Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан кейбір республикалық маңызы бар бағыттарда жолдардың тарлығы, қарсы бағыттағы көліктердің бетпе-бет қозғалысы, қозғалыс қарқынының шамадан тыс жоғары болуы, жол инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай келмеуі жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне тікелей себеп болып отырғанын айтып, Үкімет жетекшісіне депутаттық сауал жолдады.
Сонымен қатар, полиция органдары 41 мыңнан астам жол тексеруін жүргізіп, 90 мыңға жуық жол кемшілігін анықтаған. Жол жамылғысын тиісті деңгейде жөндеп ұстамағаны үшін 7,4 мың лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған. Бұл деректер жол сапасына қатысты мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіз екенін, ал кей жағдайларда мердігерлер мен жауапты органдардың формалды жауапкершілікпен шектеліп отырғанын көрсетеді.
— Мемлекет басшысы ерекше атап өткен Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Жезқазған, Бейнеу – Сексеуіл, Құлсары – Ақтөбе – Хромтау, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі, сондай-ақ Сарыағаш маңындағы айналма жол секілді жобалар – жай ғана жол құрылысы емес, елдің транзиттік әлеуетін күшейтетін стратегиялық нысандар. Алайда бұл жобалар сапасыз салынса, мерзімінде аяқталмаса немесе тиімді пайдаланылмаса – бюджет қаражатының ысырап болуына және азаматтардың өміріне тікелей қауіп төнуіне әкеледі. Осыған байланысты, Үкімет тарапынан жол құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына қатысты бақылауды түбегейлі күшейту, жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың нақты әрі дербес жауапкершілігін бекіту аса өзекті деп санаймыз, — дейді Ж. Әшімжан депутаттық сауалында.
Фото: naryk.kz



