«Статистикалық көрсеткіштер алшақтығы – бұл бағыттағы жүйелі жұмысты дұрыс жоспарлауға кедергі келтіреді. Инклюзивті білім беру мамандарының жетіспеушілігі – логопед, сурдо, олиго, тифлопедагогтар өңірлер тұрмақ, Астана мен Алматы да өткір сезіледі. Баласына шипа іздеген ата-аналар бүкіл республикадан осы екі шахарға ағылады. Бұл қалаларда да мамандарды 3 айға дейін күтеді, ал кейбір жағдайларда күту уақыты бір жылға дейін жетуі мүмкін. Жалпы республика бойынша мүгедектігі бар балалардың шамамен 15%-ы мектепке дейінгі және мектептегі білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз етілмеген», — дейді Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында.
Депутат Қазақстанда инклюзивті білім беруге қол жеткізудің қиындығы мен сапасындағы проблемаларды айта келіп ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны көбейіп бара жатқандықтан оларды қолдау жөніндегі қолданыстағы ескі ережелерді қайта қарау керек екенін атап өтті.
Осы мәселелерді шешу үшін мүгедектігі бар адамдар бойынша деректерді есепке алуды автоматтандыруды, ерте диагностика жасауды енгізуді, маман даярлауды ұлғайтуды және отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуді ұсынды.
Фото: Tolqyn.kz