Сенатор Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалында агроөнеркәсіптік кешен мен ветеринария қызметі үшін кадрлар даярлау мәселесін көтерді.
2025 жылы ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағыты бойынша мемлекеттік гранттар саны тағы 16 пайызға азайды. Соның ішінде, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы саланың негізгі тірегі болғанына қарамастан, өсімдік шаруашылығына бөлінген гранттар — 37 пайызға, ал мал шаруашылығына бөлінген гранттар 23 пайызға кеміген.
Сенатор сондай-ақ жастардың аграрлық мамандықтарға келуіне кедергі болатын әлеуметтік факторларға да назар аударды. Аграрлық және ветеринариялық бағыттағы студенттердің стипендия мөлшері педагогикалық және медициналық мамандықтарға қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл ретте білім алушылардың көпшілігі — табысы тұрақсыз ауылдық отбасылардан шыққан жастар.
Сонымен қатар, оның айтуынша, ғылыми-зерттеу институттары университетке берілгеннен кейін ғылым, білім және өндірістің интеграциясы оң нәтиже көрсеткен. Алайда, оқу орнын дамыту бағдарламасының бекітілуінің кешігуі және сенімгерлік басқару шарттары мерзімінің шектеулі болуы бұдан былайғы дамуға қолбайлау болып отыр.
Осыған байланысты сенатор аграрлық және ветеринариялық мамандықтар бойынша гранттарды көбейту арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарауды, стипендия мөлшерін теңестіруді ұсынды.
Фото: Aqjolgazet.kz



