Жастардың жұмыссыз жүрмей, кәсіппен айналысқаны кімді де болсын қуантады. Шардара ауданының ең жас кәсіпкері дерлік Раушан Үзденбаева адалдық бар жерде істің берекесі болатынын бала кезден біліп өскен жан.
Иә, адам бірінші өзіне, отбасына, Отанына адал болу керек. Тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, қарапайым кәсіпкерлердің де адалдық танытуы маңызды. Сол кезде олардың сапалы қызмет, жұрттың көңілінен шығатын жақсы мәміле жасауы немесе өнімді жақсы сапада, адам денсаулығына зиян әкелмейтін түрде өндіруі бірінші қатарда тұрған міндет болып саналады. Ондай жандар Шардара ауданында жетерлік. Олар жақсы өнімдер шығарып, жұрттың ықыласына бөленіп жүр. Сапалы зат жасаған соң ол өнімдерін адамдар қызыға сатып алады. Тіпті ауданның өзін былай қойып, сыртқа тауар шығарып жатқан кәсіпкерлер де баршылық.
Сондай жанның бірі – Раушан Үзденбаева бір жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Яғни, ауданның ең жас бизнес өкілі десек те болады. Фирмасы «Раушан құрттар әлемі» деп аталады. Кәсіпкерлікті 1 млн 476 мың теңге грант ұтып алып, бастаған. Бизнес дегенде аты айтып тұрғандай айран-сүттен түрлі құрт, ірімшік, брынза, чечел секілді өнімдер жасайды. Кәсіпкер келіншектің айтуынша, грант қаражатына айран-сүт өңдейтін аппараттар сатып алған. Сондай аппараттың бірі – бірнеше минут ішінде айранды пісіп май түсіретін электр қуатымен жұмыс істейтін күбі. Мұның алдында күбі пісу үшін жарты сағат уақытын жоғалтатын. Көп жұмыс қолмен жасалғандықтан күндіз тынбай еңбек етіп, кешке қатты шаршайтын. Ал бұл электрлі күбі май шайқағанға жақсы болды. Әп-сәтте айраннан май түсіріп береді. Ол үшін 2 шелек айран мен бір шелек су қажет. Электрлі күбі Түркия елінің өнімі. Сол жерден арнайы тапсырыспен сатып алған. Егер грант қаражаты болмағанда бұл аппаратты сатып алуға шамасы келмес еді. Электрлі күбінің күштілігі соншалық оған айран құйып шелекті жуып болғанша мына жақта май пісіп дайын тұрады екен. Сол үшін мемлекет ұсынған осындай қолдауларға жас кәсіпкер өте риза. Гранттық конкурсқа қатысу үшін бизнес жобасын әзірлеп, байқауда жеңімпаз атанып, бүгінде аудандағы кәсіпкерлер қатарының санын көбейтіп отыр. Осы ретте жас кәсіпкер мұндай гранттық қолдаулар көптеген енді іс бастаған бизнес өкілдерінің белін буып жолын ашқанын айтады.
Осы кәсіпті бастамай тұрып Р. Үзденбаева мақта өңдеу зауытында еңбек еткен. Бірақ табиғатынан іскерлікке жаны құмар жастың осы кәсіпті бастауына себепкер болған үйдегі балалардың құртты жақсы көруі мен күн сайын жиналып қалатын айран-сүттің молдығы еді. Кейде сол айрандар шарасымен ашып кетіп жатты. Енді соларды бір кәдеге жаратудың амалын қарастырып, құрт жасау ісіне кіріседі. Құрттарды да дәстүрлі дөңгелек пішінде емес, әртүрлі формада жасайды. Соның ішінде «Бөрте құрт» дегені бар. Тұтынушылар оның дәмін жоғары бағалауда. Сонымен бірге майдың тортасын сатады. Ол тура ірімшікке ұқсайды. Кәсіпкер келіншек құртқа түрлі-түсті дәмдеуіштер қосып, сан-алуан түске боялған түрін жасап шығарады.
Жас кәсіпкердің бұл өнімдері тек Қазақстан емес, шетелге де экспортталып жатыр. Инстаграм желісіндегі парақшасы арқылы жарнамаланып, сонау Біріккен Араб Әмірліктері мен Оңтүстік Кореядан тапсырыстар беретіндер бар екен. Мәселен, ысталған құртты ай сайын Оңтүстік Кореяға жіберіп отыр. Арнайы өкілдері келіп өздері үйден алып кетеді. Сол секілді Дубайға да құрт жібереді. Газ саласында қызмет атқаратын мекеме басшысы бір рет кәсіпкер келіншектен құртыңыз керемет екен деп 35 келісін сатып әкетіпті. Одан бөлек өнер адамдары, сахнада ән салып жүрген небір эстарада жұлдыздары да инстаграммнан «Раушан құрттар әлемін» тауып алып, сол жерде тапсырыс беріп жатады.
Кәсіпкер Раушан Үзденбаева Шардараның Нәлібай деген құмында туып-өскен. Бала кезінен осындай құрт-май жасауға қызыққан екен. Бойында икемі болғандықтан қабілет пен талабы бәрібір қоймай ақырында осы кәсіпке алып келді. «Раушан құрттар әлемі» фирмасы айына мыңдаған құрт жасайды. Оған шикізатты қайдан алады деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға кәсіпкер былай деп жауап берді: «Біздің аймақта Бақытжан Серманизов дейтін ірі кәсіпкер бар. Соның үлкен фазендасында ірі қара мал бағылады. Солармен жасалған келісімшартқа сай кәсіпкер шикізатты, яғни айран-сүтті үйге жеткізіп тастайды. Агроқұрылымның сиырларының сүті суалғанша шикізатты солардан аламыз, ол таусылған соң ауылдың қара малы бар басқа азаматтарынан жинаймыз. Үйде осы тірліктің бәрін жалғыз өзім атқарамын. Кішкентай бөпем бар. Оған қартайған анам қарайды. Оның бар тірлігі сол бала қарау. Қалған жұмысты бір өзім істеймін. Күйеуім өңірдегі үлкен Қызылқұм мақта өңдеу зауытында жұмысшы болып еңбек етеді. Бес түрлі өнім шығарамын. Табыстың басы құралып, пайдасын бере бастады».
Кәсіпкер келіншектің айтуынша, алдағы уақытта бизнес саласын кеңейту жоспарда бар. Бұл жолы бір жарым миллион теңгенің грантын ұтты, енді келешекте тағы да конкурсқа түсіп бес миллион теңгенің грантын ұтсам ба деген ойда жүр. Егер бұл қаражатқа қол жеткізсе, басқа да қондырғылар сатып алып, өндіріс ауқымын бұдан да үлкейте түспек. Соның ішінде ең бірінші қолға алатын ісі – фирмалық дүкен ашу болып тұр. Ол жерде «Раушан құрттар әлемі» өндірген барлық тағам түрлері сатылатын болады. Ол кейін өсе келе дүкендер желісіне айналып, тіпті республиканың өзге аймақтарын да қамтуы мүмкін. Осы кәсіпкерлік саласын яғни айран-сүттен түрлі өнімдер жасау ісін зерттеп келе жатқанына бір жылдың жүзіне жуықтапты. Өз кезегінде «Раушан құрттар әлемінің» жұртқа танылуына әлеуметтік желі көп көмегін тигізген. Маркетингтік дамуға әлеуметтік желінің қазір жәрдемі үлкен болып тұр. Кәсіпкерлер осы күнде әлеуметтік желіден бір-бір парақшасын ашып, сол жерден өнімдерін жарнамалап отырады. Осы тәсілді жас кәсіпкер де қолданып, үлкен нәтижелерге қол жеткізген. Сол арқылы бүкіл әлемге танылды десек қателеспейміз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, оның құрттарын осы күнде Дубай мен Оңтүстік Корея жұрты сатып алып жатыр. Шағын ғана аймақтан шыққан отандық өнім үшін бұл өте үлкен жетістік саналады.
Айтқандай кәсіпкер келіншек тағы бір маркетингтік әдіс қолданады. Ол қандай десеңіз, құрттардың түсін жасыл, қызыл басқа да бояуларға аспаздық дәмдеуіш арқылы бояп, балалардың қызығушылығын оятты. Анау түрлі-түсті құртты көрген бала түсіне, пішініне қызығып жеп қояды екен. Егер бұрынғы ақ түсте, дөңгелек пішінде болса балалардың оны құмарта жеуі неғайбыл еді. Сонымен бірге Раушанның құрттары ваккумды пакетке оралған. Ол өнімді өте ұзақ уақытқа сақтауға мүмкіндік береді. Осындай ваккумды қаптамадағы құрттар, мәселен жылдар бойы сақталып тұра береді. Ағарған өнімдердің ішінде «бөрте құрттың» дәмі тіл үйіреді, жегенде кәдімгі сүттің дәмі келеді екен. Кәсіпкер келіншектің шаңырағы айына 3-4 келіден аса құрт жейді. Бір мәрте құртты көп істеп қойып, артығын инстаграм желісіне салған. Өнімі сол заматта өтіп кеткен. Кейін тағы да артық істеп салып, шетінен сата бастаған. Осылайша ағарғаннан түрлі өнімдер жасап шығару идеясы келіпті. Кәсіпкер 20 литрден яғни екі шелек сүттен 1 келі сары май алатынын, сүттің бағасын сонымен шығарып отырғанын, соның арқасында құрт оған таза пайда боп келетінін айтады.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылу үстінде. Соның бірі жоғарыда атап өткеніміздей бизнес идеясы бар жандарға грант беру ісі. Осы қолдау арқылы бүгінде қаншама адам жұмысбасты болып, айналасындағы жандарды да еңбекпен қамтып отыр. Ең бастысы «Раушан құрттар әлемі» секілді ауданның атын шығарып, экономикасын өсіруге өз үлесін қосып келеді.
Фото: Дзен