«Жуықта бірқатар интернет ресурстарда (Ulysmedia.kz және «Время свободы») бұрынғы ЭКСПО-2017 Ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының экс-орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты жарияланды. Еске сала кетейін, бұл азамат кезінде елдің құқық органдары мен қазақстандық медиа «жер жарған жемқорлық шырғалаңы» деп атаған «ЭКСПО ісі» бойынша 14 жылға сотталған басқарма төрағасы Талғат Ермегияевпен бірге 4,5 жылға қамалып, шартты мерзіммен босап шыққан еді» дейді Мәжіліс депутаты Бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған сауалында.
Ресми деректер бойынша, ЭКСПО-ның құрылысына мемлекеттен 565 млрд 100 млн теңге (сол кездегі бағам бойынша 2,1 млрд доллар) бөлінген еді. «ЭКСПО ісі» бойынша осы қаражаттың (жалпы жиыны) 10 миллиард 200 млн теңгесі талан-таражға түсті деген желеумен 23 адам жазаға тартылған-ды.
«Сұхбат спикері Омаров мырза бұл жемқорлықты «саусақтан сорылған», жалған және жасанды деректер негізінде «қара жіппен көктеліп» жүргізілген іс деп, Бас прокуратура мен кезінде Қайрат Қожамжаров басқарған «Антикор» агенттігін ашық айыптайды. «Иә, ЭКСПО-да жемқорлық қылмыс болған, бірақ ол жемқорлықты Ұлттық компанияның басқармасы емес, елдің кезіндегі саяси басшылығы тағайындаған басқарма бастығының кеңесшісі жасаған» дейді сұхбаттың спикері. Сотталушылар кезінде ашық айтудан қаймыққан ол кеңесшінің аты-жөні – Айдос Есполов. Оны «анықталмаған тұлға» деп, қылмыстық істің фигуранттары қатарынан алып тастауға ықпал еткен экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов пен «Антикордың» экс-председателі.
Міне, сұхбатта айтылған басқа айыптауларды есепке алмағанда, қоғамға кеңінен тараған осы жазғыруға қатысты тиісті органдар тарапынан жауап берілуі тиіс еді. Бірақ біздің Бас прокуратура мен «Антикордың» ресми өкілдері ауыз ашпады.
Мемлекеттік күштік органдардың қызметіне көлеңке түсіретін, азаматтарға қатысты қудалау фактісі бар жекелеген қылмыстық істер «қолдан жасалады» деген айыптаудан кейін және осы іске байланысты қоғам тарапынан тиісті органдардың іс-қимылына күдік туған соң, осы сұхбатта аталған жаңа деректерді пысықтау мақсатында мен сұхбат беруші азамат Мұрат Омаровпен, оның және Талғат Ермегияевтың адвокаттарымен бірнеше кездесу өткіздім. Жалпы жиыны 500 томнан тұратын қылмыстық іс көшірмесінің негізгі моменттерімен таныстым.
«ЭКСПО ісіне» қатысты ақиқат толығымен анықталып, нақты жазықтылар жауапқа тартылып, бейкүналар ақталуы тиіс! Сондықтан осы депутаттық сауалда көтерілген және Сізге жолданған жазбаша нұсқада егжей-тегжейі көрсетілген деректер бойынша «ЭКСПО ісіне» қайтадан оралып, елдің Бас прокуроры ретінде сот үкіміне «протест» беруіңізді сұраймын!» дейді халық қалаулысы.
Фото: Liter.kz