Аппараттық мәжілісте ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, күн тәртібіне сәйкес екі негізгі мәселе қаралды. Аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы және өндіріс орындары бойынша инвестициялық жобалардың орындалуы тыңдалды. Баяндаманы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Досжан Ерлан және кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Шакиров Сұлтанғали жасады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — аудандық индикаторлық жоспарлардың орындалуы және 2025 жылдың ІІІ тоқсанындағы аудандық бюджеттің игерілуі болды. Бұл бағыттағы баяндама экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мырзахметов Ильясқа жүктелді. Ол бюджеттік жоспарлардың орындалу деңгейін, қаржыны мақсатты және тиімді игеру барысын атап өтті. Сонымен бірге, алдағы айларда қаржылық тәртіпті күшейтіп, жоспарланған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізу қажеттігін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, баяндамашыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ аудандық бюджет қаржысын тиімді пайдалану бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Жалпы алғанда Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды. Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков осы жұмыстармен танысу мақсатында Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар аясында аудан аумағында ауыл округтерде бой көтеріп жатқан өндіріс аймақтарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.
Сапар кезінде облыс әкімінің орынбасары Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Ең бірінші кезекте Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңымен танысты. Мұнда 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 млрд теңгені құрайды.
Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны — 4,5 млрд теңге.
Сонымен қатар, облыс әкімі Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнын аралады. Онда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. «DIVALUX» жиһаз цехында болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков аудан аумағында қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысын көріп, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ол жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашатынын атап өтті.
Фото: Сауран Ауданы Әкімдігі