Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар медициналық сақтандыру төлемінің құны өспек. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан хабарлады. Бұл өсім басқа көрсеткіштер сияқты, ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты. Есептеулерге сүйенсек, жалдамалы қызметкер үшін жұмыс беруші оның жалақысының 3%-ын төлейді, бірақ ол 18 000 теңгеден аспайды.
Жұмыскерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер өздері үшін табысының 2%-ын, бірақ 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және өз бетінше жұмыс істейтін тұлғалар 4 200 теңге белгіленген сомасын төлейді.
Бірыңғай жиынтық төлем қалалық аймақта үш мың теңгеге дейін, ауыл тұрғындары үшін – бір жарым мың теңгеге дейін өседі. Өз бетінше төлейтіндер ЕТЖ-нің 5%-ын немесе 3000 теңге төлейтін болады. Мемлекеттік бюджеттен 15 жеңілдігі бар санаттар ға төлем жасауды жалғастырады, бұл 11 млн-нан астам адам. Әр адамға айына үш жарым мыңнан астам теңге салынады.