Ол үшін инвестиция тарту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, салық түсімін молайту, шағын және орта бизнесті қолдау, агросаланы және отандық өндірісті дамыту бойынша жүзеге асып жатқан тірліктерді еселей түсу қажет.
Осы орайда Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы 2025 жылдың соңына дейінгі 89 индикатор бойынша айлық болжамдарды таныстырды. Ол әр көрсеткішке жеке тоқталып, жоспарлы межелерді нақтылап, орындалу тетіктерін түсіндірді.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция, өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығына құйылған қаржы, салық түсімдері, бюджет шығыстары мен айыппұлдар үлесі – барлығы жылдық жоспар аясында толық орындалуы тиіс.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы әр көрсеткіш бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жүйелі жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, кедейшілік деңгейін төмендетіп, жұмыспен қамту көрсеткішін арттыру қажеттігін атап өтті.
2025 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер сараланып, ауылдық округтер бойынша индикаторлардың орындалуы талқыланды. Жұмыстардың тиімділігі мен кемшіліктер нақты деректермен көрсетілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы барлық жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Индикаторлардың орындалуын жүйелі түрде бақылау тапсырылып, аудан әкімінің орынбасарлары аптасына екі рет жиын өткізіп, қорытындысы аппараттық мәжілісте қаралатыны ескертілді.
Жалпы алғанда Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен инвестиция тартуға, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Осы ретте Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық мүмкіндіктері және Ленгір қаласындағы кеңес дәуірінде жұмыс істеп, тоқырау жылдарында тоқтап қалған өндіріс ошақтарының қазіргі жай-күйі таныстырылды.
Аудан басшысы қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан өндірістік парк пен индустриалды аймақтың болашағына ерекше тоқталып, бұл нысандардың аудан экономикасын дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға айрықша үлес қосатынын атап өтті.
Еркеғали Амантайұлы шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру және бизнеске жүйелі қолдау көрсету бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Сонымен қатар, аудан өндіріс ошақтарын қайта іске қосуға ашық екенін және білікті жұмыс күші жеткілікті екенін атап өтіп, инвесторларға барлық деңгейде жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Аудан әкімі тоқтап тұрған өндірістік нысандардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті экономиканы жандандыру мүмкін екендігін де ерекше атап өтті.
Өз кезегінде инвесторлар ауыл шаруашылығы мен кен өндіру салаларында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдіріп, аудандағы шахта кен орындарының жұмысымен танысуға қызығушылық танытты.
Тағы бір айтары, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда бюджет қаржысын оңды-солды шашпай, ең қажет деген жобалар мен маңызды мәселелерді шешуге ғана жұмсалуға тиіс екенін нақты айтқан болатын.
– Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет, – деген болатын Президент.
Фото: Turkystan.kz