Сенатор Сәкен Арубаев өзінің депутаттық сауалында еліміздің бірқатар өңірінде жайылымдық жерлердің әлі де тапшы болып отырған мәселесін көтерді. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, жайылым мәселесі әлі де өзекті болып қала бермек. Бұл жағдай мал шаруашылығының дамуына және ауылдық аумақтардың әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етуде.
«Маңғыстау облысында жайылым тапшылығы 2,3 млн гектарды, Түркістан облысында 531 мың гектардан астам, Алматы облысында — 758,8 мың гектарды, Қызылорда облысында — 403,2 мың гектарды, Қостанай облысында — 379 мың гектарды құрайды. Бұл ретте қайтарылған жайылымдық алқаптардың бір бөлігі елді мекендерден өте алыс орналасқан, су көздерімен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген немесе табиғи-климаттық жағдайларды ескергенде толыққанды пайдалануға жарамсыз», — деп атап өтті Сәкен Арубаев.
Бірқатар өңірде, соның ішінде Жамбыл облысында, дәстүрлі түрде мал жаю үшін пайдаланылып келген жайылымдар қолжетімсіз болып қалған. Сонымен қатар бұл учаскелердің көбі іс жүзінде орман өсіру функциясын атқармайды.
Осыған байланысты сенатор алыс жайылымдық алқаптарды түгендеу және қажетті инфрақұрылымды дамыту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ жайылымдардың бірыңғай цифрлық базасын қалыптастыра отырып, кешенді ғылыми және геоботаникалық зерттеулер жүргізуді, сонымен қатар ресми түрде мемлекеттік орман қорына жататын, бірақ мал шаруашылығына жарамды жерлерді шаруашылық айналымына қосудың құқықтық тетіктерін жасауды ұсынды.
Фото: GOV.KZ



