2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен барлығы 8,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның көлемі 1 жартыжылдықта 15,5 мың шаршы метр, жыл қорытындысымен 39,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Осы орайда, 2024 жылы 60 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға берілді. Оның құны 2,5 млрд. теңгені құрайды.
Сонымен қатар, 2024 жылы құны 1,6 млрд. теңге болатын 2 тұрғын үй сатып алынып, 2025 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға пайдалануға берілді, Нақтырақ айтатын болсақ, оның ішінде: жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 24 пәтер, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға 24 пәтер, әлеуметтік осал топтарға, яғни бірінші және екінші топ мүгедектері, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасы, толық емес отбасылар, қандастар, зейнеткерлерге 60 пәтер берілді.
Жалпы алғанда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 3 343 адам тұр. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған
53 бала, әлеуметтік әлсіз топтағы 1143 адам, 1423 көп балалы отбасы және 724 мемлекеттік қызметшілер.
Енді аудандық бюджетті нақтылау барысында Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр көшесінің бойындағы көп қабатты тұрғын үйлерді ағымды жөндеуге 106,2 млн. теңге қаралып жұмыстар атқарылуда.
«Асар» жоба басталғалы 2020-2024 жылдар аралығында аудан кәсіпкерлері және ағайынның көмегімен 64 мұқтаж азамат, (яғни, 326 — отбасы мүшесі) баспаналы болды.
Ал, жақында Меркі ауданы, Жамбыл ауылында ерекше қуаныш орын алды. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл халқының ұйымшылдығы мен бауырмалдығының арқасында бой көтерген жаңа баспана өз иесін тапты. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары, жүрегі жомарт азаматтар жиналды.
Жаңа үйдің кілті – екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі Мұрат Аликулов пен оның жұбайы Гүлмира Сабденбековаға табысталды. Бұл – ауыл жұртының ауызбіршілігі мен ізгілікке толы пейілінің нақты көрінісі болды.
Аудан әкімі жүрекжарды лебізін білдіріп, игі істің басы-қасында жүрген жандарға шынайы алғысын жеткізді. Өз кезегінде ауыл биі Аманбай Бексұлтанов, ақ жаулықты аналар мен ақсақалды қариялар батасын беріп, игі дәстүрдің жалғаса беруін тіледі.
Айта кетейік, төрт бөлмелі жаңа үй заманауи талаптарға сай салынған. Іші кең, жарық, еуроүлгіде әрленген. Жиһаздары мен тұрмыстық техникасы да толық қамтылған.
Жомарт жандарға округ әкімдігі атынан арнайы алғыс хаттар табысталды. Бұл – жай ғана баспана емес, жүректен жүрекке жол тартқан мейірімнің, асардың дәстүрінің жарқын үлгісі. Осындай ізгілікті үштастырған «Асарлатып үй салу» жобасы бұдан әрі де жалғасын табады. Жыл соңына дейін ауданымызда Кеңес, Тәтті, Сарымолдаев, Ақарал және Сұрат ауылдық округтерінде де дәл осындай игі бастамалар жүзеге аспақ.