Бүгінгі жастар – ертеңгі қоғамның қозғаушы күші. Өз кәсібін ашу, білім алу немесе алғашқы тұрғын үйге қол жеткізу – әрбір жас адамның арманы.
Осы орайда жеңілдетілген несие – жастардың осы армандарына жақындай түсетін үлкен мүмкіндік. Бұл бағдарлама арқылы көптеген жас азаматтар өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Мемлекет тарапынан ұсынылған қолдау – жастардың қаржылық тұрғыда нығаюына және өз болашағын құруына жол ашады.
Жастар арманын жүзеге асырғысы келсе, жеңілдетілген несиенің мүмкіндігі мол екені анық. Өйткені қаржы тәуелсіздігі – табысты болашақтың бастауы.
Кентаулық көпбалалы ана Раушан Жартыбаева мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз арманына қол жеткізді. Бала кезден тігіншілікті армандаған ол мемлекеттен берілген мүмкіндікті пайдаланып кәсібін ашқан. Алты баланың анасы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында қайтарымсыз грант жеңіп алып, тігіншілікке қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Бүгінде шағын цехында перденің түр-түрін заманауи үлгіде тігіп кәсібін дөңгелетіп отыр.
Кәсіпкер ана Раушан Жартыбаева мектеп бітіргеннен кейін бастауыш сынып мұғалімі мамандығын аяқтаған. 2023 жылы «Бизнес және перде» онлайн тігу курстарына қатысып, тігіншілікпен айналыса бастайды. Курс сабақтарынан кейін пердені қалай тігіп, қалай сатудың қыр-сырын үйренеді. Бүгінде кәсіпкердің перделеріне сұраныс артып келеді.
Ал, Түркістан облысының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің «Шардара аудандық мансап орталығы» филиалының 2024 жылдың 9 айында ілкімді жұмыстар атқарды. Тарқатып айтсақ, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы 3894 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айдың қорытындысымен 2763 адам белгіленіп, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 2241 адам болды.
Сондай-ақ, жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес, 65 жұмыссыз жандарды қысқа мерзімді оқытудан өткізу жоспарлануда. Жұмыссыздарды enbek.kz платформасында онлайн оқыту бойынша 200 адам оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 200 азамат онлайн оқуын аяқтап, жоспар толығымен орындалған.
Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау бойынша 2024 жылы 750 азаматты «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 356 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алды.
Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 81 азаматқа беру жоспарланып, маусым, тамыз айларында өткізілген 2 лек комиссия отырысының қорытындысымен 81 азамат оң қорытынды алды. Салыстырмалы түрде 2023 жылдың осы кезеңінде 3 лек қорытындысымен 78 азаматқа қайтарымсыз грант берілген болатын. Әлеуметтік жұмыс орындарына 2024 жылы 190 жұмыссыз азаматтарды жолдау жоспарланып, жылдық жоспар толық орындалды.
Сонымен қатар жастар практикасына 350 азаматты жолдау жоспарланып, 177 жас маман жолданса, қоғамдық жұмыстарға 670 азамат жоспарланып, 667 жұмыссыз жолданды. Есепті мерзімде алғашқы жұмыс орнына 90 азамат жолдау жоспарланса, 91 адам жолданып, жоспар 101 пайызға артық орындалды. Ал «Күміс жас» жобасына 105 азамат жолдау жоспарланған, 9 айда 105 адам жолданып, жоспар толығымен жүзеге асты.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бос жұмыс орындарына 1340 адамды қамту жоспарланған, қазіргі таңда 944 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отырса, электронды еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалар шеңберінде ауданда бекітілген 11 жобада 158 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып, қазіргі таңға 8 жобада 105 жұмыс орны ашылған.
Сондай-ақ, кентаулық көпбалалы әке Бекзат Жұмабаев мемлекеттік бағдарлама аясында грант алып кәсіп ашқан. Биыл қайтарымсыз қаржы алған азамат жиһаз цехына қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Кәсіптің бұл түрімен 2 жылдан бері айналысатын кәсіпкер 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде айына 700 000 теңге таза пайда табады. Тапсырыс Кентау тұрғындарынан ғана емес, түркістандықтардан да жиі түсетінін айтады.
«Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты — мұқтаж жандарға тиіп жатқаны қуантарлық. Ең бастысы, еңбек пен ниет керек. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын», — дейді кәсіпкер Бекзат Жұмабаев.
Жетісай ауданы, Асықата кентінің тұрғыны Серік Аяжан Нұрғалиқызы өз кәсібін кеңейту мақсатында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 5 000 000 теңге көлемінде несие алған. Қаржыға полиграфияға арналған құрылғы алып, қазіргі таңда жергілікті халыққа компьютерлік және полиграфиялық қызмет көрсетуде.
Жастарға арналған микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Микрокредиттерді кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.
Сондай-ақ Түлкібас ауданы Кемербастау ауылының тұрғыны Садирадин Салим Искандарұлы Түкібас аудандық мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп “С. Рахимов” жалпы орта мектебіне жастар практикасы бағдарламасына жолданған. Қазіргі таңда тиісті жұмыстарын абыроймен атқаруда.
Ал, Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Түлкібас кентінің тұрғыны Балманова Азиза 2023 жылы 35 жасқа дейінгі жастарға берілетін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып өз кәсібін жандандыруда. Ол жүк көлігін алып, зат тасымалдау арқылы жұбайы екеуі отбасылық кәсіп жасап отыр.
“Мен бұл кәсіппен айналысып жатқаныма 1 жыл болды. Отбасымызбен бірге бастаған кәсіп жайлап жүруде. Мемлекет тарапынан біз секілді жастарды қолдау мақсатында іске асып жатқан бағдарлама арқылы несие алуды жөн көрдім. 2,5 пайыздық несие бұл өте тиімді. Мемлекет тарапынан 35 жасқа дейінгі жастарды қолдап, елдің әл-ауқатын көтеру үшін жасалып жатқан мұндай бағдарламалар халыққа жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз» дейді Азиза Балманова.
Жастардың тағы бір өкілі Шәкір Ғани да 2024 жылдың тамыз айында мемлекеттік қайтарымсыз грант алған болатын. Қазіргі таңда бизнес жобасына сәйкес “Балық шаруашылығы” кәсібін өрбітіп отыр.
Сауран ауданы Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата елді мекенінің тұрғыны Қонысбай Нұрасыл Маратұлы «Газель» жүк көлігін алу мақсатында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, тірлігін тәп-тәуір дөңгелетіп отыр.
Фото: kazlenta.kz