Бірақ көп ұзамай аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Тулегеновтің және осы әкімдіктегі бірқатар мамандардың сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмысқа жол бергені туралы әңгіме бұрқ ете қалған. Бұл туралы антикор нақты ақпарат таратпағандықтан жұрт әр түрлі жорамалдар айтып, сан-саққа жүгірте бастағаны да өтірік емес. Тек бір ғана нәрсе анық, шынында С. Тулегенов аудан әкімінің міндетін атқарушы лауазымынан босатылып, орнына басқа орынбасар тағайындалды. Осыдан-ақ Мойынқұм ауданы әкімдігінде үлкен заң бұзушылықтың орын алғаны белгілі болған.
Міне, өткен аптада Мойынқұм аудандық соты осы істі қарап, үкім шығарып, даулы мәселеге нүкте қойған сияқты. Сонымен Мойынқұм аудандық әкімдігінде қандай жағдай орын алды? Және оған кімдердің қатысы бар? Соттың үкіміне көз жүгіртіп көрейік.
Бұл іске Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық сотының судьясы Д. Жолболдиева төрағалық етіп, ашық сот отырысында қылмыстық істі аудиобейнежазба құралын қолдана отырып қарады.
Сонымен Мойынқұм ауданы əкімінің орынбасары С. Тулегеновке аудан әкімінің 2024 жылғы 4 мамырдағы №11-Ж/Қ өкімі негізінде Мойынқұм ауданы əкімінің міндетін атқару жүктелген.
2024 жылдың 6 айлық қорытындысымен бюджеттің игерілуі 96 пайызды құрап, Мойынқұм ауданы əкімінің міндетін атқарушы С. Тулегенов қаржы бөлімінің басшысы Т. Адильбаевтың бюджеттік қаражатты игеру жұмыстарын өз деңгейінде атқармағаны жəне көрсеткіштері төмен екенін, одан бөлек мемлекеттік сатып алумен тығыз айналысып жүргендігін, ал бюджеттік қаражаттарды игеруге қатысты жұмыстарға мүлдем көңіл аудармай жүргенін айтып, ескерту жасаған.
Т. Адильбаев өзінің қызметіне байланысты С. Тулегеновтің тарапынан наразылық туындап жатқанын, оның қызметік міндетінен мемлекеттік сатып алуды алып тастайтындығын жəне тиісті жауапкершілікке тартылатынын түсініп, оған ақшалай пара беру қылмыстық ойы туындаған.
2024 жылғы 1 шілдеде С. Тулегенов Мойынқұм ауданы əкімдігінің экономика жəне бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е. Кеншимовты өзінің қызметтік кабинетіне шақырып, Т. Адильбаевтың жұмысына көңілі толмайтынын жəне оған жүктелген мемлекеттік сатып алу қызметтік міндеттерін соған жүктейтінін жеткізген.
2024 жылғы 2 шілде 18 сағат 03 минутта Мойынқұм ауданы əкімдігінің №64 қызметтік кабинетінде Т. Адильбаев С. Тулегеновке жалпы қамқорлығы жəне қызметтік міндетінде шектеулерге жол бермеу мақсатында сыйақы беретінін жеткізген. Өз кезегінде С. Тулегенов қызметтік өкілеттіктеріне кіретін əрекеттері үшін ақшалай қаражатты алуға ниетін білдірген.
Осылайша 2024 жылғы 2 шілдеде яғни, сол күні 18 сағат 22 минут шамасында Т. Адильбаев өзінің пайдасы үшін лауазымды адамға пара берудегі қылмыстық пиғылын ақырына дейін жеткізу мақсатында, 400 000 теңге ақша қаражатын №64 қызметтік кабинетінде соңғыға қолма-қол берген. С. Тулегенов лауазымды адам бола тұра, пара беруші Т. Адильбаевтың пайдасына жасалатын, қызметтік өкілеттіктеріне кіретін əрекеттері үшін 400 000 теңге ақша қаражаттарын алған.
Әрі қарай, Мойынқұм ауданы əкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы сотталушы Т. Адильбаев өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, жеке өзі пара алуға жоспар құрып, қылмыстық құқық бұзушылықты келесі жағдайда жасаған.
2024 жылғы 29 наурызда «Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылдық округі əкімінің аппараты» КММ Мойынқұм ауданы əкімдігінің қаржы бөліміне 2024 жылғы қарастырылған «өзге жəне жұмыстар үшін» төленетін №013 ерекшелігі негізінде жеке қаржыландыру жоспарына өзгертулер бойынша 7 553 000 теңге қарастыру туралы өтінім жолданған. 2024 жылғы 16 мамырда «Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылдық округі əкімінің аппараты» КММ басшысы Р. Тұрарқұл мен «Kaly» жеке кəсіпкер арасында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының ашық конкурс тəсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындысы негізінде 6 730 888 теңгені құрайтын «Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының көлік жолдарының асфальт жабындарының ағымдағы жөндеу» жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасалған.
2024 жылдың мамыр айының соңында «Kaly» ЖК-мен шарт бойынша Мойынқұм ауылының көлік жолдарының асфальт жабындарының ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде болған. Осы ретте Т. Адильбаев қызметтік міндеттеріне сəйкес, ауданның бюджет қаражатының толық игерілуіне жауапты тұлға болып, жеке кəсіпкер «Kaly»-дің Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының көлік жолдарының асфальт жабындарының ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жасап жатқанын біліп, жасалған жұмыстар үшін тиісті төленетін қаражаттың тапсырыс беруші – Мойынқұм ауылдық округімен берілген жеке қаржыландыру жоспарын өзгертуге өтінімдегі қаражатты қарастыруын кейінгі айларға қалдырмай, оған рұқсат беру үшін пара алу ойы туындаған.
2024 жылдың мамыр айының соңында «Мойынқұм ауданы əкімдігінің дене шынықтыру жəне спорт бөлімі» КММ-нің бас маманы А. Шубаев Мойынқұм ауданы əкімдігінің ғимаратында Т. Адильбаевпен жолығып, жеке кəсіпкер «Kaly»- дің жөндеу жұмыстарын аяқтап жатқанын, соңғы оның туысқаны екендігін жəне оған тиісті төленетін қаражатты жеке қаржыландыру жоспарына өзгертулер бойынша өтінімді қарастыру кезінде рұқсат беру туралы жəне тиісті қаражатты тездетіп аударуына ықпал етуін сұраған. Т. Адильбаев өзінің қызмет бабын пайдаланып, қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында А. Шубаевтың өтінішіне, яғни пара берушінің пайдасына жасайтын əрекеттері үшін 600 000 теңге көлемінде ақшалай қаражатты талап еткен.
Мойынқұм ауданы əкімдігінің қаржы бөлімінен қаржыландыру бойынша келісім алған соң 2024 жылғы 26 маусымда жеке кəсіпкер «Kaly»-дің есеп шотына 3 500 000 теңге ақша қаражаты аударылған, ал 2024 жылдың 2 шілдесінде қаражаттың қалған 3 231 000 теңгесін шілде айында төлеу үшін, өтінімде қаражат қараша айынан шілде айына жылжытылып Мойынқұм ауданы əкімдігінің қаржы бөлімінен келісім алған соң өтінім аудандық қазынашылыққа жолданып 2024 жылдың 5 шілдесінде жеке кəсіпкер «Kaly»-дің есеп шотына 3 230 888 теңге ақша қаражаты аударылған.
Осылайша 2024 жылғы 16 мамырдағы келісім шартқа сəйкес, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының көлік жолдарының асфальт жабындарының ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жеке кəсіпкер «Kaly»-ге 6 730 888 теңге ақша қаражаты толығымен аударылған.
2024 жылғы 11 шілдеде Т. Адильбаев қылмыстық іс əрекетін соңына дейін іске асыру жолында А. Шубаевқа алдын ала келісілген 600 000 теңге ақша қаражатын сұраған. Сол күні 18 сағат 14 минут шамасында А. Шубаев №65 қызметтік кабинетінде Т. Адильбаевқа 600 000 теңгені қолма қол берген.
Осыдан кейін Мойынқұм ауданы əкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Таңат Адильбаев ҚК-тің 367- бабы 2-бөлігі жəне 366-бабы 2-бөлігі, Мойынқұм ауданы əкімінің міндетін уақытша атқарушы (экономика жəне қаржы саласы бойынша орынбасары) Сабит Тулегенов Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366- бабы 2-бөлігі, Мойынқұм ауданы əкімдігінің дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің бас маманы Акылбай Шубаев ҚК-тің 367- бабы 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін үшеуіне де «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, сотқа берілген.
Басты сот талқылауында Т. Адильбаев, С. Тулегенов және А. Шубаев өз кінəләрін толық мойындайтынын, істеген іс-əрекетіне шынайы өкініш білдіретінін, іс бойынша дəлелдемелерді дауламайтынын, барлығымен келісетінін көрсетіп, отбасылық жағдайларына байланысты бас бостандығынан айырмауды, соттан айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұраған.
Сот қылмыстық іс құжаттары мен дəлелдемелерді зерттеу кезінде олардың кінәлары 2024 жылғы 11 шілдедегі С. Тулегеновтің қызметтік бөлмелерінде жасырын жазылған видео бейне жазбалары дискімен, А. Шубаевтың Т. Адильбаевтың қызметтік бөлмесіне кіріп-шыққан Мойынқұм ауданы əкімдігінің ғимаратындағы ADVR8032E-NLME «Digital Video Recorder» серверінен алынған видеожазбасымен және де басқа да құжаттармен толық дəлелденген.
Сонымен Мойынқұм аудандық соты мынандай үкім шығарды:
Таңат Адильбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 367-бабы 2-бөлігі жəне 366-бабы 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінəлі деп танылсын жəне мемлекеттік ұйымдарда жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, оған 8 000 000 (сегіз миллион) теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалсын.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 2-бөлігі бойынша ҚК-нің 50-бабының 2-бөлігінің талаптары қолданылып, оны мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жəне оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, оған 18 000 000 (он сегіз миллион) теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалсын.
Таңат Адильбаевтан пара нысанасының құны 600 000 (алты жүз мың) тенге мемлекет пайдасына өндірілсін.
Сабит Тулегенов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінəлі деп танылсын мемлекеттік ұйымдарда жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, оған 12 000 000 (он екі миллион) теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалсын. Сабит Тулегеновтен пара нысанасының құны 400 000 (төрт жүз мың) тенге мемлекет пайдасына өндірілсін.
Акылбай Шубаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 367-бабы 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінəлі деп танылсын жəне мемлекеттік ұйымдарда жəне квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, оған 12 000 000 (он екі миллион) теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалсын. Айыппұлды өз еркімен төлеу үшін үкім заңды күшіне енгеннен кейін 1 ай мерзім белгіленсін.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Фото: Orda.kz