Сондай-ақ, аудан бойынша салықтық түсімдердің орындалу деңгейі, жергілікті бюджетке түсетін кірістердің жағдайы және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында орындалу көрсеткіші төмен ауылдық округтерге ерекше назар аударылып, қала мен ауылдық округ әкімдеріне салық түсімдерін арттыру мақсатында нақты шаралар қабылдап, алдағы уақытта жұмысты күшейту қажеттігі ескертілді.
Осы орайда Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев бюджеттен қаржы бөлініп, аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан «Тама» жерасты су қоры учаскесіндегі «Шардара топтық су құбыры» жобасы аясында қазылып жатқан ұңғымалардың құрылыс барысын бақылады.
Жобада 8 ұңғыма қазу қарастырылған. Бүгінгі таңда 2 ұңғыманы қазу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысып, жауапты мамандар мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Жобаны сәтті іске асырып, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту басты міндет.
Сондай-ақ аудан әкімі Арман Қарсыбаев Қызылқұм ауылдық округінде күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Аудан әкімдігінің қолдауымен толықтай жаңғыртылған мәдениет ошағы заман талабына сай жабдықталып, тұрғындардың игілігіне қайта пайдалануға берілді.
Сапар барысында аудан басшысы мен сала мамандары мәдениет үйінің мәжіліс залы, музыка сыныбы, кітапхана, әжелер алқасының бөлмесі, жылыту жүйесі және спорт залын аралап көрді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандыруға үлкен үлес қосады деп күтілуде.
Мәдениет үйінің құрылысын сапалы әрі жауапкершілікпен атқарғаны үшін мердігер Бақтыбек Төребекұлы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Қарсыбаев Ұзын ата ауылдық округіне арнайы барып, ауыл ішіндегі ауыз су торабын қайта құрылымдау жұмыстарының барысымен және жаңадан салынып жатқан ауыл әкімдігі ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысандарды аралау барысында аудан басшысы жауапты сала мамандарына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Тағы ібр жағымды жаңалық, Шардара қаласы, Өтеғұл елдімекенінде заман талабына сай жабдықталған, 300 орындық жаңа білім ошағы салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, сондай-ақ ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Қарсыбаев жиналған қауымды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, бұл нысан ел болашағы – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
Сондай-ақ аудан басшысы мектептің құрылыс жұмыстарына белсене атсалысқан бірқатар құрылысшыларды алғыс хатпен марапаттады.
Қонақтар жаңа мектеп ғимаратын аралап, заманауи оқу кабинеттерімен, музыка және информатика сыныптарымен, зертхана және спортзалмен танысты.
Сондай-ақ Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев Өтеғұл шағын ауданында орналасқан, сыйымдылығы 2200 тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен танысып, «Батырхан» жеке кәсіпорнының басшысы Ержан Төлбасыұлына кәсібінің одан әрі дамуына мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіле беретінін атап өтті.
Сонымен қатар аудан басшысы 2 гектар аумақта орналасқан шағын өндірістік аймақтың құрылыс жұмыстарын аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бұл өндірістік аймақ алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін бермек.
Бұдан бөлек, аудан әкімі «Шардара ауданының шаруашылық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тиесілі 1,5 гектар аумақта салынып жатқан жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда бұл нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу, сырлау, ақтау және көгалдандыру (газон егу) сияқты соңғы жұмыстар жүргізілуде.
Фото: Егемен Қазақстан