Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 12 мектеп құрылысы қолға алынып жатыр. Бұл жобаны Президенттің өзі қатаң бақылап отырғаны белгілі. Тіпті Олжас Бектенов Премьер-министр тағайындала салысымен алғашқы жиындарда осы мәселені талқылап, мектеп салуға учаскелерді бөлу және жобалық құжаттаманы әзірлеу қарқынын сынға алып, өңір әкімдеріне 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін ресімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешуді тапсырған болатын.
Міне, бүгін наурыз айының 15-жұлдызы, Үкімет басшысы тапсырған мерзім де жетті. Бірақ Жамбыл облысында 1 «Жайлы мектептің» мәселесі әлі күнге шешілер емес.
- Бұл мәселені Қордай мен Меркі аудандарының әкімдері тез шешті
Жалпы алғанда Жамбыл облысының еншісіне тиген 12 мектептің үшеуі бірден проблема туындатты. Нақтырақ айтсақ, Қордай, Меркі және Жамбыл аудандарында салынуы тиіс жайлы мектептердің жер учаскелері біраз дау болды. Яғни, құрылысты жүргізу құқығына ие болған «SAMRUK KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ Жамбыл облысы бойынша аймақтық басшысы М.Сейдалин Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының басшысы Д. Әбдібековке хат жолдап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында соғылуы тиіс 3 аудан – Жамбыл ауданы Шайқорық ауылы, Меркі ауданы Меркі ауылы, Қордай ауданы Қордай ауылында бөлінген жер учаскелерінің елдімекеннен шалғай екенін және құрылыс сипаттамаларына сәйкес келмейтінін айтып, бұл жер учаскелерін алмастыру мүмкіндіктерін қарауды өтінген.
Бұл мәселені Қордай мен Меркі аудандарының әкімдері ың-шыңсыз тез шешті. Қордай бастапқыда белгіленген жер учаскесін қайта қалдырған болса, Меркі ауданы жер учаскесін алмастырып, жаңа учаскенің рәсімдеу жұмыстарын толық аяқтап, құрылыс салуға дайындап берді.
Ал, Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында салынуы тиіс жайлы мектептің жер учаскесін таңдау, белгілеу тым ұзаққа созылып, әлі күнге нүкте қойылар емес. Тіпті бұл мәселеде ауыл тұрғындарының пікірі екіге жарылып, ел аман, жұрт тынышта ауылдағы ағайын екіге бөлініп, бір-бірімен ашық «айтысқа» түсіп кеткені де жасырын емес.
- Бұл дау бір парақ хаттан тұтанды
Мәселені басынан тарқатып айтатын болсақ, жағдай былай өрбігенін байқаймыз…
Жамбыл ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен «Жамбыл жері» мемлекеттік жер қоры учаскесі жерінен мектеп құрылысы үшін көлемі 2,0 гектар берілген. Осыдан кейін бұл жер уаскесінің барлық тиісті құжаттары рәсімделіп, инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу бойынша барлық техникалық құжаттамаларын әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы қаралып, ол игеріліп, 2023 жылдың 23 қазанында құрылысты жүргізуге оң қорытынды берілген.
Бұл жер учаскесі Шайқорықпен қосылып кеткен Танты ауылының шетінде, ауылдан жырақтау екені рас. Бірақ биыл Шайқорық та, Танты да Тараз қаласына қосылады, облыс орталығының аумағына кіреді. Яғни, қала осылай қарай дамиды деген сөз. Сондықтан мектепке бөлінген жер маңынан жақын жылдарда тұрғын үйлер түсіп, қаланың тіршілігі осылай қарай созылады деген жоспар бар.
Сонымен мектеп салынатын жер дайын, мердігер бар, қаржы қарастырылған, енді жұмыс басталуы керек болған. Мектепті салатын мердігер — «SAMRUK KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ. Қаржы үкіметтен бөлінген.
Бірақ дәл осы кезде «SAMRUK KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының басшысы М.Сейдалин Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының басшысына мектеп салуға бөлінген жер учаскесінің елдімекеннен шалғай екенін айтып, оны ауыстыру туралы хат жолданған. Міне, осылайша ақ қағазға жазылған бір парақ хат үлкен даудың тұтануына жол берген сияқты. Дәл осы хаттан кейін нағыз үргін-сүргін басталды.
Яғни, осы хаттан кейін Жамбыл ауданының әкімдігі Шайқорықта бірнеше рет жиналыс ұйымдастырады. Бірақ барлық жиналыста тұрғындар бір пікірге тоқтап, бір бәтуаға келе алмайды. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі жайлы мектеп о баста белгіленген Танты ауылы шетіндегі жер учаскесінен салына берсін деген пікірде болса, енді екінші бір бөлігі Шайқорық ауылының ортасында орналасқан Р. Момбаев көшесі бойындағы ауыл саябағы ішінен салынсын деген ұсынысты қолдайды.
Бұл саябақтың жалпы аумағы 4 гектарды құрайды. «Соның жарты аумағын жаңа мектепке берейік» дейді олар. Ал ауыл жастары бұған қарсы. Олар болашақта саябақты жөндеп, тал егіп, қақпа орнатып, тіптен, түрлендіреміз деген жоспарлары бар екенін айтады. Және олар «Шайқорықта онсыз да үлкен мектеп бар, енді тура соның қасынан тағы бір мектеп салудың не керегі бар? Қаланың дамуына қарай ауыл сыртынан салмаймыз ба? Келешекте жаңа үйлер сол маңнан түседі ғой» деген де уәж айтады.
- Ауыл тұрғындары бір тоқтамға келе алмады
Бұл дау жергілікті билік өкілдерінің де бас ауруына айналды. Тараз қаласы, Жамбыл ауданы әкімдіктерінің басшылары, тиісті басқармалар мен бөлім басшылары Шайқорықта өткен әр жиналыстарға қатысып, өз ұстанымдарын білдіріп жатты.
Осыдан кейін Шайқорық, Танты ауылы тұрғындарынан Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы А. Нұралиевтың атына ұжымдық өтініш түсті. 84 адам қол қойған өтініште Шайқорық ауылы Р.Момбаев көшесінің бойында орналасқан саябақ орнына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша құрылыс салуға қарсы екендіктерін айтқан. Осы қоғамдық маңызы бар мәселені зерделеу, талқылау облыстық мәслихаттың әлеуметтік салалар, жастар ісі, құқықтық тәртіп және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктеліп, алдымен облыстық әкімдікте тиісті мамандармен талқыланды. Сосын 28-ақпан күні қайтадан ауыл тұрғындарының талқылауына салынды.
Тұрғындармен кездесуде тағы да сол екі жақты пікірлер айтылып, бір-бірімен сөз салғыласып, әркім өз ұстанымын дәлелдеп, тіпті, үлкен кісілер де бір-бірлерімен айқайласып қалғанын да жасыруға болмас. Бұл жолы тұрғындардың бір бөлігі «ауыл сыртынан бөлінген жер учаскесі «Қазфосфат» кәсіпорнына тым жақын орналасқан, экологиялық жағынан қауіпті, балаларымызды ондай қауіпті жерде оқытпаймыз» деп жар салды.
Осыдан-ақ ауыл тұрғындары әл-әзір бір тоқтамға келе алмайтыны байқалды.
- Сонымен санитарлық-қорғаныш аймағына кіре ме, жоқ па?
Енді осы дауда бір қызық мәселе бар.
Сол жиынға қатысқан Тараз қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Исмайыл бастаған мамандар Танты ауылы сыртынан бөлінген жер учаскесінің санитарлық аймаққа жататынын, ол жерден ешқандай да құрылыс жүргізуге болмайтынын ашық айтты. Тіпті Тараз қаласы әкімдігінің мамандары көрсеткен картаға қарағанда Шайқорықтағы саябақтың да жартысы санитарлық аймаққа кіретін көрінеді. Яғни, ол жерден де ешқандай мектеп салуға болмайды деген сөз.
Сонда осыншама халық, осыншама басшылар қаншама уақыттан бері мектепті не Тантыдан саламыз, не Шайқорықтан саламыз деп не үшін сөз жарыстырып, бұл мәселені талқылап, бір-бірімен айқайласып жүр? О баста жерді ұсынған Жамбыл ауданының әкімдігі мен осы істің басы-қасында жүрген Жамбыл облыстық құрылыс басқармасы бұл санитарлық аймақ екенін білмегені ме?
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген, енді дәл осы мәселеде ақ жағалылардың берген қорытындыларын қараңыз.
Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев жайлы мектепке салуға Танты ауылының сыртынан бөлінген жер ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 29-қаңтардағы N44 қаулысымен бекітілген Тараз қаласының бас жоспарында санитарлық-қорғаныш аймағына кіретінін айтады. Ал саябақ санитарлық аймаққа кірмейді дейді ол.
Ал «Қазфосфат» ТФ «Тыңайтқыштар зауытының» директоры А. Юн мұны жоққа шығарады, ол Танты ауылынан бөлінген жер де, саябақ та санитарлық аймаққа кірмейтінін айтып хат жолдайды.
Жамбыл облысының санитарлы-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Б. Шиналиев өз хатында бұл жерлер Тараз металлургиялық зауытының санитарлық аймағына кіруі мүмкін екенін айтып, топографиялық карта бойынша дәл анықтауға болатынын жеткізген.
Ал, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС бас директорының орынбасары Б. Полатбеков те Танты ауылынан бөлінген жер де, саябақ та санитарлық аймаққа кірмейтінін айтып хат жолдайды.
Сонымен Танты ауылы сыртындағы жер учаскесі санитарлық-қорғаныш аймағына кіре ме, жоқ па?
- Қайсысына сенеміз?
Иә, биыл Тараз қаласына Байзақ және Жамбыл аудандарынан бірнеше елдімекендер қосылып, облыс орталығының шекарасы кеңейіп жатқаны белгілі. Жақын күндерде Танты да, Шайқорық та Тараз қаласына қарайтын болады. Бәлкім, Тараз қаласының биыл бекітілген жаңа Бас жоспарында бұл жер учаскелері шынында санитарлық аймаққа кіретін болар. Бірақ ол жағдайды сол маңдағы зауыт басшыларының білмеуі мүмкін емес қой. Ендеше неге жергілікті билік пен кәсіпорын басшыларының пікірі бір-біріне қарама-қайшы болып тұр?
Тіпті, билік өкілдерінің өздері берген қорытындылары да бір-біріне қайшы келіп тұр ғой. Мысалы, Тараз қаласының әкімдігі ұсынған картада Танты ауылы түгелдей, Шайқорықтағы саябақтың жартысы санитарлық аймаққа кіріп кеткен. Ал, Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев саябақ санитарлық аймаққа кірмейді деп отыр. Қайсысына сенеміз?
Егер шынында жаңа Бас жоспарда бұл жерлер санитарлық аймаққа кіретін болса болашақта не үй салуға, не егін егуге рұқсат берілмейді деген сөз. Сонда қала осылай қарай дамиды деген сөз шындыққа жанаспайтын болғаны ма? Ондай болса бұл аймақтан үлкен мектеп салған қаншалықты тиімді?
- Мектепті неге саябақ ішінен салмаймыз?
Құрметті оқырман, осыншама бас ауыртқанша неге мектепті саябақтан сала салмайды деп отырған боларсыз?
Бұған Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары К.Жанқожаева мынандай пікір айтады:
— Ең алдымен ауылдағы бұрынғы мектеп ешқайда көшпейді, ол жердегі балалар білім ала береді. Танты ауылындағы жер учаскесі мына болжамдарға сүйеніп қорғалып шыққан болатын. Сол маңда жеке тұрғын үй салуға 374 жер учаскесі бөлініп, 2025 жылы халық қоныстана бастайды, осыдан кейін демографиялық өсім болжамымен жаңа мектепке сұраныс туындайды деген жоспар болған. Сондықтан жайлы мектепке жер учаскесі ауыл сыртынан таңдалды. Ал, Шайқорық ауылында бұрынғы мектеп жұмыс істеп тұр. Жекеменшік мектеп те бар. Яғни, бұл ауылға жаңа мектеп керек емес. Жұмыс істеп тұрған мектептің қасынан тағы мектеп салу қаншалықты тиімді деп ойлайсыздар? Ауыл сыртындағы жер учаскесі министрлікте талқыланып, қорғалып, бірнеше инстанциядан өткен.
Міне, білім басқармасы осылай дейді.
Қалай айтсақ та, бұл даудың бітетін түрі жоқ. Қанша кездесу, жиналыс өткізсең де тұрғындар бір шешімге келіп, бір ұстанымға тоқтайтын түрі жоқ. Шынын айтқанда бұл даудан жергілікті билік те әбден шаршаған.
- «Біз бұл хатты ұсыныс ретінде жолдадық»
Әңгімеміздің басында бұл дауға «SAMRUK KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша аймақтық басшысы М.Сейдалиннің жер учаскесін ауыстыру туралы жазған хаты себеп болды деп айттық қой.
Осы мәселені талқылау барысында «SAMRUK KAZYNA CONSTRUCTION» АҚ-ның облыстағы жетекші маманы Дастан Мырзатайға Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, комиссия төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Сіздердің хаттарыңыз «міндетті жер учаскесін ауыстыру керек» деген мазмұнда берілді ме?» деген сұрақ қойды.
— Ондай мазмұнда емес, — дейді Дастан Шәмілұлы. — Жалпы бұл мәселеден толық хабардармын. Шайқорық ауылында өткен жиналысқа да қатыстым. Негізі жерді таңдап беру жергілікті атқарушы органның құзырында және инженерлік құрылымдар, жол, абаттандыру да солардың жұмысы. Бұл хат берілген кезде республиканың басқа да өңірлерінде халық тарапынан, басшылық тарапынан мектептер шалғай жерлерде орналасқан деген мәселе туындап жатқан. Біз бұл хатты «міндетті түрде ауыстырып беріңіздер» деп емес, ұсыныс ретінде жолдадық. Егер мүмкіншілік болса мектеп салынатын жер учаскесі ауыл орталығында, халыққа ыңғайлы жақын орналасқан болса деп жолдаған болатынбыз. Жайлы мектеп болған соң сырты ғана емес, іші де жайлы болуы керек. Төрт жағынан жол болу керек, жарықтандырылуы жақсы, автобус аялдамасы болуы керек. Міне, хат осыған байланысты облыстық құрылыс басқармасының басшылығына жолданды.
- Әкімнің іскерлігі байқалмады
Міне, осылайша жай ұсыныс ретінде жолданған хат бір қауым елді әуреге салып, бір-бірімен араздастырып қойған жайы бар. Бұл дауды әрине, түрлі жағдайлар, басшылардың бір-біріне қарама-қайшы берген қорытындылары өршітіп тұрғаны рас.
Дегенменде бұл жағдай Жамбыл ауданы билігінің әлсіздігін, шарасыздығын да байқатып қойғандай. Шынын айтқанда, жай ғана ұсыныс ретінде жолданған хаттан осыншама дау тудырып, әлі күнге әлек болып отырғаны Жамбыл ауданының атқамінерлеріне сын болса керек. Қырық жылға жуық уақыттан бері осы биліктің қазанында әбден қайнап, әкімдік қызметтің майын ішкен, өмірлік тәжірибесі мол аудан әкімі Ерлан Қыдырәліұлы дәл осы істе әбжілдігін көрсетіп, екіге бөлінген елді біріктіре білуі керек еді. Әлде жақын күндерде бұл ауыл да, бұл дау да Тараз қаласының еншісіне өтеді деп арқаны кеңге салып жүр ме, әйтеуір, өңірдің рейтингтік көрсеткішінде үнемі алдыңғы орыннан көрініп, ерен еңбегімен маңдайы жарқырап жүретін аудан басшысының ел мақтайтын іскерлік қасиеті дәл осы дауда жарқырап көрінбеді.
Сонымен бұл дау қашан бітеді? Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне 15-наурызға дейін «Жайлы мектеп» құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешуді тапсырған болатын.
Ал Жамбылдағы осы жайлы мектептің мәселесі әл-әзір шешілетін түрі жоқ. Қалай ойлайсыз, кім кінәлі? Жергілікті билік бұл дауға қашан нүкте қояды? Осылай уақыт созып, ырың-жырың болып жүргенде бұл жайлы мектепті басқа өңірге ауыстырып жібермей ме? Қалай айтсақ та өз аяғымен келіп тұрған мектептен айырылып қалмасақ болғаны…
Жалпы алғанда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерлерде салынбақ.