Соңғы кездері әлеуметтік желілерде қант қызылшасына байланысты әр түрлі видеолар тарап кеткені жасырын емес. Қант зауыттарының алдындағы көліктердің ұзақ-сонар кезегі, егістік алаңда үйіліп жатқан қант қызылшасы, ашынған шаруа… Әйтеуір, қант қызылшасына байланысты көңіл толмаушылық көп.
Осы аптада өткен Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар қант қызылшасы мәселесін тағы да көтеріп, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек сұрақтарға кеңінен жауап берді.
Айта кететін бір мәселе, осы сессияда жергілікті бюджеттен қант қызылшасын дамытуды субсидиялауға 3 млрд теңге бөлу ұсынылып, депутаттар қолдау білдірді.
Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов бұл 3 млрд теңге қант қызылшасын өткізген 70-75 шаруашылыққа субсидия ретінде төленетінін айтады. Субсидия өтінімдері ақпараттық жүйе арқылы төленеді. Яғни, шаруалар кезекке қалай тұрды, сол кестемен беріледі. «3 млрдқа дейін тағы 400 млн теңге және одан кейін 172 млн теңге бөлінген болатын, сонымен бас-аяғы қант қызылшасын субсидиясын төлеуге 3,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр» дейді Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
Жалпы қызылшаға байланысты қазіргі жағдай қалай?
— Субсидия төлеудің арнайы платформасында күту парағы бар, — дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек. — Шаруа өнімін өткізеді, құжаттарын тапсырады, күту парағына тіркеледі. Кім бірінші тұр, ақша түскеннен кейін соған бірінші беріледі. Ешқандай шаруашылыққа басымдық берілмейді. Қаржы Ақсу және Меркі қант зауыттары, яғни, екі тараптан төленеді. Ақсу тарапына 1 млрд теңге, Меркіге 2,4 млрд теңге бөлінеді. Үкіметтен 8-9 млрд теңге күтіп отырмыз. Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде беріледі деген хабар бар. Сол қаржы бөлінсе биылғы қызылшаның қарызының бәрі жабылады.
Біздің есебіміз бойынша желтоқсан айының аяғына дейін өнімін өткізеді деген шаруаларға қарызымыз 12-12,5 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Соның әзірге 3,5 млрд теңгесі ғана жабылады. Күту парағында тұрған шаруаның қарызы толық төленеді, содан кейін ғана келесі шаруаның қарызы төленеді.
— Енді бүгінгі күнге Жамбыл облысындағы қызылшаның қанша пайызы жиналды? Меркі қант зауытының жанынан қызылша қабылдайтын қосымша екі алаң ашылғаны белгілі. Ол алаңдар осы күнге дейін қанша өнім қабылдады?
— Қардың астында ешқандай қызылша қалған жоқ. Желтоқсанның 15-іне дейін күн жылы деп күтілуде. Бүгінгі күнге Жамбыл облысындағы қант қызылшасының 78,5 пайызы жиналды. Яғни, 8284 гектардың өнімі жиналды. Енді қалып отырғаны — 2642 гектар. Екі қант зауытының қабылдағаны — 331 мың тонна. Оның ішінде Меркі қант зауыты — 302 мың тонна, Ақсу қант зауыты — 29 мың тонна қабылдады. Жалпы Меркі қант зауыты 450 мың тонна қабылдайды деп күтіп отырмыз. Қалғанын Ақсу қант зауыты қабылдайды.
Әзірге шаруалардың бәріне қызылшаны қардың астында қалдырмай егістіктің шетіне жинап қоя беріңдер деп жатырмыз. Одан кейін қар жауады, мұз болады өнімді міндетті түрде тасып бітіреміз. Шамамен үш ауданда – Шу, Жуалы, Талас аудандарында қызылша өнімі жиналып бітті. Ал Жамбыл ауданында бұл көрсеткіш 83 пайыз, Меркі ауданы 75 пайызға жетті.
Әлі жиналмаған 2642 гектардың барлығы жарамды деуге болмайды. Арасында өнбей қалғандары да бар. Мысалы, «Арас» шаруа қожалығындағы Мақсұт Несіпбаевтың 400 гектарға егілген қызылшасын барып көрдік, қызылшасы жай ғана сәбіз сияқты. Жалпы алғанда 1-желтоқсаннан бастап шаруалармен бірге әр егістікті арнайы барып көреміз. Қаншасы қазылды, қаншасы шетіне жиналды, тасуға келе ме, жоқ па, осыны сараптаймыз.
Иә, екінші қосымша алаң ашылды. Қызылша қабылдап жатыр. Бірақ бұдан кезек азайды деуге болмайды. Себебі, қабылдайтын машинаның саны алтау ғана. Қаңтар айына дейін кезек болады. Өзім де өткен жұма күні ғана Ақсу қант зауытында болдым. Бір зауытта көліктер кезегінің ұзындығы 8 шақырымдай, екінші зауытта 4-5 шақырым. Зауыттың күнделікті өндіру қуаты — 2200 тонна, ал, кіріп жатқан өнім — 6 мың тонна. Яғни, кезек бола береді деген сөз.
Жалпы алғанда Меркі қант зауытындағы екі алаң 190 мың тонна қабылдайды. Екеуінде дәл қазір 130 мың тонна қант қызылшасы жатыр. Қант зауытының өз алаңы 120 мың тонна, жаңадан ашылған алаң 70 мың тонна қабылдауға мүмкіндігі бар.
Қарыздар қалай жабылады?
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек шаруашылықтар бұрыннан субсидия алып отырғанын айтады.
— Барлық бағдарламада инвест субсидия бар, — дейді бұл жөнінде Әбілхайыр Ғалымұлы. — Мал шаруашылығы, егіншілік, тұқым, тыңайтқыш, химиялық өңдеу құралдары, басым бағыттарды, дақылдарды субсидиялау туралы бағдарламалардың барлығы инвест платформа арқылы беріледі.
2023 жылы субсидияға 12 млрд теңге қарыз болып шықтық. Биыл бюджеттен сол қарызды жаптық. Қарызды жапқан кезде шаруалар күту парағы бар екенін біледі. Қарыз қаржы болған кезде ғана беріледі. Бұрыннан инвест субсидияға 8 млрд теңге, пайыздық ставкаға 2,2 млрд, тыңайтқышқа 2,4 млрд теңге қарыз бар, бұлар күту парағында тұр. Бірақ бұл бағдарламаларда әзірге ақша жоқ. Қалай ақша түседі, солай қарыз жабылады.
Биыл ешқандай қарыз төленбейді. Себебі былтырғы жылдың қарызы жабылды. Биылғы жылдың қарыздары келесі жылдың бюджетінен жабылатын болады. Бір таңғажайып жағдай орын алып, республикалық бюджеттен қомақты қаржы беріліп қалса тезірек жабылады. Егер ондай қаржы берілмейтін болса келесі жылы субсидия алуға берілген өтінімдердің барлығы арғы жылғы бюджеттен жабылады. Осы бастан соны түсіндіріп айтып жатырмыз.
Бұл қарыз жылдан-жылға бір-біріне жамалып келеді. Биылғы жылғы ерекшелік — көктемдегі су тасқыны. Былтыр үкімет Қазақстан бойынша субсидияға қарыз 90 млрд теңге қарыз болған, биыл сол қарыз 314 млрд теңгеге жетті. Яғни, биыл үш есе көбейіп кетті.
— Келесі жылы қант қызылшасына байланысты қандай жоспар бар?
— Келесі жылы Жамбыл облысындағы екі қант зауытын модернизациядан өткізу күтілуде. Меркі қант зауыты Қазақстан даму банкінен 16 млрд теңге несие сұрап отыр. Егер осы қаржы берілсе келесі жылы зауыт қуатын 500 мың тоннаға жеткізуге болады дейді олар. Ал, Тараз қант зауытының басшылығы қызылшаға 2026 жылы ғана өтеміз деп отыр. Бірақ біз бұған келіспедік. Қазір зауыт құрылымын өзгертіп жатыр. Осы 10 айдың ішінде ол зауыт қызылшаға қосылатын болса келесі жылы 15-16 мың гектар қызылша егуге болады. Егер олар бас тартатын жағдай болса онда қызылшаны 7 мың гектардың айналасында егу жоспарда бар.
… Айта кету керек, биыл Жетісу және Жамбыл облыстарында қант қызылшасынан күтілетін жалпы өнім 1,1 млн тоннаны құрайды, бұл былтырғы нәтижеден екі есе дерлік артық. Оның ішінде Жамбыл облысында 600 мың тоннадан артық өнім жиналады деген жоспар бар.
Фото: Kapital.kz