Бүгінгі таңда Күмісбастау ауылының маңындағы тау бөктеріндегі бұлақтан 1,8 шақырымға 200-дік диаметрдегі құбыр тартылып, бастау басында суды жинақтау мақсатында бетондау жұмыстары іске асқан. Қазіргі таңда, құбырларды су жинайтын орынға жалғау және ауылдың су жүйесіне қосу жұмыстары қалып отыр. Жалпы жұмыстар 80 пайызға аяқталған.
120-ға жуық түтіні бар Көктерек ауылындағы ауыз су тапшылығын жою мақсатында ұңғыма қазылып, қазіргі таңда, айналасын қоршау, мұнара, трансформатор орнату жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстар аяқталған соң орталық жүйеге қосу жұмыстары іске аспақ.
Састөбе кентінде су ұңғымасын қазу, трансформатор орнату жұмыстары мәресіне жетті. Ендігі кезекте, істен шыққан екі мұнараны қайтадан іске қосу, бұдан бөлек екі жаңа мұнара орнатып, жалпы 4 мұнараны ауылдың су жүйесіне қосу және ескірген су реттегіш бұрандыларды ауыстыру жұмыстары атқарылмақ. Қазіргі таңда, жалпы атқарылған жұмыстар 40 пайыздан асып отыр.
Ал, Жыланды ауылында мүлдем ауыз су жүйесі тартылмаған 28 үйге тіршілік нәрі жеткізіліп, елді мекендегі өзекті мәселенің бірі болып келген ауыз су тапшылығын жою мақсатында ауыл шетінен ұңғыма қазылып, мұнара орнатылып, айналасы толық қоршалды. Қазіргі таңда мұндағы атқарылған жұмыстар 80 пайызға жетіп отыр.
Айта кетерлік, аталған елді мекендерде соңғы жылдары ауыз су тапшылығы түйінді мәселенің болып келген. Міне, биыл тұрғындарды мазалаған бұл мәселе рет-ретімен шешімін тауып жатыр.
Ал, Майлыкент ауылдық округіне қарасты Бекбосынов, Жүсіпбеков, Жантуров және Шөкеұлы көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнату мақсатында 3 жаңа трансформатор орнатылды. Аталған трансформаторлар электр энергиясының тұрақты әрі үздіксіз берілуін қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай туғызу үшін жасалды. Жобаны іске асыруға қажетті қаржы Майлыкент ауылдық округі әкімдігі тарапынан қарастырылды.
Тағы бір айтары, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаевтың халық алдында есеп беру кездесулерінде 300-ден аса өтініш, ұсыныс түскен болатын. Аталған мәселелердің дені орындалып, 69 өтініш, ұсыныс қаржы тапшылығына және облыстық, республикалық тиісті мекемелердің құзырындағы шешілетін мәселе болып отыр.
Бүгін аудан басшысы барлық жауапты бөлім мен мекеме басшыларын арнайы жинап, тұрғындардан түскен өтініш, ұсыныстардың орындалу барысын талдады.
Салаға жауапты мекеме басшысын жеке-жеке тұрғызып, нақты міндеттер жүктеп, әр тапсырманың орындалуына жеке жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті. Жауаптыға, орындалмаған тапсырмаларды тағыда бір егжей-текжейлі талдап, сала-салаға бөліп, тез арада Заң аясында шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.
«Берілген тапсырмалар тек есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін орындалуы тиіс. Халықтың сенімі – ең басты талап», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, жиында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы да қаралды.
Әр салаға қатысты негізгі көрсеткіштердің межелі орындалуына тоқталған аудан басшысы, жоспарды төмен орындаған басшыларды тұрғызып, жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен аудан орталығына қарасты Қараағашты ауылында болып, ол жерде жаңадан қазылған су ұңғымасының жұмысымен танысты.
Аталған ұнғыма Күншуақ (ДСУ) мөлтек ауданында ауыз су тапшылығын жою мақсатында қазылып отыр.
Ендігі кезекте, аудан басшысы Кемербастау бастауының ауыз суына тәуелді болып отырған аудан орталығын, негізгі су тасымалдап тұрған құбырлар жарылған жағдайда уақытша жөндеу жұмыстары жүрген уақытта және жаз мезгілінде сумен қамти алатындай жағдай жасау керектігін ескертіп, Майлыкент округіндегі абонентерді Кемербастау бұлағына тәуелді болмау мақсатында қосымша мұнаралар орнатып, ұңғымалар қазу жұмыстарын пысықтады.
Сонымен қатар, аудан әкімі Бақыбек елді мекенінде бой көтеріп жатқан 100 орындық және Ынтымақ ауылында соғылып жатқан 200 орындық мәдениет үйлерінің құрылыс алқабында болып, нысандардың күзгі жауын-шашын мезгілі басталғанша қабырғасын көтеріп, шатырын жабу жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Ол үшін жұмысшылар саның көбейту қажеттігін ескертті.
Сонымен қоса, елді мекендерді аралау барысында Асқар Сұлтанұлы Шұқырбұлақ ауылы шаруаларының өтінішіне сәйкес, жол бойына ауыл шаруашылығы техникасына тұрақ соғуға жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесін жауаптылармен пысықтады.
Фото: Түлкібас Ауданы Әкімдігі