Елімізде табиғи монополия субъектілері коммуналдық тарифтерді өсіру бойынша өтінім бере бастады. Құзырлы орган бұл өтінімдерді 30 күннен 90 күнге дейінгі аралықта қарап, шешім қабылдайды. Тариф әр өңірде әр қалай көтерілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев “24KZ” телеарнасындағы “ТҮЙІН” бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Сондай-ақ өткен жылы өз міндеттемелерін орындамаған табиғи монополия субъектілері 14 млрд теңге қаражатты тұтынушыларға кері қайтарды. Заңнама бұзған монополистерге қатысты 535 әкімшілік іс қозғалып, 1 млрд теңге айыппұл салынды.
«Өткен жылы монополистердің заң бұзушылықтарға жол бергеніне байланысты біз 14 млрд теңге қаражатты халыққа кері қайтару жұмыстарын жүргіздік. Яғни, уақытша өтемдік тариф арқылы тарифтерді 14 млрд теңгеге түсіру жұмыстарын жүргіздік. Бұған қоса, монополистерге әкімшілік шаралар қолдану жұмыстары жүргізілді. 535 әкімшілік іс қозғалып, 1 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған табиғи монополия субъектілеріне», — дейді бұл жөнінде Нұрлан Болатбаев.
Фото: www.gov.kz



