Шара мақсаты — жастарға тәлім-тәрбие, рухани бағыт-бағдар беру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, өскелең ұрпақты белсенді және жауапты азамат етіп қалыптастыру. Сонымен қатар, дүниетанымы, өзіндік көзқарасы қалыптасқан саналы азамат етіп тәрбиелеу, өз елінің дамуына үлес қосу арқылы туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Кездесу барысында спикерлер бірқатар келелі мәселелерді қозғап, жастардың қызығушылығын тудыратын өзекті тақырыптарда әңгіме өрбітті. Кездесуден кейін қатысушылармен сұрақ-жауап алмасып, жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауаптар алды. “BASTAU Talks” жобасы – жастар үшін ерекше мүмкіндік. Бұл көптеген жетістікке жеткен білікті тұлғалардың өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жету жолын жастарға үлгі етуге бағытталған.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшы орынбасары Пердебек Сержанұлы модераторлық етті.
Жастар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі олар қоғамның болашағын қалыптастыратын жаңа буын.
Сондай-ақ, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен, “Жастармен — бір толқында” атты аудан, қаланың белсенді жастарының қатысуымен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты — жастардың өзін-өзі басқару және көшбасшылық қасиеттерін дамыту, өз қабілеттерін дамытуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға мотивация беру және табысқа жету жолында кездесетін кедергілерді қалай жеңуге болатынын үйрету. Сонымен қатар, өмірлік мақсаттарын анықтауға көмектесу және өз әлеуеттерін толық ашуға түрткі болу, армандарына жетуге деген сенімін арттыру көзделеді.
Жастармен өткен кездесуде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің “БАҚ пен қоғаммен байланыс” бөлімінің басшысы Ақтөре Мейіржанұлы модераторлық етті.
Кездесу спикерлері “Daryn.online” платформасының Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Бәйдібек Нұрланұлы, Түркістан облысы “Jastar Ruhy” жастар қанатының төрағасы Жансерік Бауыржанұлы, Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшы орынбасары Пердебек Сержанұлы, Республикалық “Жас сарбаз” әскери қозғалысының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Аружан Мақсатқызы өздерінің мазмұнды ойларымен, кәсіпкерлік пен қызмет жолындағы жетістіктерімен, жастарға қажетті пайдалы ақпараттары, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар, кездесу барысында жастарға арналған мемлекеттік жұмыспен қамту бағдардамалары, “Бастау-Бизнес”, “Тәуелсіздік ұрпақтары”, “Best startup”, “Zhas project” секілді қайтарымсыз гранттар туралы, сондай-ақ, “Серпін” бағдарламасы жайлы «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінің басшысы Дінислам Нартайұлы мәлімет берсе, облыстық жастар орталығы тарапынан жыл бойына атқарылған жұмыстар, түрлі жобалар жөнінде «Талантты жастарды қолдау» бөлімінің басшысы Бағлан Бердібекұлы таныстырды.
Еркін форматта өткізілген кездесуде жастар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша спикерлерге сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Кездесу соңында Бәйдібек Нұрланұлы өңіріміздің жастарына Момбек Әбдіәкімұлының “Күн тұтылған мезет” атты кітабының 1-2 томын сыйға тартты. Сонымен қатар Түркістан облысына қарасты аудан, қаланың мектеп бітіруші түлектеріне, яғни 50 оқушыға «Daryn.online» платформасының ҰБТ-ға дайындық курстарын тағайындау жоспарда бар екендігін жеткізді.
Тағы бір айтары, Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен ЖОО студенттері арасында “Пікірсайыс — көшбасшылар алаңы” атты Түркістан облысы әкімінің кубогіне арналған республикалық пікірсайыс турнирі өтті.
Пікірсайыс турнирінің мақсаты — жастардың ораторлық қабілетін, сөз шеберлігін, белгілі бір фактілерді зерттеуге, өз көзқарасын жүйелі түрде дәлелдеуге және бағытын дұрыс ұсынуға үйрету, еліміздегі ұлттық мереке республика күнін жоғары деңгейде атап өту. Жастар арасында аталмыш мерекенің мәні мен маңызын ұғындыру, Отанға, туған жерге деген жастардың сүйіспеншілігін арттыру.
Республикалық пікірсайыс турнирін Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшы орынбасары Пердебек Есқұлов ашып, сайысқа қатысушы пікірсайысшыларға (фракцияларға) сәттілік тіледі.
Түркістан өңірінде екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған турнирге республикамыздың әр өңірінен келген пікірсайысшылар бақ сынады. Барлық пікірсайысшылар бірінші күні іріктеу кезеңдеріне берілген тақырыптарды талқылап, турнирдің екінші күні финалдық кезеңге жолдама алу үшін өзара мықтыны анықтады. Екі күнге созылған АПФ және LD форматтарында өткен турнирге Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының пікірсайысшылары, жалпы 28 фракция қатысты.
Республикалық турнирге қатысқан пікірсайысшылар бірінші күні іріктеу кезеңдеріне берілген тақырыптар төңірегінде өз идеяларын қорғап, 1/8, 1/4, 1/2 және финалдық кезеңге жолдама алу үшін өзара мықтыны анықтады. Іріктеу кезеңінен өтіп, финалдық кезеңге жолдама алған фракциялар өздерінің ұтымды ойларымен ерекше әсер сыйлады.
Турнир нәтижесі төмендегідей:
Бас жүлде — “Кенесары” фракциясы;
Әбілқан Мейірбек, Смағұл Арайлым (Түркістан облысы) 400.000 теңге;
1 орын – “Айшуақ хан” фракциясы. Абдинасирұлы Бексұлтан, Мұратұлы Асылжан (Алматы облысы) 300.000 теңге;
2 орын – “Жәңгір хан” фракциясы. Абдулла Жанболат, Қалдибаев Рауан (Шымкент қаласы) 200.000 теңге;
3 орын – “Есім хан” фракциясы. Ералы Шұғыла, Абдихан Ақбота (Шымкент қаласы) 100.000 теңге;
“Ең үздік төреші” — Қанжігіт Сағи;
“Үздік төреші”- Төреқанов Жайдарбек;
“Ең үздік спикер” — Смағұл Арайлым (50.000 теңге);
“Үздік спикер” — Абдурашидова Мехринисо;
Республикамыздың әр өңірінен жиналған белсенді жастардың басы қосылған, жоғары деңгейде өткізілген республикалық турнир жеңімпаздарына алғыс хаттар, қаржылай сыйлықтар мен кубок табысталды.
Фото: Түркістан Жастары ресурстық орталығы