Осы сұрақтар төңірегінде Қазығұрт аудандық «Қазығұрт тынысы» газетінің бас редакторы Дидар Бегалиевтің пікірін білген едік.
— Өкініштісі бүгінгі таңда адамдар кітап оқудан қалды, — дейді бізбен әңгімесінде Дидар Нармаханұлы. — Газет-журнал да оқымайды. Ал халықтың немесе ұлттық бәсекелестікке төтеп беруі бірінші кезекте оның оқымыстылығына да байланысты. Қай ұлт көбірек оқиды, көбірек білім алады сол әлемде көш бастайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда еліміздің көші ептеп артта қалып бара жатқаны шындық. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін адамдарды қайтадан газет-журнал оқуға үйрету керек. Ол үшін мерзімді басылымдарды заңдық тұрғыда әлеуметтік желілермен бәсекелесе алатын, иық тірестіре алатын дәрежеге жеткізу керек.
Әрине, жаңадан қабылданған масс-медиа туралы заңның журналистика саласына біраз өзгерістер әкелетіні анық. Өйткені қазір қоғам өзгерді. Ақпарат беру саласы да түбегейлі өзгерді. Сондықтан бұл саланың заңы да өзгерді. Бірақ қандай заман болса, қаншама заң өзгерсе де журналисттің басты міндеті – ақиқатты жазу болып қала береді.
Д. Бегалиевтің пікірінше қазіргі цифрлы заманда әлеуметтік желілердің асығы алшысынан түсіп, айдарынан жел есіп тұр. Фейсбук, инстаграмм, телеграм арналар бәсекелестікте ешқайсысын шақ келтірер емес. Осылармен тең дәрежеде бәсеке тудыру үшін мерзімді басылымдар үшін арнайы заңдар, ережелер қабылдау қажет сияқты. Өйткені ақпарат тарату жағынан газет-журналдар әлеуметтік желілерге ілесе алмай қалды. Адамдар бірінші кезекте ұялы телефонынан күнделікті жаңалық оқып, біліп қояды. Алайда оның ақ-қарасын, рас-өтірігін ажыратып ашып беріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті ол үшін жауапкершілікке тартылудан да қорықпайды. Ал газет-журналдарда ақпарат тасқа басылған соң оның дұрыстығына барынша мән беріледі. Және мерзімді басылымды шығаруға тұтас ұжым жұмыс істейді. Ол жерде небір білікті мамандар әр жазылған дүниені сүзгіден өткізіп отырады.
Әлеуметтік желідегі ақпарат жылдам тарағанымен оның қызуы тез басылады. Адамдар тек тақырыбы айқайлап тұрған қысқа мәтінді жаңалықтарды ғана оқиды. Қазір адамдар тіпті уақыты ұзақ бейнероликтерді де қарағысы келмейтін болған. Яки, бас редактордың айтуынша әлеуметтік желі жылдам ақпарат таратуға жақсы, бірақ оны шындық тұрғысынан ешкім шектей алмайды. Ал газет-журналдарда керісінше қатені бақылап отыратын қаншама көз бар.
«Бүгінгі таңда еліміз бойынша аудандық газеттердің көбісі жекеменшікке сатылды. Аудандық басылымдардың үлесі сенімгерлік басқаруға берілді. Газет басшылары жалғыз өзі нарықта, бәсекелестік ортада өнімдерін қорғай алмайды. Ол үшін заң керек. Әлеуметтік желілерден қорғайтын, солармен бәсекелестіре алатын арнайы норма-ереже қажет. Сондықтан қатып қалған дүние жоқ. Бүгін қабылданған заңға сәл уақыттан соң түзетулер енгізіле береді. Сол себепті мерзімді басылымның шынайы сөзін сөйлейтін заңның болғаны дұрыс. Нарықта бірінші кезекте мерзімді басылымдарды әлеуметтік желілермен бәсекелестікте қорғап қалатын ереже, заң болу қажет. Журналистердің құқығы, этикасы басқа да дүниелер жайлы әңгімені содан кейін барып айта беруге болады» деді ол.
Сондай-ақ Д. Бегалиев өз сөзінде әлеуметтік желідегі жеңіл-желпі дүниелер кәсіби журналистиканы ақпарат нарығынан ығыстырып бара жатқанын айтады. Оның бір себебі — халықтың да таңдауы сол болып тұр. Қоғамның ой-өрісінің салмағы былайша айтқанда жеңілтек күйге түсіп барады. Әлемде көптеген дамыған мемлекеттер бар. Олардың технологиясы әлдеқайда жетілген. Мәселен сондай елдің бірі — Жапония. Күншығыс елін әлемде роботехника, цифрлық технология саласы бойынша басып озатын мемлекеттер өте аз. Соған қарамастан Жапонияда күніне миллиондаған тиражбен шығатын басылымдар әлі де баршылық. Бұл жапондықтар қолына телефон ұстаса да, ноутбук, компьютерге шұқшиса да күнделікті газет-журнал оқиды деген сөз. Бізге де осындай оқымысты қоғам керек. Жапондықтардың әлеуметтік желінің жетегінде кетпеуінің тағы бір себебі ол жақта интернетте өз білгенімді жаза беремін деген түсінік жоқ. Интернет қолданудың өз мәдениеті қалыптасқан. Ал оны солай жасаған арнайы нормалар мен заңдар.
Нарық заңдылығына сәйкес газет-журналдарды шынайы бәсекелестікке жіберген дұрыс-ақ. Алайда мемлекет тарапынан мәдениет, өнер, әдебиет тақырыбындағы дүниелерге көбірек сұраныс артса игі болар еді. Мемлекет соларға тапсырысты көбейтсе газет бетіне балалар өлеңдерін де жарқыратып жариялауға зор мүмкіндік туар еді. Ал керісінше қатып қалған тақырыптармен немесе цифрға толы дүниелермен мерзімді басылымдарды бәсекелестікке шығару мүмкін емес. Газет-журнал дегеніміз әрі идеологиялық та құрал. Онсыз халыққа тұщымды, салиқалы, салмақты дүниелер оқыта алмайсыз. Ал мемлекеттің дамуы тек экономикаға ғана емес, идеологиялық саясатқа да көп байланысты.
«Адамдарды біртіндеп газет оқуға үйрету керек. Оның бірден-бір жолы мерзімді басылымға жазылу болса, екіншіден өзінің ойын, бүгінгі қоғам туралы пікір-көзқарасын газет арқылы жеткізуге халықты дағдыландыру қажет. Осы тұста бірнәрсені айта кетсек, кейбір мекемелер әр түрлі тақырыпта шығармашылық байқаулар жариялайды. Әрине, бұл қалам ұстаған ағайындардың шығармашылығын шыңдауға таптырмайтын нәрсе. Тек сол мақаланы қиналса да жазба авторы интернеттен көшірмей өзі жазып әкелсе жақсы болатын еді. Қанша дегенмен «жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді ғой». Кейде мақалалардың оқылу деңгейінің төмен болуы сондықтан. Жаттанды сөз, жаттанды тақырыптар оқырманды жалықтырады. Егер мәселен мекеме қызметкері шын мәнінде сыбайлас жемқорлық бойынша өз ұжымында атқарылған жұмыстарды, қолға алынған ерекше бастамалар мен тың жобаларды жазса, оқырман да оның жасанды дүние емес екенін біліп қызыға оқыр еді. Өйткені қазір адамдардың көзі ашық. Шынайылық пен жасандылықты бірден ажырата қояды. Сол секілді табиғи жерасты байлықтарын заңсыз пайдалану тақырынба құзырлы органдар мәселені байыппен, сараптай отырып жазса оқырман үшін өте қызықты тақырып болар еді деп ойлаймын» деді Д. Бегалиев.
Сонымен бірге руханият тақырыбында көбірек мақала жазу оқырмандарды тарта түседі. Яғни газет-журналдар бірінші кезекте еркін тақырыпқа барынша көңіл бөлген жөн. Өйткені олар да бір жағынан коммерциялық нысан болған соң тұтынушысы-оқырмандарының көңіліне қарап жақсы дүниелер беруге тырысулары қажет. КСРО заманында цензура деген болды. Бірақ та партия қойған жоспарды колхоз-совхоздар қаншалықты дұрыс орындағаны жөнінде ресми ақпараттардан қалған газет беттерін еркін тақырыппен толтыруға мүмкіндік көп еді. Сондықтан газет-журналдарды қайта тірілту үшін осынау ұмыт болған жақсы тәжірибені қайтадан өмірге әкелу керек.
Сондай-ақ Д. Бегалиевтің мәлімдеуінше бүгінгі таңда біліктілік санаты жоғары дәрігер, мұғалімдерге мемлекет қосымша ақы төлейтіні секілді журналистерге де кәсіби шеберлігі бойынша санаттар белгілеп, соған сай қосымша үстемеақы төлеп отырса құба-құп. Ақпаратты кез келген тілші жаза береді. Ал сараптамалық, талдамалы сүйекті мақалаларды жазу тәжірибесі толысқан, тісқаққан мамандардың ғана қолынан келеді. Сондықтан осындай білікті кадрлардың қадірін жоғалтып алмау үшін жоғарыда айтылғандай мемлекет оларды кішкене болса да қаржылай жарылқап отыруы қажет. Мәселен, экономика тақырыбында қалам тербейтін журналистің міндетті түрде осы сала бойынша теориялық білімінің болғаны жақсы. Ал бұл тәжірибе жылдар өте қалыптасатыны белгілі. Осы ретте білікті, шебер журналистерді мерзімді басылымдарда тұрақты ұстап отыру үшін олардың бірінші кезекте айлық жалақыларын дұрыстаған жөн.
«Бұрындары газеттерде әр түрлі жанр болатын. Яғни, әрбір мақала тек бір сарында емес, көтеретін мәселесіне қарай түрлі жанрда жазылатын. Кейін оның бәрі ұмыт болды. Қазір газет бетіндегі бар мақала тек ақпараттық стильде жазылатын болды. Оқырманның ақпаратты тез қорытуы үшін ол да керек шығар. Алайда жазу да адам баласына берілген өнер екенін, сол киелі өнерді өз биігінен аласартпауды да бір сәт ой елегінен өткізіп қойған жөн шығар. Сөзімнің басында айтып өткенімдей, әлі де сол тақырыпты қайталаудан жалықпаймын. Қазақ елі әлемдік бәсекелестікке төтеп беру үшін көбірек кітап оқу керек. Бұрын КСРО дәуірінде кеңес халқы ең көп кітап оқитын ұлттар қатарында еді. Сол дәрежеге қайта оралуымыз үшін алдымен өзіміз кітап оқуды бастап, кейін бала-шағамызды соған үйретуіміз керек. Бұрын адамдар трамвайда, автобуста, қоғамдық орындарда кітап оқи беруші еді. Және ол ешқандай оғаш көрінбейтін. Қайта кітап оқыған адамға басқалар құрметпен қарайтын. Қазір көзқарас керісінше боп барады. Автобуста кітап оқыған адам үлкендерді білмеймін жастар үшін таңсық көрінетіндей. Ал телефон шұқылаған мың сан адамға осы күнде мән де бермейміз. Сондықтан ұлттық идеологияны қолға алып, жаппай кітапқұмар ұлтқа айналуымыз қажет» деді Д. Бегалиев.
Ә. НҰРЛАНҰЛЫ
Фото: Ақмешіт апталығы