Біздің бала кезімізде құдалыққа негізінен қариялар, үлкен кісілер баратын. Құда-құдағилар дастархан басында ел мен жер сұрасып, ауыл-аймақ, ағайынның ерекшелігін айтып, өткен-кеткенді әңгіме қып отырушы еді. Түк арақ ішілмейді, дым стакан соғыстырылмайтын еді десем, өтірік болар. Біздің жақтағылар «Құдалар стаканын созғанда бәріміздің молда болып отырғанымыз жараспас» деп ағайынның арасындағы екі-үш арақ ішетіндерін құдалыққа әдейі ертіп алатын. Олардың өзі төрдегі қариялардан ұялыңқырап, солардың көздерін ала беріп, қаға берісте, мейлінше бұғыңқырап отырып стаканын көтеретін. Құдаларға сол екі-үш адамның «қызарып» отырғаны жетеді. Шектен шығып бара жатса, төрдегілер «тәйт» десе, жым болатын.
Қазіргі құдалықта бата беріле салысымен стакандардың бәріне, тіпті ақсақалдардың алдындағысына да арақ құйып тастайды. «Ішпесеңіздер де құюлы тұра берсін, арақ жетеді» деп қояды, бірақ, қолыңа ұстап, соғыстырған соң «Ойбай, ішпесеңіз, несібеңіз осы шыныда қалып кетеді» деп жата кеп жабысатыны бар. Жабысқаның не, жабылады. Сөйтіп, қазіргі құдалық — келген қонақтардың қаншасы арақ ішті, қаншасы мас болып кетті, соған қарап бағаланатын болды. «Мәссаған, мен бар ғой, тәспі ұстап отырған бас құдаға коньяк ішкізіп жібердім» ғой деп қонақ күткендер алақайлағанда қуаныштары қойындарына сыймайды. Баяғы қариялар бастап, жастар жағы оларды қоштап, екі күнге созылса да елдің есінде бірнәрсе қалатын «ескілікті» құдалықтар адыра қалды. Қолына арақ ұстап, қарғып ортаға биге шыққан «қарияны» қай бала тыңдасын?! Міне, осылайша қарияның қадірін өзіміз кетіреміз, өзіміз төмендетеміз? Әрине, елдің бәрін қаралай беруге болмас.
Ел іші болған соң, біреу — бай, біреу – кедей. Әйтеуір, Алланың өзі бұйыртқан тіршілігі бар. Кедейдің бай болсам, байдың Құдай болсам деумен бітпейтін қу тіршілігіне қарап отырып, біздің жақтың қарияларына таң қалатыным бар. Таң қалып отырып, бала кезде көзіміз көрген асыл текті қариялардың қатары әлі жалғасып келе жатқанына, әлі де тоқтау сөз айтып, бір қауым елге билігін жүргізе алатын ақсақалдардың бар екеніне қуанамын.
Біздің жақта қайтыс болған кісіні жерлегеннен бастап жылдығын бергенге дейінгі аралықтағы өткізілетін әр құдайы аста бір-ақ тамақ істейді. Дастарханға негізінен тоқаш пен кәмпитті шашып тастап, етті үрімдей қояды. Одан артық астың болмайтынына елдің көзі үйренген. Бізде ауылдың ауызашарларына келген жамағатты да бір-ақ аспен қайтарады. Тауарих намазын оқып болған соң, нарын жейді. Болды, сонымен тарқайды. Жасыратыны жоқ, дүниесі бар, бай азаматтар осы дәстүрді киіп-жарып, есігінің алдында өткен ас-құдайыларда, төрінде өткен ауызашарларда екінші тамақ беруді бастағаны да рас. Бірақ, ақсақалдар осы ысырапшылдыққа қарсы тұрды. Бір жақсысы, ақсақалдардың «Қарағым, «Қанағат – қарын тойғызар» деген, елден асып-тасып, байлығыңды көрсетпей-ақ қой. Ары-беріден кейін сен бұл қылығыңмен елдің арасына жік салып, тапқа бөліп отырсың. Сенен көріп, ертең тұрмысы нашарлар да осылайша екі тамақ беріп, аста-төк дастархан жасауға тыраштанады. Байлығыңды басқа жерде көрсет, айналайын. Елдің берекесін кетірме…» деген бәтуалы әңгімесіне ондай азаматтар тақ тұрды.
Сонымен қанағат пен үнемшілдікке үгіттейтін осы дәстүр біздің ауылда әлі күнге күшінде. Бір жағы әлгіндей жағдайларды түсінгің келеді. Біздің қазақта «Қазалы үйге біреулер жылап келеді, біреулер сынап келеді» деген мақал бар. Осыны малданған біреулер келген көпшіліктен ұят болмасын деп дүниесін, байлығын, беделін көрсетіп қалғысы келетіні рас. Міне, қариясы бар үйдің қазынасы, берекесі бар деген осы шығар, сірә! Қазыналы қариялар қарақан басын ғана күйттемей, елдің қамын ойлап, жұртқа бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп, жол көрсетіп отыруы тиіс қой. Лайым, осындай жандарымыз аман болсын!
Оралхан ДӘУІТ, «Ақ самаурын» кітабынан
Фото: Freepik