетті. Шаруа қожалықтарының иелері малшыларға ауыр да азапты жұмысы үшін арзымайтын тиын-тебен төлейді. Олардың не үйі, не күйі жоқ. Мемлекеттік марапат деген мүлде ұмыт қалды. Әлбетте, марапат оларды ынталандыру үшін керек. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, енді біраз жылдардан кейін малшы таппай масқара болып қалуымыз ғажап емес.
Әрине, далада да, қалада да төрт түлікті баққысы келетін жөні-түзу азаматтар жоқ емес. Олар шалғайдағы жайылымдарға барып осы кәсіппен айналысайын десе, балаларын ойлайды. Бұрын малшылардың балалары арнайы мектеп-интернатта оқитын. Олардың ата-аналары алаңсыз күй кешетін. Қазір ол да жоқ. Сондықтан да көп адам мал бағуға ыңғай таныта бермейді. Демек, жайылымға жақын жерлердегі елді мекендерден малшылардың балаларына интернат ашу керек.
Мен өз көшімді өз күшіммен, адал еңбегіммен сүйреуге бел будым. Біздің мемлекетте шын ниеттеніп әрекет етсең, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Биыл еліміздің шаруаларын қуаңшылық қатты састырды. Дегенменде шаруа адам ешқашан босаңсымауы керек. Мал азығының қымбаттауына бір жағы бейғам отырған шаруалардың өздері де кінәлі. Сұраныс болғаннан кейін баға қымбаттайды. Нағыз шаруа адам қуаңшылық жылдары да малын аман алып шығады. Оған қазір мүмкіндік мол. Ол үшін бәрін дұрыс жоспарлау керек. Шөп мол болған жылдары да арқаны кеңге салмау керек. Былайша айтқанда, нағыз шаруа адам бір жылмен ғана өмір сүрмеуі тиіс. Шаруалар құқықтарымен бірге міндеттерін де ұмытпауы қажет. Бізде тек қарақан басы үшін ғана жұмыс істейтін емес, өндіруші, өнім шығарушы шаруалар көбеюі керек.
Иә, шынында жұмыс істеймін деген адамға кәсіптің көзін табу қиын емес. Тек ынта мен талап болса болғаны. Жұмасейіт Нұрбаев сол талап пен ынтаның үдесінен шыға білген азамат.
Фото: Agrocredit.kz