Бұл келісім аясында Сауран ауданында жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі жоба жүзеге асырылмақ. Оның бірі – Шаға ауылдық округінде салынатын сэндвич-панельдер өндіретін «Euro Sandwich Panel» ЖШС зауыты болса, екіншісі – Жүйнек ауылдық округінде бой көтеретін «JADO GROUP» ЖШС жиһаз фабрикасы. Сэндвич-панель зауытының құны 2,1 млрд теңгені құрап, жылына 900 мың шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы болады. 2,5 гектар аумақта салынатын бұл нысан 2025–2026 жылдары іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтиды. Ал жиһаз фабрикасының құны 1 млрд теңгені құрап, айына 1000 дана өнім өндіру жоспарланған. Аумағы 1,4 гектарды қамтитын өндіріс орны да 2025–2026 жылдары пайдалануға беріліп, 30 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынады.
Жиын барысында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында іске қосылған Шаға өндірістік алаңының жұмысы мен даму барысы қатысушылар назарына ұсынылды. Бүгінгі күнге дейін мұнда 10 ғимарат пайдалануға беріліп, 500 жаңа жұмыс орны ашылғаны айтылды. Жыл соңына дейін тағы 30 өндірістік нысан іске қосылып, қосымша 70 гектар жер бөлінгені хабарланды. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Сонымен қатар Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ, Жүйнек ауылдық округтерінде құрылып жатқан шағын өндірістік алаңдардың жай-күйі таныстырылды. Аталған ауылдық округтерден өндірістік алаңдарға жер телімдері бөлініп, кәсіпкерлерге рәсімдеу бойынша ұсыныстар берілді. Бұл қадам әр саладағы кәсіпкерлерді бір орталыққа шоғырландырып, өндіріс орындарының жұмысын жүйелі жолға қоюға және өнімдерді нарыққа бірлесе шығару мүмкіндігін арттыруды көздейді. Алдағы уақытта Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде де осындай өндірістік алаңдар салу жоспарланып отырғаны айтылды. Бүгінде бұл бағыттағы жер рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін тағы бір жағымды жаңалық, Қытайдың Бейжің қаласында өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысында еліміздегі ең ірі күн электр станцияларының бірін Түркістан облысында салу туралы келісімге қол қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Кездесу барысында электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге, дата-орталық салуға, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр қуатын өндіру жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелер қозғалды.
Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге, жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыруға ниет білдірді.
Келіссөздер нәтижесінде құны шамамен 320 млн АҚШ доллары болатын күн электр станциясы Түркістан облысының Сауран ауданында салынбақ. Жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асырылады.
Инвестиция құжаттарына және электр энергиясын сатып алу келісіміне ҚР Энергетика министрлігі мен China Energy Engineering Group компаниясы қол қойды. Келісімге қол қою салтанаты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен болатын. Бұл жобаның стратегиялық маңызын айқындай түседі.
Энергетика министрі Ерлан Әккенжанов жаңа күн электр станциясы Қазақстанның оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге үлес қосатынына тоқталып, «жасыл» энергетиканы дамыту жолындағы маңызды қадам екенін айтып өтті.
Айта кетейік, Fortune Global 500 рейтингіне кіретін халықаралық ірі компания жел, күн және жылу қуатын өндіру, ядролық энергетика, су үнемдеу мен гидроэнергетика салаларында жұмыс істейді.
Күн электр станциясының іске қосылуы еліміздің энергетикалық балансын әртараптандыруға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға және Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жолындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын бекітуге мүмкіндік береді.
Фото: BAQ.KZ