«Мемлекет басшысы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға үнемі баса мән беріп келеді. Осы саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру ісі де Президентіміздің тапсырмасы бойынша қолға алынды», – деді жиынды ашқан спикер Мәулен Әшімбаев.
«Қазіргі таңда елімізде мүгедектігі бар 700 мыңға жуық адам тұрады. Өкінішке қарай, жыл сайын 50 мыңнан астам азамат алғаш рет мүгедектігі бар адам деп танылады. Бұл аз көрсеткіш емес. Соның ішінде балалар арасындағы мүгедектік бізді ерекше алаңдатады. Мұның бәрі денсаулық сақтауды және аурудың алдын алуды дамыту керектігін көрсетеді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін медициналық қызметтердің және білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру шараларын да одан әрі күшейту маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Былтыр аталған заң жобасын дайындау үшін Сенат жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Оның құрамына 55 адам енді. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар бар. Жұмыс тобы елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін 500-ден астам ұсыныс әзірледі.
«Бұл құжат мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша жұмысты жүйелі түрде қолдауға арналған. Осыған орай заң жобасына оларды әлеуметтік қорғауға қатысты нақты нормалар енгізіліп отыр. Сонымен қатар денсаулық сақтау, арнаулы әлеуметтік қызметтер, білім беру бағытындағы бірқатар ұлттық заңнаманы жетілдіруді көздейді», – деді Сенат Төрағасы.
Жұмыс тобының жетекшісі, сенатор Ақмарал Әлназарованың айтуынша, заң жобасы мүмкіндігі шектеулі азаматтар күнделікті кездесетін нақты проблемаларды шешуге бағытталған.
Мысалы, бұрын мүгедектігі бар баланы шипажай-курорттарда тегін емдеу кезінде онымен бірге еріп жүретін адам жолдаманың құнын өз қаражатынан төлеуге тиіс еді. Егер еріп жүретін адамның төлейтін қаржысы болмаса, бала да шипажай-курортта тегін емделуден қағылуға мәжбүр болады. Осыған орай сенаторлар еріп жүретін адам үшін жолдама құнының 70 пайызын өтеуді ұсынып отыр. Бұл оңалту шараларының қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жыл сайын 13 мыңнан астам адамды қосымша қамтуға мүмкіндік береді.
Жұмыс тобының тағы бір нақты ұсынысы 3-топтағы мүгедектігі бар бар адамдар үшін жеке нотариустардан нотариаттық қызметтерді тегін алуға жағдай жасау. Бұдан басқа, егер есту және көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар азаматтар сот отырыстарына қатысқан кезде оларға ымдау тілін, Брайль әліпбиін білетін аудармашының қызметтерін тегін ұсыну, сондай-ақ, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарды пайдалану сияқты ережелер жазылған. Заң жобасының бастамашылары кедергісіз орта қалыптастыру үрдісін жеделдету үшін қалалық маршруттарға жолаушылар көлігін сатып алған кезде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген автобустарға басымдық беру нормасын ұсынды. Сондай-ақ бастамашылардың ұсынысына сәйкес таксопарктердегі әрбір оныншы көлік инвотакси болуға тиіс.