Алдағы уақытта зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне өзгерістер енгізілмек. Нәтижесінде тұрғын үй алудың жаңа тетіктері іске қосылады. Зейнетақы жинағының есебінен кредит пен қарыз жабудың жаңа жолдары ашылатын болады. Осы орайда экономистер соңғы өзгерістердің халыққа қандай пайдасы тиетінін Sputnik Қазақстанға түсіндірді.
Зейнетақы жинағын бірнеше мақсатта пайдалануға болады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне енгізілетін өзгерістердің жобасын талқылауға шығарған болатын. Құжат әлі заңды күшіне енбесе де, жобасы дайын тұр. Оған сәйкес алдағы уақытта зейнетақы жинағының бір бөлігін тағы бірнеше мақсатта пайдалануға рұқсат берілетін болады. Олар:
— жұмыс берушінің ақшасына сатып алынған үйдің қарызын қайтару;
— тұрғын үй жинағын толтыру;
— тұрғын үй құрылыс кооперативіне үлестік қатысу келісімшарты негізінде жарна ретінде салу;
— үйді айырбастау кезінде үстінен қосатын ақша ретінде пайдалану;
— тұрғын үй сертификаттарының ақшасын қайтару;
— ауылды жерде үйді сатып алуға немесе салуға берілген бюджеттік кредиттерді қайтару.
Сонымен қатар, зейнетақы жинағының бір бөлігі жекеменшік жер учаскесінде тұрғын үй немесе қосалқы шаруашылықтың құрылысына, жер учаскесін сатып алуға және айырбастауға беріледі деген жоспар бар.
Жаңа өзгеріс кімер үшін тиімді болмақ
GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, жаңа өзгерістер «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламаға қатысқан жас мамандарға бюджеттік кредиттерді қайтаруға мүмкіндік береді. Бүгінде осы бағдарлама аясында үйді сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген кредиттер беріліп жатқаны белгілі.
«Сосын солтүстікке көшіп барғандар бюджеттік кредитін жаба алады. Дегенмен ондай адамдар көп емес. Бұл өзгерістердің ауқымы тар, жекелеген адамдарға ғана арналып отыр. Негізі зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланатын адамдар оны баяғыда шешіп алған. Осы уақытқа дейін бір триллионнан астам қаражат пайдаланылды. Көбі үй алды, қалғаны ипотекасын жапты. Ал жаңа өзгерістер көп адамды қамтиды деп айта алмаймын», — дейді Мақсат Халық.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің есепшотына аударып, ары қарай жинай беруге де мүмкіндік берілмек. Алайда Отбасы банкінің бұған қатысты өз талаптары бар болып шықты. Атап айтқанда, есепшотқа үнемі ақша салып отыру қажет. Сыйақының мөлшері жоғары болса ғана төмен пайызбен ипотека алуға мүмкіндік бар. Ол үшін есепшотта барынша көп қаражат болуы шарт.
«Енді бұл да бір мүмкіндік, таңдаудың бір жолы. Қазір асықпай ақша жинайды да, артынан төмен пайызбен ипотека алады. Әрине, онымен тез арада баспана мәселесін шеше алмайсың. Өйткені алдымен тиісті соманы жинау қажет. 2-3 жыл кете ме, одан көп бола ма, есепшотқа салынған ақшаға байланысты», — дейді сарапшы.
Маманның сөзіне сенсек, жұмыс берушінің ақшасына үй сатып алған адамдар да көп емес. Сол себепті, зейнетақы жинағының есебінен осы ақшаны қайтаратындар қатары да аз болады. «Иә, кейбір компаниялар өз қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, білікті мамандарды ұстап қалуға тырысады. Дегенмен ондай компаниялар көп емес. Жалпы бұл өзгерістердің керемет бір әсері болмайды. Бірақ кейбір адамдардың мәселесін шешуге мүмкіндік беріледі», — дейді Мақсат Халық.
Зейнетақы жинағын пайдалану шегін түсіру керек Экономист Марат Қайырленов те жаңа ережеден айтарлықтай өзгеріс күтіп отырған жоқ. Себебі, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шегі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Ал баспанаға мұқтаж адамдардың көбі белгіленген сомадан артық ақша жинап үлгермеген. Оның үстіне соңғы жылдары халықтың табысы да төмендеп кеткен.
«Меніңше, баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын бір рет алуға мүмкіндік беру керек. Қазір пандемияға байланысты балалар қашықтан оқиды, ата-аналар да үйде отырып, жұмыс істейді. Барлығы бір-екі бөлмелі пәтерге тығылып отырады. Міне, осындайда баласы бар отбасылардың баспана мәселесі ерекше сезіледі», — дейді Қайырленов.
Сарапшының айтуынша, баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шегін төмендету керек.
«Мәселен, бала санына қарай зейнетақы жинағын пайдалану шегін 4 миллионнан 1,5-ға немесе 1 миллионға түсіруге болады. Сонда олар үйдің қарызын жауып, баспанасын кеңейте алады. Осылайша, біз кедейшілікті азайтып, адам капиталына ақша салатын едік. «Бала – біздің болашағымыз» дейміз ғой, онда сол болашағымызға ақша салайық. Ал жаңа өзгерістер көп адамды қамтып отырған жоқ», — дейді Марат Қайырленов.
Экономист зейнетақы жинағын халықтың 7 пайызы ғана пайдаланғанын еске салды. Ол баласы бар отбасылар үшін шекті межені түсірсе, осы көрсеткішті 25 пайызға дейін жеткізуге болатынын алға тартып отыр.
Осылайша, нағыз халықтық бастама іске асады, оның әлеуметтік-экономикалық нәтижесі де жоғарылайды және ең бастысы, болашаққа инвестиция саламыз дейді маман.