Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 52,3 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 47,4 мыңы оқуды аяқтады.
Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 54,2 мың адам қамтылды, оның ішінде 35,4 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.
Қызмет саласын таңдау мақсатында 183,5 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.
Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 8 941 грант берілді.
Міне, Қаратау тәжіне баланған Кентау қаласында жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Әсіресе шаһарда мемлекеттің демеуімен кәсіп ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған жастар жетерлік. Жұмыссыз азаматтарға екі қолға бір күрек тауып беретін, әлеуметтік осал топтағы жандардың, жалпы тұрғындардың табысын арттыруға сеп болып отырған көптеген жобалар жүзеге асырылуда.
Айталық, қайтарымсыз грант талай кентаулықтың тұрмысын түзеді. Олардың қатарында Раушан Жапбарова да бар. Қолынан ине мен жібі түспеген оның тігіншілікке бала күнінен икемі болды. Мектеп бітіргеннен кейін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтағанымен ол салада жұмыс істеуді жүрегі қаламаған. Тұрмыс құрып, 6 баланың анасы атанғаннан кейін «іштегі бала» – Раушанның тігінші болу арманы тыныштық бермейді. Сөйтіп 2023 жылдың күзінде бизнес және перде тігу онлайн курстарына қатысып, үйде тігу жұмыстарымен айналыса бастайды. Курс сабақтарынан кейін пердені қалай тігіп, қалай сатудың қыр-сырын үйренеді. Сүйікті ісін тереңірек меңгергеннен кейін көпбалалы ана үйде бос отырғанша тігіс тігіп, кәсіп бастағысы келеді. Мамандардан сұрастыра келе мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант конкурсына қатысады. Ағымдағы жылдың мамыр айында көпбалалы ана санатымен грант алуға өтінім беріп, биылдың бірінші легінде грант иегері атанады. Грант қаржысына керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, перденің түр-түрін заманауи үлгіде тігіп, бүгінде инстаграм әлеуметтік желісінде кәсібін дөңгелетіп отыр. «Биыл жыл басында конкурсқа қатысып, грант иегері атандым. Берілген қаражатқа ісіме қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Перде тігудің өзіндік қиындықтары да бар. Алайда бұл кәсіп өзіме ұнайды. Бүгінде әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой. Осы істі қолға алған сәттен бастап жеке парақшамды ашып, өз қызметтерімді халыққа ұсынып отырмын. Соның арқасында клиенттерім де көбейді. Перде тігуге сұраныс жоғары. Үй бикелерінің талғамына қарай кез келген пердені тіге беремін. Көпбалалы аналарға осындай мүмкіндікті беріп отырған мемлекетке алғысым шексіз»,– дейді Раушан Бақытбекқызы.
Кенді қалада жалпы кәсіп ашып, мемлекетке масылдықтан арылуға ынталы жандардың карасы қалың. Солардың бірі – көпбалалы ана Диара Рүстемова. Мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып жүрген келіншек кәсіп бастауға ниет етеді. Орталық мамандарына тың жоба ұсынып, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алады. Бүгінде өз ісін ашып, жеке кәсіппен айналысып отырған кәсіпкердің жобасы «Литок бар» деп аталады. Яғни түрлі жемістерден дәмі тіл үйіретін шырын сусындар әзірлейді. Әзірге үй жағдайында жасайды. Келешекте цех ашып, өндірісін кеңейтпек ниетте. «Қазір компот, лимонад, мохито, морс деген 4 түрлі сусын шығарамыз. Барлығы санитарлық талаптарға сай. Ауылда шырындарға сұраныс үлкен, қаладан да дистрибьюторлар келіп жатыр. Табиғи өнімнің мерзімі 10 күн. Енді кәсібімді кеңейту мақсатында цех ашсам деген жоспарым бар»,– дейді Диара.
Ал қала тұрғыны Жандос Қуатбеков іс бастамас бұрын нарықты толық зерттеп шығып, түрлі кір жуатын ұнтақтар мен сұйықтық шығаруды қолға алады. Технологиясын интернеттен көріп, шетелге барып үйреніп келген. Қазіргі таңда шығарып жатқан отандық өнімі бәсекеге қабілетті. Бағасын нарыққа қарай икемдеп отырады. «Алғашқыда аталған тұрмыстық-химиялық заттардың жасалу технологиясын интернеттен оқып, алты айдай уақыт толық зерттеп шықтым. Онлайн үйрендім. Кейіннен Ташкент қаласына барып осы кәсіпті арнайы оқып келдім. Қазір отандық өнім ретінде тауарларым нарыққа шықты. Сапасы жақсы, лицензиясы бар. Өнімдерге 11 түрлі шикізатты қолданып жатырмын»,– дейді кәсіп иесі. Жандос мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты өткен жылы алған. Қаржыға қажетті станоктар сатып алған. Шикізатты Иран мен Қытайдан тасымалдайды, өндіріс сапасы арнайы лабораторияларда тексерістен өткен. Жандос табысты кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар керемет өнертапқыш азамат. Ол қазір елімізде көп қолданылып жүрген «Бестемше» ұлттық ойыны авторының бірі. Балаларға арналған ойынның ерекшелігі өте көп. Тастары аз, жүріс тактикасы оңай. Классикасы 1 сағат ойнайтын болса, бұл ойын 5-10 минутта бітеді. 50 құмалақ болады. Ең негізгісі – баланың ойлау қабілетін арттырады. «Қазіргі балалар шыдамсыз ғой. Бір орында отыра алмайды. Ал бұл жеті минутта бітеді. Балалар ауысып-ауысып ойнайды», дейді ол. Өнертапқыш енді асық ойынының «Тектұрмас», «Қоздату» деген ұмыт болып бара жатқан түрін құрастырып жатыр екен. Ол мұның болашақ ұрпақтың есепке жүйрік әрі ойлау қабілетінің ұшқыр болуына көмектесетінін айтады. Осылайша қайтарымсыз грант жұмыссыз азаматтарды бір қадам жасау арқылы кәсіпкерге айналдыруда. Ол үшін сізде ынта мен жігер және бизнес идеяңыз болса жеткілікті.
Жалпы Кентау қаласында жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес мақсатында ұлттық жобаларды ел ішінде насихаттау, түсіндіру шаралары мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылып тұрады.
Кентау қалалық «Мансап» орталығы мамандарының айтуынша, қала бойынша жыл басынан бері «Ұлттық жоба» шеңберінде – 5, мүгедектігі бар азаматтар үшін – 3, пробация есебінде тұрғандар үшін – 3, алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында – 1, білім саласы бойынша – 2, жоғары және арнаулы орта орындары үшін – 2, яғни барлығы 14 жәрмеңке ұйымдастырылған. Салаға жауаптылардың мәлімдеуінше, өткізілген жәрмеңкелер нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар ішінен 2 адам өнеркәсіп саласына, ауылшаруашылық саласына – 3, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласына – 4, білім саласына – 4, денсаулық саласына – 4, қызмет көрсету саласына – 6, басқа жұмыстарға 15 адам жұмысқа жолданған.
Фото: Ақмешіт жастары