Баймахан Сүлейменов — Түркістан жерінде кеңінен танымал есім. Түркістан облысы мәслихатының депутаты, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы». «Тұрмыстық қызмет» ЖШС-ін басқарады.
… Бизнес және қайырымдылық. Бұл екі сөздің арасында қандай байланыс бар екені бәріне түсінікті ғой деймін. Бизнес жасап, ісің оңға басты ма, шамаң келсе сауап үшін жоқ-жітікке көмектес, қайырымдылық жаса. Қайырымдылық жасау – қанымызда бар қасиет
Баймахан Сүлейменов қашанда жұрттың жанашыры, қолдан келсе көмектесуге әзір. «Адамның жан дүниесі дегеніміз – оның ісі» деген екен бір ғұлама. Баймахан Сүлейменовтің елге жасаған қайырымдылығына қарап отырып, оның жан дүниесін, адамгершілік қасиетін, дархан пейілін көресіз, түсінесіз. Әйтсе де қайырымдылық жасау – құмға сіңген судай «мә» деп біреуге ақша ұстата салу емес. «Қарны ашқанға балық емес, қармақ бер» деген, қайырымдылық істер көмекке мұқтаж жандардың үмітін оятып, күш-қуат беріп, тіршілігіне серпін қосуы керек.
Міне, жақында Сауран ауданының тумасы, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов өз демеушілігімен көпбалалы екі отбасыға баспана кілтін табыстады. Аталған отбасының қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байспаев және аудан әкімдігінің қызметкерлері арнайы барып, жомарттық жасаған облыстық мәслихат депутатына ізгі тілектерін білдірді. Отбасы мүшелеріне сый-құрметін көрсетті.
Бүгінгі таңда тұрғын үйлер толығымен аяқталған. Баспана іші қазіргі заман талабына сай жабдықталып, жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Ас үй мен қонақ бөлмесі де ерекше безендірілген. Сонымен қатар үй қажетті жиһаздармен толық қамтамасыз етілген.
– Жалпы, жұртқа қайырымдылық жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борыш. Мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Ауданда жүрегі мейірім мен шапағатқа толы азаматтарымыз көп. Бүгінгі жаңа баспананы тұрғызып, екі бірдей отбасыға үлкен қуаныш сыйлағаныңыз үшін Баймахан Тоймаханұлы сізге алғысым шексіз, – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Айта кетейік, аудан көлемінде тұрғын үйге тәуелділікті азайтып, кезекте тұрғын азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын басталатын болады.
Түркістандық кәсіпкер Баймахан Сүлейменов елімізде ковид таралған кезде алғашқылардың бірі боп құны 1 100 000 теңге болатын 2 ИВЛ демалу аппаратын алып берген болатын. Кейін бұл азамат өз тойханасын 500 бала жаттыға алатын спорт комплексіне айналдырып, барлық жабдығымен қамтып, ел игілігіне тегін берді.
Ата-бабамыз қайырымдылық жасау арқылы ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Қайыр бар жерде ырыс бар» деген қайырымдылық жасау арқылы кәсіптерін кеңейтіп, табыстарын тасқындатып жатқандар жетерлік. Яғни, қайырымдылық ісі күн сайын жалғасып жатыр. Тек кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым жандар да елге көмектесіп, жұрттың алғысын алуда.
Міне, жуырда түлкібастық түлектер тағы да бір отбасын қуанышқа бөледі. Нақтырақ айтатын болсақ, Түлкібас ауданындағы Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов және Ломоносов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері бірігіп, мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 5 бөлмелі қорасы мен сарайы қарастырылған баспана сыйлады.
Мектеп түлектері ортадан ақша жинап 10 млн теңгеден астам қаражат жинап, соның 9 млн теңгесіне үй алған. Содан соң толық жөндеуден өткізіп, ішін қажетті жиһаз-техникалармен жабдықтап беріп отыр. Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді сол үйдің ауласында құдайы ас беріп, Абдулаевтар отбасына табыстады. Жас отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Сондай-ақ Арыс қаласындағы «Khazakh Real Stroy» компаниясы да өзінің өнегелі ісімен, қайырымдылығымен танылды. Бұл компания қаладағы Теміржолшылар саябағының жарықшамдарына толықтай зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жарықтандыру жүйесі қайта жаңартты. Бұл жұмысты «Khazakh Real Stroy» ЖШС компаниясы атқарып, заманауи технологияларды пайдалана отырып, жарықшамдарды қайта жандандырды. Осы жаңартулардан кейін саябақ түнгі уақытта да жарық әрі қауіпсіз болды.
Айта кетейік, саябақта демалыс аумақтары кеңейтіліп, жаңа отырғызылатын орындықтар, балалар ойын алаңдары және қаладағы тұңғыш скэйт парк алаңы іске қосылған. Бұл өзгерістер саябаққа келушілерге жанға жайлы демалыс аумағын қамтамасыз етті. Арыс қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін саябақ енді табиғатпен сырласуға, спортпен шұғылдануға және балаларымен бірге ойын ойнауға арналған сүйікті орынға айналды.
Арыс қаласының әкімдігі мен «Khazakh Real Stroy» ЖШС-іне алғыс білдіре отырып, тұрғындар осы абаттандыру жұмыстарын жоғары бағалап, саябақты күтіп ұстауға өз үлестерін қосуға шақырды. Қаланың жасыл аймақтары мен таза ауасын сақтап қалу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Осылайша «Таза Қазақстан» акциясы аясында Теміржолшылар саябағының қайта жандануы Арыс қаласының келбетін жақсартып, тұрғындар үшін шынайы демалыс аймағына айналды.
Фото: Сауран ауданның әкімдігі