Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнім көлемін арттыру мақсатында «Тұрбат» агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. 60 гектар аумақта 3,8 млрд теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоба арқасында аудан шаруаларына жылыжай бизнесін дамытуға үлкен серпін беріледі деп күтілуде. Бұл жайында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов брифингте мәлімдеді.
«Жалпы ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы құны 21,5 млрд теңге болатын 24 жобаны іске асырып, 749 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өңір экономикасына айтарлықтай әсер етуі тиіс жобалардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Мәселен, өңірде балық және құс шаруашылығымен айналысушылар саны артып келеді. Сонымен қатар, егін шаруашылығында тамшылатып суғару технологиясына баса мән беріп жатқан шаруалар да жетерлік» — деген аудан әкімі бірқатар ірі жобаларды БАҚ өкілдеріне таныстырды.
Аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі биыл бес айда 42,3 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 134,4 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 98,3 пайызы тұрақты ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті биыл жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,1 пайызға жетсе, электр жарығымен қамту көрсеткіші 98,4 пайызды құраған.
Сонымен қатар, аудандағы интернет сапасын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда инвестор «Сomdata» ЖШС тарапынан Қазығұрт, Қызылқия, Рабат елді мекендерінде талшықтық-оптика байланыс желісін жүргізу жоспарланған. Биыл Қызылқия елді мекенінен 745 абонентке, Рабат елді мекенінен 840 абонентке желі тарту жоспарлануда.
Өңірдегі білім және медицина саласында да жақсы жаңалықтар жетерлік. 2024 жылы 4 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биылғы оқу жылында да тағы 3 білім нысаны бой көтеруде. Сонымен қатар, өткен жылы 5 медициналық нысан құрылысы аяқталып, қолданысқа ұсынылса, 2025 жылдың қорытындысымен 4 нысан ем алушыларды қабылдауға дайын болмақ.
Сондай-ақ, Қазығұрт ауданында қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» атты ақпараттық-танымдық форум өтті.
Форумның мақсаты — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидасын қоғамда кеңінен насихаттау, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ қаржылық пирамидалар мен түрлі алаяқтық схемаларға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру.
Ауқымды шараға аудан әкімдігі жанынан құрылған мобильді ақпараттық-насихат тобының мүшелері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарының ұстаздары мен колледж студенттері, ардагерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Форумды Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов ашып, қоғамда алаяқтық әрекеттердің алдын алу, халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Шара барысында №11 колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мейірбек Шожықов пен аудандық криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Ережеп Бекжігіт және «Кемел Ел» қоғымдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Алимбеков баяндама жасап, қаржылық пирамида мен интернет алаяқтықтың кең таралуы, одан сақтану жолдары, сондай-ақ жеке деректердің қауіпсіздігі мен қаржыны басқару мәдениетінің маңыздылығы туралы нақты мысалдар келтіріп, қатысушыларға құнды ақпарат ұсынды.
Форум соңында қатысушылар спикерлерге өз сауалдарын қойып, еркін пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.
Фото: Aikyn.kz