Алдымен аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастарға жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын көрсету үшін бейнероликтер түсіріліп, арнайы экскурсиялардың ұйымдастырылғанын, жұмысшы және техникалық мамандық иелерін жұмыспен қамту шараларына, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджеттің кіріс бөлігінің жоспарға сәйкес өндірілуі және қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша нақты атқарылып жатқан шаралар бойынша баяндама жасап, орын алған кемшіліктер мен кедергілерді айтып өтсе, аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязов аудан әкімі тарапынан берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуына кеңінен тоқталды.
Күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша жасалған баяндамаларды жіті тыңдаған аудан басшысы берілген хаттамалық тапсырмаларға немқұрайлы қарап, бекітілген мерзімде орындамаған барлық деңгейдегі басшылардың жауапкершіліктері қаралатынын, тиісті шаралар көрілетінін ескертті. Тапсырмалар бойынша бақылау жұмыстары аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязовқа жүктелді.
Ал, қосымша кіріс көздерін қалай көбейтуге болады? Ол үшін кәсіпкерлікке кең өріс жасау қажет. Бүгінде жасанды тоғандар мен су нысандарында балық өсіру бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастаса, соңғы жылдары Жетісай ауданында тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылық білдірушілердің саны артып келеді. Соның бірі – Атамекен ауылдық округінің тұрғыны Айман Базарова.
Жеке кәсіпкер ағымдағы жылдың мамыр айында жеке қаржысы есебінен балықтың дөңмаңдай (толстолоб) мен амур, сазан сынды түрлерінің 30 мың дана шабағын Шардара ауданынан алып келген. Бүгінде аумағы 3 гектар, тереңдігі 2 метрді құрайтын тоғандарда өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 6 айда 1 келіге жеткен. Қарашада саудаға шығарылуы жоспарланған балықтарғп қазірдің өзінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан сұраныстар түсіп отыр.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жеке кәсіпкердің балық шаруашылығымен танысып, қолға алған кәсібін жан-жақты дамытуға мүмкіндігі бар екенін айтты.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан қолдаулардың тиімділігі мен артықшылықтары жайындағы сұрақтарына толық жауап алған кәсіпкер алдағы уақытта балық асырау бассейндерінің аумағын ұлғайтып, мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға ниетті екенін жеткізді.
«Бүгінде балық шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен, балыққа берілетін жемдер мемлекет есебінен субсидияланса, тауарлы балық өсіруші шаруашылықтарға арналған техника мен жабдық сатып алуға да қомақты қолдаулар көрсетіледі» деді аудан басшысы.
Жетісай ауданында балық өсіруді кәсіп еткендердің саны 10-ға жеткен.
Сондай-ақ, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс сапасын тексерді.
Алдымен, аудан басшысы Атамекен ауылдық округіне қарасты Мақташы және Талапты елді мекендерінде жаңадан бой көтерген денсаулық сақтау нысандарында болып, құрылыс сапасына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Сонан соң Мақталы ауылдық округінің Алмалы елді мекеніндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген «Достық» жалпы орта мектебінде болып, орта жөндеуден өткен көшелерді аралап көрді. Құрылысы аяқталған фельдшерлік-акушерлік пунктте болып, мердігер мекеме өкілдерімен жүздесті. Құрылыстың сапасын тексеріп, орын алған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
Сондай-ақ, Мақталы ауылдық округіне қарасты Тың елді мекенінде салынған спорт алаңшасы мен газ құрылысы жұмыстары да аудан басшысының назарынан тыс қалмады.
«Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы үнемі бақылауда болуы тиіс. Әрбір нысанды бақылауға жергілікті әкімдік мамандарымен қатар ауыл билерін, қоғам белсенділерін жұмылдырыңыздар. Сонда ғана нысандарыңыз сапалы, қауіпсіз болады. Қауіпсіздік – бірінші кезекте өзіміз үшін керек. Себебі, бой көтерген нысандарды пайдаланатын сіз бен біз, біздің перзенттеріміз» деген Серік Үсенұлы сан мен мерзімге емес, сапа мен қауіпсіздікке қатаң көңіл бөлу керектігін, сапасыз салынған нысандардың мемлекеттік қабылдаудан өтпейтінін қатаң ескертті.
Фото: Aikyn.kz