Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесін жаңа оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізген. Бала күнінің жартысын мектепте өткізеді. Ол қауіпсіз ортада жүр ме? Буллингке, яғни қандай да бір қысымға ұшырамады ма? Құқығы шектелмеді ме? Міне, мектеп жасындағы бала «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі арқылы QR код қойып, қысым болып жатса, sms жібере алады. Сол sms бойынша, комиссия жағдайды зерделейді. Сол факт бойынша нақты шешім қабылданады.
— Ерте кезде бабаларымыз жорыққа аттанарда артта қалған қарттар мен бала-шағаны әйел — аналарға аманаттап, «артта сіздер бекем болсаңыздар, біздің де көңіліміз тоқ, жолымыз ашық» деп нәзік жандарға сеніп тапсыратын болған. Әрине, заман өзгеріп, қоғам алға жылжыған сайын осындай дәстүрлі құндылықтарымыздан бір мысқал ажырамауымыз тиіс, — дейді бұл жөнінде сенатор Руслан Рүстемов. — Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты жиі орын алатын зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату заманның талабы мен сұраныстарына сәйкес туындап отырғанын ұмытпауымыз қажет.
Аталған мәселе қоғамда қызу талқыланып, осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіру қажеттігі айқындалды. Барлық сарапшылардың, қоғамдық белсенділердің пікірі қабылданатын заңның басты міндеті балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылуы тиіс деген ортақ мүддеде тоғысты.
Осыған орай, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Мемлекет басшысының ұстанымы айқын: заңның үстемдігін белгілеу және заң нормалары сақталатын әділетті қоғам құру. Заң мен тәртіпті орнату оның сайлауалды бағдарламасының негізі болып табылады. Мемлекет басшысы ұсынған «заң және тәртіп» қағидаты барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек дегенді білдіреді.
Бұл принциптің өзара байланысты екі қыры бар. Біріншісі — «заң бар жерде тәртіп бар». Екіншісі — «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». Осылайша, жасалған қылмыс үшін қолданылатын жаза ғана маңызды емес, сондай-ақ, қылмыстың алдын алу да маңызды.
Ел Президенті осы жылдың қаңтар айында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», — деді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, зорлық-зомбылықты болдырмауға бағытталған отбасы институтын нығайтуды және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
Құжат Мемлекет басшысының әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті қатаңдату, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.
Фото: Azattyq-ruhy.kz