БАҚ-та тараған кредит рақымшылығын ұзарту туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.
Қазақстанда азаматтар үшін «кредиттік рақымшылықты» ұзарту жоспарланып отырғаны туралы бірқатар БАҚ-тағы жарияланымдар журналистердің «Ашық деректер» порталында орналастырылған ҚР Үкіметі қаулысының жобасын дұрыс түсіндірмеуіне негізделген және шындыққа сәйкес келмейді. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын орындау үшін «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі қаулысы қабылданғаны белгілі. Қаулымен есептен шығару мерзімі 2019 жылғы 13 желтоқсаннан кешіктірілмей белгіленген. ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту үш кезеңде жүргізілді.
Бірінші кезеңде есептен шығару 2019 жылдың қыркүйегінде 507,4 мың азаматқа жалпы сомасы 105,2 млрд теңгеге, екінші кезеңде 2019 жылғы желтоқсанда 46,9 мың азаматқа жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге жүзеге асырылды.
Жарлыққа қатысы бар адамдарды толық қамту мақсатында Министрлік 2020 жылдың сәуір айында жалпы сомасы 5,5 млрд.теңгеге 23,4 мың азаматты үшінші кезеңде есептен шығаруды жүзеге асырды.
Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың І тоқсанында нақты жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, есептен шығару мерзімін түзетуді көздейтін «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі.
Бүгінгі күні берешекті есептен шығару бойынша барлық жұмыс аяқталды және оларды қайта бастау болжанып отырған жоқ.