Осылай деген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аппараттық кеңесте өткен 7 айда кеткен кемшіліктерді көрсетіп, облыстық кәсіпкерлік және және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты.
Ал, кемшілік жіберген әкімдердің барлығы дерлік «9 айдың қорытындысы бойынша жоспарды орындаймыз, кемшілікті түзейміз» деп уәдені үйіп-төгіп беріп кетті. Тек Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков қана жоспарды орындай алмайтынын ашық мойындады. Жалпы алғанда жиында 5 аудан мен Тараз қаласының көрсеткіштері сөз болды.
Мысалы, Жамбыл ауданында өнеркәсіп көлемі 20,5 пайызға, көтерме сауда 49,9 пайызға төмендеген. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша мұның басты себебі – Амангелді мұнай зауытының өнімі төмендеген. «Қазір 6 мың тонна мұнай келді. Өнімді қайта өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 9 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер қайта қалпына келеді» деп ақталды аудан әкімі.
Жуалы ауданы бойынша да өнеркәсіп көлемі өткен жылмен салыстырғанда 78,5 пайыз, инвестиция көлемі 91,8 пайызды құрап отыр. Яғни, көрсеткіштер төмендеген.
Жалғас Мұртаза, Жуалы ауданының әкімі:
— Жуалы ауданындағы өнеркәсіп көлемінің 50 пайызын құрайтын «Бурный сүт компаниясы» алты айда 1600 тонна өнім берді. Былтырғы жылы 1400 тонна болатын. 7 айдың қорытындысы бойынша өнім көлемі аздап кеміп отыр. Дегенменде 8-9 айдың қорытындысы бойынша олар көрсеткішті көтеретін болады. Аудандағы 8 шағын цехтың есебі тоқсан сайын қабылданады. 9 айдың және жылдық қорытынды бойынша жоспарды экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы көрсеткендей қалыптастырғалы отырмыз. Инвестиция бойынша айтар болсам, ауданда жекелеген кәсіпкерлік нысандардың қабылдау актісі дайын болмауына байланысты 7 айда үлгермедік, 8-9 айларда және жылдық қорытынды бойынша бұл көрсеткіштерді 103 пайызға орындаймыз.
Сондай-ақ, Сарысу ауданы бойынша да өнеркәсіп өнімінің көлемі 14,1 пайызға, инвестиция көлемі 30,4 пайызға төмендеп отыр.
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі:
— Өнеркәсіп көлемінің төмендеуі «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының өнімдеріне сұраныстың болмауына байланысты. Биыл бұл зауыт Ауылшаруашылығы министрлігімен 500 мың тонна өнімді өткізуге келісім-шартқа отырған болатын. Бүгінгі күні министрлік 85 мың тонна ғана өнім алып отыр.
Әбілхайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
— Үкімет басшысының тапсырмасы бар. Бүкіл облыс «Қазфосфаттың» арнайы есеп-шотына қаржы салады. Жамбыл облысы 500 млн теңге қойған. Дәл осылайша Солтүстік Қазақстан 4 млрд теңгесін аударады. Осының есебінен «Қазфосфат» барлық облысқа тыңайтқыш жеткізеді. Қаржы аудару енді басталды.
Т. Рысқұлов ауданында инвестиция көлемі 28,6 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 43,4 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр.
Ернар Есіркепов, Т. Рысқұлов ауданының әкімі:
— 7 айдың қортындысы бойынша аудандағы негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 4,6 млрд теңгені құраған. 2020 жылдан бері қарай Луговой рельс дәнекерлеу зауытының теміржолға салған инвестициялық есептілігі алынып келген болатын. Былтырғы жылдан бастап прокуратураның наразылығы бойынша енді бұл қосылып отырған жоқ. Яғни, біздің ауданның инвестициясының 70 пайызын осы кәсіпорын құрайтын. Енді инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында 2,5 млрд теңгені құрайтын 7 шағын жоба қолға алынып, ол 80 пайыз аяқталды. Дегенменде бұлар жеке кәсіпкерлер мен жеке шаруашылық болғандықтан қабылдап алу құжаттары рәсімделмей есепке енгізілмейді екен. Жыл соңына дейін толық есепке алынатын болады. Одан бөлек 17 млрд теңгені құрайтын 20 орта және ірі жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жобалардың 50 пайызы жыл соңына дейін толық іске қосылатын болады. Қытайлық 3 компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оның біреуі тері, жүн өңдеу саласы, екіншісі — су электр стансасы, үшіншісі — ауылшаруашылығы техникаларын құрастыру бойынша. Құрылыс саласы бойынша айтар болсам, биыл ауданда 6,4 млрд теңгені құрайтын 24 жоба қалға алынып отыр. Белгілі себептерге байланысты қаржыландыру мәселесі шілде айында ғана шешімін тапты. 9 айдың қорытындысымен құрылыс мәселесінде толық шығатын боламыз.
Тараз қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 пайызға төмендеп отыр.
Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:
— Тараз қаласында осы өнеркәсіп өнімінің көлемінен басқа салалардың бәрінде оң динамика қалыптасқан. Өнеркәсіп көлемі 94 пайызды құрап отыр. Оның ішінде өңдеу көлемі 81,3 пайыз. Мұның себебі — екі кәсіпорынның жұмысының тоқтауына байланысты. Жыл соңына дейін белгіленген межеге жетеміз.
Шу ауданы бойынша құрылыс жұмыстары 26,5 пайызға төмендеген. Не себепті көрсеткіштер орындалмады?
Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі:
— Бұл «Қазақмыс» компаниясының жаңа кен байыту зауытына байланысты орын алып отыр. Соңғы 3 жылда 100 млрд теңгеге жуық қаржы салған болатын. Биылғы жылы бұл межеміз тек 63-пен 70 пайыздың арасында орындалады деп отырмыз. Былтырғы жылдың базасы жоғары болуына байланысты межеге жете алмаймыз.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
— Өнеркәсіп өнімінің көлемі, ауылшаруашылығы, бөлшек және көтерме сауда, құрылыс жұмыстарының көлемі экономиканың негізгі құраушы көрсеткіштері. Өнеркәсіп, инвестиция, сауда салаларына жетекшілік ететін кәсіпкерлік басқармасының жұмысын көріп отырғаным жоқ. «Келесі айда болады, қыркүйек айында болады» дейсіздер… Жұмысты қазірден бастаңыздар. Аудан әкімдерімен бірлесіп әрбір кәсіпорынның басына барып, мәселелерін зерттеп, шешу жолдарына ықпал ету керек. Ай сайынғы есептерді жинап қана отырудың қажеті жоқ. Жұмысты жандандыру қажет. 9 айдың қорытындысы бойынша нақты шешім қабылдайтын боламыз.
… Аппараттық кеңесте 7 айдағы кемшіліктер ашық айтылғанымен облыс басшысы кінәлі аудан-қала әкімдеріне қаһарын төгіп, сілкілеп алған жоқ. Бастарынан сипап, жай сипай қамшылап қоя салған сияқты ғана боп көрінді.
Ербол Қарашөкеевтің де осы қызметіне кіріскеніне бір жыл толып жатыр. Бір жыл ішінде бір ғана әкімді қызметінен босатқан Қарашөкеевтің өзі де жұмысты ширатып, кемшілік жіберген басшыларға қатаңдық танытатын кезі әбден жеткен сияқты.
Фото: GOV.KZ