Мемлекеттік қызметке кәсіби құзыретті, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуеті жоғары, эрудициясы терең, адамгершілік қасиеттеріне бай және топта жұмыс істей алатын жігерлі жас кадрлар қажет. Жастар кадр резерві – талантты жастар үшін пәрменді әлеуметтік лифт болып табылатын алғашқы жария бастамаларының бірі. Білімді, жан-жақты, көкірек көзі ояу, саналы жас азаматтарымыздың орны ерекше. Мықты маман – мықты мемлекеттік қызметші болуы керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, республика аумағында өңірлік кадрлық резервке іріктеу жүргізіліп, жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға бағытталған сайысқа 600-ден астам адам құжат тапсырып, іріктеуден өткені белгілі.
Құрылымдық сұхбатқа қатысқан кандидаттар таңдаған салалық бағытына сәйкес дайындаған жобаларын таныстырды. Жобаның мақсатын, мазмұнын, күтілетін нәтижесін, экономикалық-әлеуметтік тиімділігін айтып, қорғады. Іріктеудің барлық сатысынан сүрінбей өткен 50-ден астам үміткердің ішінен үздік деп танылған 30 жас өңірлік резерв құрамына қабылданды.
Соның ішінде Төлеби ауданы әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы Дәулет Жұмәлі мен аудан әкімі аппараты заң бөлімінің бас инспекторы Акылбеков Қайсар өңірлік кадрлық резевке іріктеудің барлық кезеңінен өтіп, резерв құрамына алынды.
Талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыруға арналған іріктеуден өткен аудан әкімі аппаратының мамандары білімі мен біліктілігімен елге қызмет ете беретініне сенім мол.
Ал Сайрам ауданы әкімдігінің аппаратында жоғары оқу орны түлектерін мемлекеттік қызметке тарту бағытында кездесу өтті. Аталмыш басқосуға аудан әкімінің аппарат басшысы Айбек Ақылбекұлы, персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Ғани Айтқұлов және бас маман Бағлан Саятаев қатысты.
Басқосу барысында тиісті мамандар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 15-бабының 6-тармағына сәйкес, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында мемлекеттік гран иегерлеріне, (GPA балл 3,33) мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдарға осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік басшылық емес лауазымдарында конкурс өткізілместен орналасу құқығы берілгендігі туралы тәртібін түсіндірді.
Осыған байланысты, жоғарғы оқу орындарының түлектерін Сайрам ауданы әкімі аппаратына шақыру арқылы оларды мемлекеттік қызметке тарту бағытындағы тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, ниеттілер қатарынан тиісті түлектерді Қарабұлақ және Манкент ауылдық округтеріне штаттық кестедегі бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қабылдау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне келісім алуға тиісті құжаттары жолданды.
Биылғы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде жастардың инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек.
– Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы алғанда қазіргі бәсекелестік заманда білімің мен білігіңнің болуы өте маңызды. Бұл – әсіресе басшылық, оның ішінде мемлекеттік қызметте қажет қасиеттер. Кез келген мемлекеттің беделі оның мемлекеттік қызметшісіне байланысты болса, ел тізгініне ие болар келер буынның әмбебап болуы заңды.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен елімізде «Президенттік жастар кадрлық резерві» жасақталатыны белгілі. Тиімді әлеуметтік лифтіге айналған бұл жоба расында, ел дамуына үлес қосуға ниетті жастарға зор мүмкіндік беріп отыр. Оның жалғасы ретінде өңірдегі білімді, талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыру үшін кадрлық резервтер құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, еліміздің дамуына бейжай қарамайтын, жұмысына жаны ашитын адал әділетті жастарды мемлекеттік қызметке алу.
Фото: BAQ.KZ