Республика күні мерекесі қарсаңында екі түркістандық мұқтаж отбасы баспаналы болды. Үйді «Үлес» қайырымдылық қоры салып берді. Бұл қайырымдылық қоры осымен өңірдегі 45-інші отбасыға үй сыйлап отыр.
Ізгі шараға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, этномәдени бірлестіктерің мүшелері, ақсақалдар, БАҚ өкілдері қатысты.
Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, ұлағатты ұстаз Райымжан Қошқаров жұртшылыққа «Үлес» қоғамдық қоры арқылы жасаған қайырымды істерімен де жақсы таныс. Ол басқарып отырған қор 14 жылдан бері үй салып, баспанаға мұқтаж отбасыға тегін беріп келеді.
Еліміздің ұлық мерекесінде қуанышқа кенелген отбасының бірі – түркістандық Ф.Ахметжанова. Оның 3 ұлы, 1 қызы бар. Жолдасы көлік апатына ұшырап, қаза тапқан. Төрт бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған жалғызбасты ана қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға алғысын білдірді. Ал ақсақалдар құтты баспана болсын деген тілеулестікпен ақ баталарын берді.
Аталған қордың көмегімен екінші баспана Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылындағы мұқтаж отбасыға берілді. Осы ауылдың атымтай жомарттары мен 2004 жылы бітірген мектеп түлектері бірлесіп, ескі үйдің орнына жаңа баспана салып берген. Шаңырақ иесі Ә. Хайдаров жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын жеткізіп, «Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын, әрбір шаңырақтан ырыс-береке кетпесін» деген тілегін айтты.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз бекер айтылмаған. Жанымызда қайырымды жігіттер қатары көбейді. Бізге әркім өз еркімен келеді. Бағалай білсек, жақсы адамдар көп. Жайдан жай, себепсіз ештеңе болмайды. Белгілі бір отбасына үй салып беретін кезде бәрі жан-жақты тексеріледі. Расында да ол отбасы мұқтаж ба? Негізінен, тұрмысы нашар, шиеттей бала-шағамен жесір қалған, ауылда тұратын мұқтаждарды баспаналы еттік. Түрлі тағдыр. Қырықтан аса үйдің кілтін тағдыры бір-біріне ұқсамайтын қаншама жандарға бердік. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген халық даналығы. Сауабы мол осы қайырымдылықтың бәрі менің достарымның, шәкірттерімнің, жалпы атсалысып отырған көпшіліктің ынтымағының нәтижесі», – дейді игі істің басы-қасында жүрген «Үлес» қайырымдылық қорының басшысы Райымжан Абдусаттарұлы.
Бүгінде «Үлес» қайырымдылық қорының 300-ге жуық мүшесі бар. Олардың басым бөлігі – он саусағынан өнер тамған ұсталар мен шеберлер, құрылысшылар, баспана салуға машықтанған мамандар. Яғни қайырымды жандар тікелей жұмысынан тыс уақытта салынып жатқан құрылысқа келіп қолұшын береді. Құрылыс материалдары да кейде қордың өзінен, кейде қайырымдылық акциялардың, демеушілердің есебінен жинақталады. Ынтымақ, бірліктің нәтижесінде имандылық ұйыған Түркістан облысында көпке үлгі боларлық осындай игі істер атқарылып келеді.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданында кәсіпкерлер арқылы спорт нысандарын көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Солардың бірі – Азаттық елді мекеніндегі «Спорт сервис Азаттық» атты спорт кешені. Өткен жылы Азаттық елді мекенінен Бекмұратов Атамұрат есімді жеке кәсіпкердің өз қаржысы есебінен ашылған нысанда бүгінгі таңда 600-ге жуық мектеп жасындағы бала спорттың 8 түрінен (бокс, күрес, дзюдо, тхэквандо, волейбол, үстел тенисі, футбол, гимнастика) үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде.
Бұдан бөлек кешеннің қосымша ғимаратына тігін цехы ашылып, тапсырыстар қабылдап, қазіргі таңда жұмысын жүргізуде. Кәсіпкер өткен жылы үйірменің үш түріне қажетті аймақты дайындаса, биыл қосымша 5 үйірмеге керекті залдарды іске қосқан. Жалпы кешеннің құрылысына 200 млн. теңгеге жуық өз қаржысын жұмсаған.
Аталған нысанға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы табан тіреп, кәсіпкердің жұмысына оң бағасын берді. Кәсібін ұлғайтуға мемлекеттен қолдаулар қажет болған жағдайда, көмек беруге дайын екенін жеткізді.
Аталған кәсіпкерлік нысанда 30-дан астам ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 5 облыстық, «Ер Жәнібек» спорт клубы, «Түлкібас спорт клуб» және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт мектебі халыққа қызмет көрсетеді. Осы аталған 8 спорт мекемесінде 5258 оқушы спорттың 22 түрінен қамтылған. Сондай-ақ биыл Рысқұлов ауылдық округінен жеке кәсіпкер А.Тойшыбековтың есебінен жалпы құны 150 млн. теңгеге футбол алаңшасы ашылып, ауыл тұрғындарына пайдалануға берілсе, Керейт, Майтөбе және Алғабас ауылдарында жабық футбол алаңшаларының құрылысы жүргізілуде.
Ал, Сарыағаш ауданында ерекше балалар үшін инклюзивті білім беретін «Аqildi bala » атты мектептің ашылу салтанаты болып өтті.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, балалар мен ата-аналарды құтықтап, жеке кәсіпкердің игі ісіне бастамасына сәттілік тілеп, әрқашан қолдауға дайын екенін атап өтті.
Әлемі бөлек балалардың болашағына алаңдап, олардың да қалыпты балалар секілді толыққанды білім алуға мүмкіндік жасау мақсатында 100 балаға арналған «Аqildi bala » атты инклюзивті білім беру мектебін Б.Сәбитов кәсіпкерлермен бірлесе ашқан.
Аталған инклюзивті мектепте 17 пән бойынша және 8 қосымша сабақ мұғалімдер білім береді. Сонымен қатар, робототехника, АФК, ЛФК, сенсорлық интеграция, вокал және хореография, АРТ, ABA терапиясыжәне басқа да сабақтар оқытылады. Сондай-ақ, психолог логопед,дефектолог мамандары жұмыс жасайды.
Инклюзивті білім беретін мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.
Мектеп басшылығының айтуынша, ерекше балаларды біржола емдеу мүмкін болмаса да, тұрақты коррекциялық жұмыстың нәтижесінде таным, ақыл-ой процестерінің жұмысын жақсартуға болады.
Сондай-ақ, 25 қазан — Республика күніне орай, Созақ ауданында үш бірдей кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы ашылды. Спорттық кешендер аудан орталығындағы «Теріскей» саябағынан, Наурыз мөлтек ауданы мен Таукент кентінен ашылған. Нысандар «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған. Спорт нысандарының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шараға жиналған тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
«Бүгін біз ауданымыздың даму жолындағы маңызды қадамды атап өтудеміз. Осы уақытқа дейін аудан аумағындағы өндіріс орындарының демеушілігімен көптеген жобаларды іске асырдық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жандана түспек. Демеушілерден бөлек жергілікті бюджет есебінен де жабық ойын алаңдары бой көтеруде. Осы ретте біз барлық ауыл округтерді қамтуды жоспарлап отырмыз. Жастарымыз жаңа алаңда жаттығып, үлкен спорттық жетістіктерге жетеді деген сенімдемін», — деді аудан басшысы.