«Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков ақпан айында өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына қанша қаражат бөлінгенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Бейжің Олимпиадасына 250 млн теңгеге жуық қаражат бөлу жоспарланған. Алайда бұдан да аз сома – 220 млн теңге жұмсалуы мүмкін, өйткені ұйымдастырушылар делегациялардағы қатысушылар санын қысқартып жатыр», – деп түсіндірді Андрей Крюков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының қысқы олимпиада дайындығына 400 миллион теңге жұмсалған.
Оның айтуынша, жазғы Олимпиада қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүргізілген тексерулер ҰОК жұмысында қаражатты жымқыру, мақсатсыз пайдалану және осыған ұқсас оқиғалар болмағанын көрсетті.
«Кейбір процедуралық бұзушылықтар бар және бюрократиялық тұстар анықталды және сыбайлас жемқорлық сын-қатерлерін болдырмау үшін барлығы реттелді», – деді Крюков.
Ұлттық Олимпиада комитетіндегілер айтулы жарысқа еліміздің атынан 34 спортшының баратынын мәлімдеді. Қазақстан құрамасы 87 лицензия алды.
Айта кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың Бейжің қаласында, 2022 жылдың 4 мен 20 ақпан аралығында өтеді. Онда жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады. Жарыстар Бейжің қаласынан бөлек қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалаларында да өтеді.