Отандық сарапшы көктемге қарай елімізде бір бөлке нанның бағасы 170-200 теңгеге дейін қымбаттайтынын болжады деп хабарлайды 31 арна.
Сарапшылардың айтуынша, бидай түсімінің тым төмен болуы нан бағасының өсуіне әкеліп соғуы мүмкін. Себебі құрғақшылыққа байланысты биылғы астық көлемі былтырғыдан 20 пайызға аз болуы ықтимал.
Мамандардың пікірінше, 2021 жылдың жазындағы аптап астық та бидай түсіміне әсер етпей қоймады.
Одан бөлек, «Қазгидрометтің» мәліметінше, бидай егетін негізгі өңірлер болып табылатын Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында биыл жылдық орташа жауын-шашынның жартысынан сәл астамы ғана жауған.
Егіннің аз жиналуы мен әлем бойынша азық-түлік бағасының қымбаттауы да астық бағасының өсуіне әкеледі дейді мамандар. Сәйкесінше, ұн мен нан бағасы да шарықтауы мүмкін.
Еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік одағының президенті Алмаз Зарипов нан бағасы қашан және қаншаға өсетінін болжап көрді. Оның пікірінше, нан бағасы көктемде шарықтайды. «Қазір 2-3 келісі 550-650 теңге тұратын ұн 900 теңгеге дейін қымбаттайды. Сәйкесінше, «кірпіш» нанның бір бөлкесі 170-тен 200 теңгеге дейін барады», — дейді Зарипов.
Мамандар ішкі баға экспортпен де тығыз байланысты екенін атап өтті. Егер отандық астық пен ұнға шетелде сұраныс жоғары болса, тиісінше, баға ел ішінде де өседі. Бұл нарықта Ауғанстан маңызды ойыншы болып табылады. Телеарна мәліметінше, біздің астық пен ұнның барлық әлеуетінің 30 пайызы сол жаққа кетеді. Ауғанстан — еліміздегі астық пен ұн өнімдерінің негізгі сыртқы тұтынушысы.
Десе де, геосаяси тұрақсыздыққа байланысты әрі қарайғы ынтымақтастыққа қауіп төніп тұр. Ауғандықтардың астық пен ұнға сұранысы азайған жоқ, бірақ олардың төлем қабілеттілігіне қатысты қиындықтар туындауда екен.
«Біздің серіктестер төлем жасауда қиындықтар бар екенін хабарлады, себебі Ауғанстан банктері SWIFT жүйесінен уақытша ажыратылған. Тиісінше, олар халықаралық төлемдерді жүргізе алмайды. Әрине, қазіргі тұрақсыздық жағдайында біздің экспорттаушылар астықты да, ұнды да төлем жасалынбайынша, ешқайда жібермейді», — дейді Қазақстанның астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.
Сарапшылардың айтуынша, астықты Ауғанстанға жөнелту-жөнелтпеу мәселесі бір ай ішінде шешілуі керек.