«Жастар қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші екені анық. Мемлекетіміздің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жастарына деген сенімі өте жоғары. Сіздердің интелектуалдық белсенділіктеріңізді, білімге, ғылымға және спортқа деген ұмтылыстарыңызды, еңбек етуге деген талпыныстарыңызды өз басым әркез жоғары бағалаймын. Ендеше, елдің патриоты болып, мемлекетіміздің дамуына бірге атсалысуларыңызды сұраймын!» — деді Бақыт Насырханұлы.
Бүгінде 2000-нан аса мақтааралдық студенттер облыс орталығы мен өзге қалаларда, 700-ден астам студенттер шетелдерде білім алуда. Сондай-ақ Мақтаарал ауданында 989 жас білім саласында, 88 жас денсаулық сақтау саласында, 139 жас мемлекеттік қызмет саласында, 89 жас құқық қорғау органдарында, 1500-ден аса жас басқа да мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Сонымен қатар, 893 жас өз-өзін жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен айналысуда.
Биыл ауданда 109 оқушы үздік аттестатпен, 129 оқушы алтын белгімен оқу жылын аяқтап, 597 оқушымыз грант иегері атанды. Аудан оқушылары облыстық, республикалық пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінді. Мәселен, роботехника саласында оқушыларымыз көптеген жарыстардан жүлделі орындармен оралды. Бұл деген мақтааралдық жастардың заманауи білімге деген құштарлығын көрсетеді.
Мақтааралдық жастар спорт саласында да үлкен жетістіктерге жетуде. Соңғы 5 жылда осы ауданнан 2 әлем чемпионы, 7 Азия чемпионы және 58 Республика чемпионы шықты. Сондай-ақ, аз ғана бюджетпен «Мақтаарал» футбол клубымыз тарихта алғаш рет Премьер-лига ойындарында ойын көрсетіп, облыстық командалармен иық тіресе жарыстар өткізді.
Ел Тәуелсіздігінің тамырын тереңдетіп, Жаңа Қазақстанымызды іргелі мемлекетке айналдыру жолында жастардың күш-жігерлері үлкен рөлге ие. Сондықтан, жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге қабілетті болуы керек. Дені сау, санасы сергек, білім мен ғылымды, оның ішінде замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриот жастары ғана қазіргі заманда түрлі сынақтардан сүрінбей өте алады.
Жалпы елімізде жастар саясатына үлкен мән беріліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жастарға тегін жоғары білім беру бағытында гранттардың саны жыл сайын артуда. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларынан өту мерзімі 2 есе ұзартылды. Жастарды жұмыспен, баспанамен қамту сияқты мәселелерге үлкен көңіл бөлінуде. Әрине, мемлекеттің болашағы жастар десек, мұның бәрі де жастар үшін жасалып жатқаны сөзсіз.
Бүгінгі күнде Мақтаарал ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 42064 адамды, яғни аудан халқының 39,7 пайызын құрайды. Әрине, бұл — үлкен күш. Мақтаарал ауданында жастар саясатын өз деңгейінде жүргізілуде. Осы мақсатта 2024 жылдың 6 айында жастардың бойында патриоттық сезімдерін ояту, оларға салауатты өмір салтын насихаттау, талантты жастарды қолдау, рухани тәрбиелік маңызы бар мәдени шаралар мен акциялар ұйымдастыру қолға алынып, әр түрлі бағытта жалпы саны 279 іс-шара өткен.
Жастарымызды жұмыспен қамту бойынша 2,5 пайызбен кәсіпкерлік мақсатта шағын несие алу, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларына жұмыссыз жастарды тарту және NEET санатындағы жастарды азайту үшін жер жерлерде, кенттер мен елдімекендерде арнайы топ түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Сонымен қатар, ай сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өтуде.
«Өкінішке орай, 2,5 пайыз несие алуға ниетті жастарымыздың саны өте аз. Біз бұл бойынша облыста ең төменгі көрсеткіште тұрмыз. Кез келген елдің экономикасын көтеретін – бұл кәсіпкерлік саласы. Оның ішінде – өндіріс ошақтары. Бізде кәсіпкерлеріміз дүкен ашу мен сауда-саттықтан әрі аса алмай келеді. Көрші тұрған Өзбекстанға барсаңыздар, әрбір елдімекенде зауыттар, цехтар мен шағын өндіріс ошақтары өте көп. Бізде мемлекетіміз өзіңіздей жастарға көптеген жеңілдіктер, мүмкіндіктер беріп отыр. Кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар қабылданып, шағын несие берудің тетіктері қалыптасқан. Міне, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, үлкен мақсаттарға ұмтылып, өз кәсібіңізді бастау арқылы бәріңізді елдің дамуына атсалысуға шақырамын! Күні кеше аяқталған Париж олимпиадасында да өзбек ағайындарымыз жас спортшыларының арқасында 8 алтын алып, өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Әрине, сол сияқты еліміздің көк туын әлемдік додаларда желбіретіп, үлкен нәтижеге жету үшін әрбіріңізде үлкен арман, айқын мақсат және жетістікке деген табандылық, ең бастысы еңбекқорлық қасиеті болу керек» деді аудан әкімі Бақыт Асанов.
Жастарымыздың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың алдын алу үшін де жергілікті полиция, прокуратура және аудандық білім бөлімімен бірге жұмысшы топ құрылып, тұрақты түрде рейдтік шаралар, психо-профилактикалық, аутодеструктивті іс-шаралар өтіп келеді. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жастардың бойында радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында 7 кездесу, 2 іс-шара болып өтті. Аудан жастарының тура жолда жүруін және басқа діни ағымдарға ауытқымау мақсатында жергілікті теолог және білікті имамдарымен кездесулер ұйымдастырылып, арнайы видеороликтер де көрсетілді.
Еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жастарымыздың әлеуметтік жағдайы, білім мен тәрбие алуы, спортқа тартылуы және отан сүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеу бағыты назардан ешқашан тыс қалған емес. Аудан әкімінің тапсырмасымен кенттер мен ауылдық округтер, оның ішінде елдімекендер бойынша әрбір жас азаматтардың әлеуметтік картасы түзіліп, оларды белсенді ортаға қосу үшін барлық жағдайларды қарастырудамыз.
Ел Президентінің бастамасымен сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» акциясы өтуде. Әрине, қоршаған ортамызды таза ұстау, көшеттер отырғызып, көгалдандыру, тұрып жатқан үйіміздің қасбеттерін дұрыстау сияқты шараларға ең бірінші болып жастар қатысуы керек.
«Көшеде біреудің қоқыс лақтырып бара жатқанын байқасақ, қол қуыстырып қарап отырмай, сол жерде неге бұлай ластайсың деп патриоттық сезімдерін оятуымыз керек. Өйткені, туған жерімізді, табиғатымызды аялап ұстау – әрбіріміздің парызымыз!» дейді аудан басшысы ағынан жарылып.
Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең — солай иілуге әзір. Сол себептен жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге атсалысу – басты парызымыз. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Жастарымыздың бойында елжандылық, азаматтық пен адамгершілік сезімдері жан-жақты жетілгенде ғана патриоттық парасаттары асқақтай түседі. Жастарды жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жасампаз үлгісін жаңғырта беру мақсатында жаңа ғасырдағы еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыруға, мемлекетіміздің басты игілігі болып саналатын этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті қорғауға шақыру керек.
Аудан басшысы белсенді еңбегімен көзге түсіп жүрген бір топ жастарды алғыс хатымен марапаттады.
Жастар мерекесіне орай ұйымдастырылған гала-концертте Мақтаарал және Жетісай ауданының өнерпаздары, әншілері өнер көрсетті. Кештің негізгі қонағы, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Кеңес Әлімжан болды. Қазақ жастарының арасында «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Бозторғай ана», «Саған гүл алып барамын», «Жарық түн», «Ғашықпын, жаным!», «Саусағың жүзіксіз», «Күз келген жоқ» әндерімен танымал әнші қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.
Дәл осылайша Ордабасы ауданының жастары да аудан басшысы Азат Оралбаевпен кездесті. Басқосу орталық саябақта ашық аспан астында ұйымдастырылды.
Талантты жастардың өнерін тамашалап, кездесу алаңында аудан әкімі белсенді жастар тарапынан айтылған пікірлері мен жаңа бастамаларын тыңдады. Мұнан соң, Жастар ресурстық орталығының алдында мерекемен тұспа-тұс отау құрып жатқан жас отбасының заңды түрде некелері қиылып, неке қию туралы куәліктері табысталды.
Кешке орталық ашық алаңда эстрада жұлдыздарының қатысуымен “Жастар алаңы” атты гала концертпен жалғасын тапты.
“Жастар — қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін үлкен жауапкершілікке ие. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Олар қоғамның белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жастар мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады” деген аудан әкімі Азат Оралбаев өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белсенді жастарға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады.
Жастар мерекесі кешкісін орталық ашық алаңда эстарада жұлдыздарының қатысуымен “Жастар алаңы” атты гала концертпен жалғасын тапты. Жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға ауданымыздан шыққан өнерлі жастар мен танымал эстрада жұлдыздары әуелеген ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал Бәйдібек ауданында ұйымдастырылған «Жастармен бірге» шарасында түрлі салада үздік нәтиже көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген бірқатар жастар аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.
Халықаралық жастар күніне орай, жастардың сүйіп тыңдайтын әншілері Мұхтар Ханзада, Жолдасбек Әбдіхан, Али Өтенов, Шұғыла Тұрсынбай сынды танымал эстрада жұлдыздары арнайы қонақ болып, мерекенің ажарын ашты.
Фото: Қармақшы таңы