Кездесу мақсаты — жас буынға салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бойына табандылық, жігер, мақсатқа ұмтылу сияқты қасиеттерді дарыту. Жастардың спортқа деген қызығушылығын, сонымен қатар, дүниетанымы, өзіндік көзқарасы қалыптасқан саналы азамат етіп тәрбиелеу, өз елінің дамуына үлес қосу арқылы отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Абзал Құттыбеков жастармен кездесуінде спорттағы жетістіктерге жетудің маңыздылығы мен оған жету жолындағы қажырлы еңбек жайлы айтып берді. Ол Мәскеуде өткен Әлем чемпионатында әскерилер арасында алтын медаль иегері атанған сәті мен 2023 жылы «Elorda Cup» турнирінде 86 келі салмақта чемпион болу жолындағы қиындықтарын мысалға келтірді. Абзал табысқа жету үшін табандылықтың, тәртіптің және үздіксіз еңбектенудің қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ол өз жолында көптеген қиындықтарды жеңіп, өзіне деген сенімділікті қалыптастырғанын, сол арқылы жетістікке қол жеткізгенін айтты. Сонымен қатар, ол ел намысын қорғаудың үлкен жауапкершілік екенін айтып, жастарды өз армандарына жету жолында батыл болуға және ешқашан берілмеуге үндеді.
Жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің “БАҚ пен қоғаммен байланыс” бөлімінің басшысы Қайрат Ақтөре Мейіржанұлы модераторлық етті.
“BASTAU TALKS” қоғамдық лекциясы – жастар үшін ерекше мүмкіндік. Бұл жоба әр түрлі салада жетістікке жеткен кәсіби мамандарды, талантты жастарды және белсенді қоғам қайраткерлерін жинап, жастардың білім мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Олардың өмірлік тәжірибесі мен жетістікке жету жолын жастарға үлгі ете отырып, мотивация беріп, дамыту, тың ақпарат алуға бағытталған.
Тағы бір айтары, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жеке тұлғалық даму» тақырыбында Қазығұрт ауданына қарасты «№11 колледжі” МКҚК ғимаратында жастардың қатысуымен семинар-тренинг өтті.
Мақсаты — жастардың бойында көшбасшылық қасиеттерді, алға қойған мақсаттарды жоспарлау және оған қол жеткізу, жеке дарындарды анықтау, кәсіби тұлға болып қалыптасу, шығармашылық даму, артылған сенімді ақтауға және жауапкершілікті сезінуге дағдыландыру болып табылады.
Семинар-тренингті арнайы тәжірибелі психолог Нұржан Сапарханұлы және облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Кипчакбаева Гүлнұр Бейсенқызы жүргізді. Семинар-тренинг барысында жастар жеке тұлғалық қалыптасу мен әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сыры мәселелеріне жан-жақты талдау жасады. Сонымен қатар кездесуге қатысқан белсенді жастар көшбасшылық қасиеттер туралы баяндап, спикерлерге өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түрлі сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Психолог Нұржан Сапарханұлы жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ бір мінез-құлықтық қасиеттің болуы мүмкін емес. Әр адам өзінше жеке тұлға. Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшелігі бірден дүниеге келмейді. Әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру қажет. Еңселі еліміздің болашағын жарқын ету жолында аянбай еңбек ететін көшбасшы жастарымыз көп болсын.
Кездесу соңында семинар-тренингке қатысқан жастарға сертификаттар табысталды.
Сондай-ақ, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Тұрбат ауыл округіне қарасты «Ақпарақ№1», «Ш.Қалдаяқов», атындағы жалпы білім беретін мектептерінде, балалардың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын-алу жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары негізінде кәмелетке жасы толмаған жасөспірімдер арасында ерте жүктілік пен жыныстық тиіспеушілікті болдырмаудың алдын-алу мақсатында семинар-тренингтер болып өтті.
Жиынға АПБ-нің ювенальды полиция инспекторы Нурбеков Талғат, Тұрбат ДА психологы, жастар орталығының жастар практикасы бойынша психолог маманы Кәміл Аружан, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары М.Абдуллаева қатысты.
Қыздың намысы мен ары, адамгершілігі оның оқуға, қоғамдық пайдалы істерге, отбасына, құрбы-құрдастары мен ұжымға қарым-қатынасына байланысты. Әрбір қыз балаға ата-анасын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз. Қыз баланың бойына сыпайылық, мейірбандық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді кішкентайынан бастап дарытуды халқымыз өте ежелден қолға алған. Қазақ қызы туралы елімізге белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деп пікір айтқан екен. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық.