Ел астанасында ауа райының өзгеруі такси бағасына әсер етті. Таңертеңнен бері қала тұрғындары әлеуметтік желіде такси бағасы көтеріліп кеткенін жазып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш жағдайға елорданың көлік қызметкерлері қауымдастығындағы түсініктеме берілді.
«Бүгінде тұтынушылар такси қызметтерінің 80% — дан астамын Яндекс, DIDI, Индрайвер сияқты мобильді сервистер арқылы пайдаланады. Яғни, такси қызметін тіркеусіз жүзеге асыратын, жеке автокөлік иелерінен алады. Жеке автокөлік иелері мобильді сервистердің өздері белгілеген ережелер мен талаптарды сақтайды. Баға мобильді қызметтер орнатқан алгоритмдер арқылы жұмыс істейді. Демек таксиге тапсырыс беру бағасы, бір шақырым жол мен «минуттың құны ағымдағы сұранысқа және тапсырысты қабылдауға дайын желідегі автомобильдердің болуына байланысты коэффициенттерге көбейтіледі. Жеке автокөлік иелерінің көбі ауа райына байланысты такси қызметін көрсетуге дайын болмаған. Соның салдарынан бағаны арттыратын коэфицент үлкейеді», — деді Нұр-Cұлтан қаласы Көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.
Оның айтуынша, аязда және қарбалас кезеңдерде көбінесе осындай жағдай болады. «Иә, жеке автокөлік иелерін белгілі бір уақытта жұмыс істеуге міндеттеу және жоспарлау мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде бағаны өсіру олардың ынтасын арттыру құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Алгоритм сұраныстың артуы мен шағын жеткізілімге жауап береді. Бұл жағдай такси тасымалын ұйымдастыруда шетелдік ойыншыларға тәуелді екенімізді көрсетеді», — деп сарапшы.
Медет Құрманов такси тарифінің шарықтауына байланысты қайда шағымдануға болатынын айтты. «Астанада такси тасымалын ұйымдастырумен Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасы айналысады. Аталған мемлекеттік органға барлық сұрақтарды I-Komek арқылы немесе тікелей қоюға болады.
Сондай-ақ шағымдарды ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне жіберуге болады. Ал біздің қауымдастық тек әкімдікте тасымалдаушы ретінде тіркелген өз мүшелерінің арасында жұмыс жүргізеді. Біздің парктер негізінен нарықтың 5%-ынан аспайды. Нарықты дамыту және сервисті арттыру тұрғысынан біз бұл жерде ұсыныстарымызды қала әкімдігіне жібереміз, ол ұсыныстар әрдайым орындала бермейді» — деп түйіндеді ол.