«Бүгін, 8 шілдеде сағат 14:30-да жер сілкінісі тіркелді, оның тербелісі Жамбыл облысының бірқатар елді мекенінде сезілді. Қатты бүлінген нысандар мен зардап шеккендер жоқ» дейді облыс басшысы өз мәлімдемесінде.
Алдын ала мәлімет бойынша Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында бір жеке тұрғын үйдің (1970 жылы саман кірпіштен салынған), сондай-ақ аудандық архив ғимаратының (1934 жылы салынған) сыртқы қабырғалары мен төбесіне шамалы зақым келген. Абай ауылдық округінде тағы бір жеке тұрғын үй (1979 жылы саман кірпіштен тұрғызылған) аздап зардап шекті.
Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында жедел штабтар құрылды. Коммуналдық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік нысандар зардап шеккен жоқ. Инфрақұрылым нысандарына ешқандай зақым келгені бойынша тіркелмеді.
Арнайы комиссиялар оқиға орындарында жұмыс жүргізіп жатыр, нысандарды қарап, олардың жағдайына баға берілуде.
«Жағдай менің жеке бақылауымда. Сағат 14:30-да облыстық ТЖД-ның ахуалдық орталығында өңірлік жедел штаб құрылып, 8 (7262) 51-35-75 нөмірі бойынша «жедел желі» іске қосылды. Мұндай сәтте сабыр сақтап, азаматтық жауапкершілік таныту маңызды. Тек ресми дереккөздерден алынған шынайы ақпаратқа сенім артуға шақырамын» деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Фото: Abai.kz