Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Ұлытау облысындағы денсаулық сақтау жүйесіндегі қордаланған өзекті мәселелерді көтеріп, премьер-министрге сауал жолдады.
Жезқазған қаласындағы облыстық ауруханада, онкология бөлімі – небәрі 30 орын, перинаталдық орталық – 106 орынға ғана есептелген. Дәрігер мамандар тапшылығы да ұлғайып барады: мысалы, перинаталдық орталықта бар болғаны 2 анестезиолог-реаниматолог, 6 акушер — гениколог, онкология бөлімінде бар-жоғы 3 дәрігер мен 7 орта медицина қызметкері ғана жұмыс істейді.
«Аудандық, облыстық ауруханалардан сапалы медициналық көмек ала алмай Қарағанды мен Астанаға сабылып, дертіне шипа іздеген тұрғындардың жанайқайын ескеріп, батыл шешім қабылдамаса болмайды. Сайлаушылармен кездесулер барысында,әлеуметтік желілерде де тұрғындар: істемейтін КТ аппараты, медициналық құрал — жабдықтардың, дәрігерлердің жетіспеушілігі, дөрекі қарым-қатынас, тазалықтың төмендігі, дәрі-дәрмек тапшылығы, кейбір зейнет жасындағы біліксіз мамандардың білікті жас мамандарға орын босатпай отырғандығы туралы ашық айтуда. Ауылдық жерлердегі жедел жәрдем көліктерінің жоқтығы немесе әбден ескіргендігінен де халық сапалы көмекке қол жеткізе алмай отыр. Себебі, бөлінген жаңа жәрдем көліктерін әуелі қала мен аудан орталықтары алады да ауылдарға өздерінен қалған жүруге жарамсыз ескі көліктерін береді. Нәтижесінде науқастарды аудандық ауруханаға жеткізе алмай әркімге бір жалынып жүрген дәрменсіз ауыл дәргерлерін көресіз» дейді А. Әлтай.
Сондықтан халық қалаулысы Ұлытау облысында заманауи көпсалалы клиникалық орталық (онкология, перинаталдық және жедел жәрдем бағыттарымен) салу, құрылысты 2026 жылға дейін бастау екрек екенін, облыстық және аудандық ауруханаларды толық аудиттен өткізіп, қайта жаңғыртуды ұсынды.
Фото: Kazlenta.kz