Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, таңғы сағат 04:30-да су беті мен жағалау жолағы көзбен шолып тексерілген. Сонымен қатар бұл аумақ дрондар (ұшқышсыз ұшу аппараттары) көмегімен әуеден барланған.
«Іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында жағалаудың оңтүстік бөлігі, сондай-ақ, жерүсті тексерілді. Іздестіру аймағы секторларға бөлініп, су айдынына 13 жүзу құралы жұмылдырылып, су түбін зерттеуге арналған арнайы техникалық жабдықтар қолданылып жатыр», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар операция жүріп жатқан аймаққа басқа өңірлерден қосымша күштер мен техника жеткізілген. Атап айтқанда, Қонаев қаласынан іздеу жасағы, ал Ақтау қаласынан A-400 әскери-көлік ұшағымен жеке құрам мен техника жіберілген. Олардың құрамында сүңгуір құрал-жабдықтары, эхолоттар, қайық және катер бар. Бұл жабдықтар су қоймасының қолжетімсіз учаскелерін зерттеуге арналған.
«Іздеу жұмыстарына қосымша тағы бес әскери бөлімнің күштері мен құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Іздеу барысында тікұшақтың фрагменттері табылды. Қазіргі уақытта олардың нақты сәйкестігі анықталып жатыр. Операция күрделі гидрографиялық жағдайда өтіп жатыр», — деп мәлімдеді ведомство.
Соған қарамастан, барлық жұмылдырылған бөлімшелер өздеріне жүктелген міндеттерді барынша дәлдікпен және үйлесімді орындап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 25 шілдесінде Алматы облысында жоспарлы ұшу кезінде Қарулы Күштердің Әуе қорғаныс күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен болатын.
Фото: NUR.KZ