– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Жабағылы ауылында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа құс фабрикасының құрылысы басталғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл нысандар тек қана кәсіпорын емес, бұл – жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар, азық-түлік қауіпсіздігі мен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды жобалар. Жаңа фабрика болашақта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді де арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы.
Жобаға жалпы 53,7 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Кәсіпорын жылына 48 мың тоннаға дейін құс етін өндіруді көздеп отыр. Жобаға қолдау көрсету мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 5 млрд. теңге несие берілмек. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Жоба іске қосылғанда 1 200-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кәсіпорын 517,7 гектар жерде орналасады. Жоба аясында 96 құс фермасын, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехі және тоңазытқыш қоймалар салу көзделген. Жоба үш кезеңнен тұрады. І кезең 2026-2027 жылдары жүзеге асырылып, 21,9 млрд теңге инвестиция салынбақ. 550 жұмыс орны құрылып, 15 мың тонна өнім өндіру жоспарлануда. Жобаның ІІ кезеңіне (2028-2029 жж.) 15,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 325 жұмыс орны ашылмақ. Өндіріліетін өнім көлемі – 24 мың тонна. ІІІ кезең 2029-2030 жылдары жүзеге асырылып, 16 млрд теңге инвестиция салынады. 48 мың тонна өнім өндіріліп, 325 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жоба толық іске 2029-2030 жылдары қосылады.
Түркістан облысындағы тағы бір қуанышты жаңалық, Созақ ауданы, Қыземшек кентінде тұрғындар үшін заманауи кіші футбол және балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жиналған көпшілікті қуанышпен құттықтады. Аудан басшысы балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған осындай әлеуметтік нысандардың халық игілігіне қызмет етуі — аудан дамуындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Шара барысында кент ақсақалдары мен тұрғындары сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Жаңа алаңшалардың ашылуына орай ізгі тілектерін жеткізді. Айта кетейік, биылғы жылы Қыземшек кентінің өзінде 2 кіші футбол және 4 балалар ойын алаңы ашылды. Жақын күндері тағы үш воркаут алаңының пайдалануға берілуі жоспарлануда. Бұған қоса, кентке қарасты Тайқоңыр елді мекенінде де кіші футбол алаңы тұрғындарға есігін айқара ашты.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жүзеге асып жатқан бірқатар әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Алдымен жаңадан бой көтеріп жатқан 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылыс алаңында болды. Аудан басшысы жүзу бассейні, футбол, бокс және күрес залдарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға спорт жабдықтарының дұрыс орналасуы мен қауіпсіздігіне осы сәттен мән беру керектігін айтты. Одан соң аудан басшысы Жеткіншек мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылыстарымен танысты. Қазіргі таңда жеке инвесторлардың қолдауымен салынып жатқан 2 қабатты 3 тұрғын үй мен екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Нысандарда түсқағаз жапсыру, әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Фото: Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі